Мұхтар ШЕРІМ. "Мистер Мұхтар!" театры қоржынынан. СОҚЫР

 

Тез арада үйленгім келді! Сосын аялдамаға келдім де, қара көзілдірік киіп отырған сұлу бір қызды көре салып, «қысқа тұйықталған махаббатпен өртеніп», досым екеуміз ала қаштық. Машинамызға күштеп отырғызып... Үйдің ауласына кірген сәттен шешем:
–Айналайын, келінжан, қош келдің! – деп жылай келген жас келіннің бетінен сүйді.
–Күйеуге тигенің құтты болсын, абысын! –деп жеңгем жылап отырған қыздың басына орамал жапқаны сол, анау басынан жұлып алып, лақтырып тастағаны.
– Тимеймін! Тимеймін дедім ғой! 
–Тимесең тиме ештеңеге. Бүлдіріп жүрерсің. Ашуыңды бас айналайын! –деп бәйек болды шешеміз.
–Мені де қайнағаң алып қашып келген. Ұшақпен. «Амал который» тидік, мына енемізге басымызды идік, –деп қалды жеңгем.
–Мен орамал тартпаймын. 
– Қарындас, енді не тартасың? –деп сұрады досым еңкейіп.
–Темекі тартамын.
–Мә, мұрныңды құрт жеп бара жатса... –деп бір тал темекі ұсындым. 
–Әшейін айтамын! Мені апарып тастаңдар!
–Жылап ал айналайын жыла. Тырқылдап күліп отырсаң тағы жараспайды, –деген шешеме қарасам, маған жыны келіп тұрған сияқты.
–Менің таяғым қайда? –деген зағип қыз орынан тұрып, екі қолын соза жүрді. Тіпті, болашақ енесіне соғысып та қалды. 
–Мен қуаныштымын! –деді сосын менің басымды сипалап, мұрнымнан тартып тұрып, – Мен соқыр қызбын. Бірақ сенің жүрегің мені қалады ма? Шын жүректен зағип қызды ұнатасың ба? Айтшы?
Мына сөзді естігенде, шешемнің шашы ирелеңдеп кеткендей болды. Менің де мәз болып тұрғаным шамалы. Зағип екенін қалай байқамағанбыз, а? Бәсе, қасында таяғы жатыр еді...
–Әй, сен кімді алып қашып келгенсің? –деп сұрады шешем.
–Ой, апа, жүретін қызым жезөкше болып кетіпті. Сосын...
–Немене сосын?
–Сосын Айконаға ерегісіп, танымайтын бір қызды алып қаша салайық деп шештік.
Қайдан білейін соқыр екенін? Аялдамада әдеміі қыз отыр екен...
–Өле қал! Сотталып кетпей тұрғаныңда, апарып тастаңдар! 
–Өләәә, құдайы берсек, соқыр келініңіз тамақ та таси алмайды ғой? –деп қалды жеңгем.
–Сен қыстырылмай–ақ қойшы! –деді шешем.
–Апа, қолына бес мың теңге беріңіз, балмұздақ алып жесін...
Шешем аларып қарап еді, келіні ернін жымқырды.
–Мен ешқайда кетпеймін, –деді бір кезде қыз.
– Ойбай! Жаңа ғана «жіберіңдер, кетемін!» деп жылап отыр едің ғой? –деп сұрады шешем.
–Ырымын жасап жатқаным сол.
–Қарындас, тәлпіштене берме! Сонда мен соқыр саған үйленуім керек пе? –дедім мен қалшылдап.
–Сен соқыр емессің. Бірақ көкірек көзің соқыр!
– Кетші–ей!
Досым екеуміз сүйрей жөнелдік. Қыз кері шегініп әлек. Жеңгем мен шешем қосыла сүйресе де табандап тұрып алғаны! Бір кезде қыз босанып кетіп, екі қолын созып жүріп, жерде жатқан орамалды тауып алды. Сөйтті де басына жамылып отыра кетті. 
–Хабаршы жібермейсіңдер ме? Қағаз әкеліңіздер, «Өз еркіммен қашып кеттім!» деп жазып беремін! –дейді. Жарылғалы тұрмын...
– Ойбай! Мен үйленбеймін саған!
–Бірте-бірте бауыр басып кетеміз...
–Ойбай–ай, ойбай, қайдан ғана қатын аламын деп ала қашып едім? Жүрейін енді соқырымды жетектеп, өмір бойы! Жоқ! Мен саған өліп кетсем де үйленбеймін! Досым, сен үйлене салшы а?
–Қой–е? Соқыр қызға үйленгенше, керең қызға үйленгендер бақытты ғой! Ұрысып қалғаныңда « аузыңды жыбырлата бермеші!» деп кетіп қалады, –деп досым да ат–тонын ала қашты.
–Мені мазақтамаңдар! Көздері көріп жүрсе де, өздеріне қараңғы жасап алып, адасып жүрген жастар бар! Мен осы үйден кетпеймін!
–Әй балам, неғып тұрсыңдар? Апарып тастаңдар! –деп бұйырды шешем.
–Қуыс үйден құр шықпасын деп, бір көйлек кигізіп жіберсек қайтеді? –дейді жеңгем. Бәріміз қызды сүйреп, сыртқа шығара алмадық, Енді жақындасақ, қытықтай береді, қытықтай береді.
–Қатырады–ей, –деп сөйлеп жүр өзі, –Алып қашты ма, үйленсін! Осы қыз алып қашу дәстүр де, салт та емес. Бірақ біздің оңтүстікте әлі бар. Адам құқын бұзу ғой? Әлсіздерді қорлау ғой? Адам ұрлау ғой! Қырғызстанда да солай! Сонда нағашыларым тұрады. Кеше Біріккен ұлттар ұйымында Қырғызстандағы қыз алып қашудың қылмысқа айналып кеткенін сынады! Жоқ, мен ерегіскенде, бұл үйден кетпеймін! 
Мәссааған! Мына зағип қыз «қуып» кетті, кім соқыр өзі, айтыңдаршы ағайын?

 

 


Бөлісу: