Мұхтар ШЕРІМ. МЕН НЕ ІСТЕМЕДІМ?
блог
Бір күні аяғым талтайып, аузым аңқайып, шалқамнан түсіп, теледидар көріп жатыр едім, жүгіртпе жолдарға көзімнің «сүрініп» кеткені... Оқи бастадым, мәссаған! «Облыс әкімі қызметіне жұмысқа қабылдаймыз. Дипломның қажеті шамалы, маңғаз, кісі болмаса болғаны, халықпен тіл табыса алатын, базардағы бағаларды реттей салатын, босқа базар араламайтындарды шақырамыз!» Шалқамнан түстім! Шалқамнан жатыр едім ғой, орнымнан әдейі тұрып, өзімнен ұят болмасын деген оймен шалқамнан түстім!
Содан салып ұрып, облыс әкімдігі ғимаратына барайын! «Әкім боламын! Әкім болғым келеді!» деген бір адамды көрсемші? Тым –тырыс! Астанадан келген комиссия мүшелері мен төрағасы мені қуана қарсы алды! Қуанғанымнан қабырғаларымды қытыр-қытыр қасып қойып, сұрақтарына жауап беріп жатырмын. Айлығым бір миллион, төрт жүз мың теңге, сегіз тиын екен! Құдайым-ай, қуаныштан жүрегім тоқтап қалмаса еді...
–Халықты жақсы көресіз бе, өзіңізді жақсы көресіз бе?–деп сұрады төраға.
–Халқым менің! –деп жылап жібере жаздадым, –бірақ бұрын әкім болып қызмет етіп көрмеген едім. Қалай болар екен?
–Оңай жұмыс! Базар аралайсыз, жаңадан ашылған ғимараттардың лентасын қайта-қайта екі-үш реттен қиясыз...
Сөйтіп, мен облыс әкімі болдым! Рахат! Тамыр-таныстың, жоғарыда билік дәлізінде дандайсып жүрген көкеңнің де керегі жоқ екен! Демократия! Ғажайып өмір! Содан, бір күні үйде шалқамнан түсіп, теледидар көріп жатыр едім, жүгіртпе жолдарға көзім «жабысып» қалды. Қарасам: «Қорғаныс минстрі қызметіне жалынып-жалпайып шақырамыз! Айлығы 2 миллион теңге!» деген хабарландыруды оқыдым. Орнымнан тұрып, шалқамнан түстім. Астанаға ұшып келдім. Келсем бір адам жоқ, министр болайын, елдегі әскери былықтың көзін құртайын, мұндағы жемқорлықты тұздайын деген. Амал жоқ, министр бола салдым. Жұмыссыз жүрген жылдарым жайына қалды! Қорғаныс министрі болу оңай екен. Екі қолымды жүрек тұсыма қойып, жұдырығымды түйіп, үнемі қорғанып жүремін. Болды! Содан, шалқамнан түсіп, кабинетімде теледидар көріп жатыр едім... «Премьер- министр қызметіне адам іздейміз!» деген жүгіртпе жолдарды оқыдым. Айлығы үш миллион теңге екен! Ал елдегі төменгі табыс 24 мың теңге ғана! Рахат қой! Бір адам үкімет басшысы болайын демейді. Жауапкершіліктен қорқады. Айлығын санауға ерінеді. «Тышпаған төбем қалмады ғой, бұл жерге де...» –деп, не керек қызметке кірісіп кеттім. Оңай екен. Әшейін, ұрсып отырасың министрлерге. Боқтамасаң болды. Үкімет басшылары ауысқанымен, халықтың жағдайы бұрынғыша, мәз емес. Осыны түсінсем де, шырт түкіріп, шіреніп жүрмін. Шалқамнан түсіп, теледидар көріп жатыр едім... Мәссаған! Бас прокурор, жоғарғы сот төрағасы, ақпарат министрі қызметі орындарына... Жүгіртпе жолдарды оқып отырып, жынданып кете жаздадым! Бәріне үлгергім келеді! Мен не істемедім десеңші? Енді прокурор болғым да келеді! Сот болғым келеді! Жарайды, бүгін үкімет отырысын өткіземін де, ауылыма кетемін! Апам шақырып жатыр! «Көз тиіп» кетеді дейді...