Мұхтар ШЕРІМ. МЕН ӘЛІ ҚЫЗБЫН...
блог
Бір күні табиғи шырша мен жасанды шырша кездесіп қалды.
– Привет, таудың жабайы Шыршагүлі! Есінеп отырсың ба, ентігіп отырсың ба, қабағың түсіп кетіпті ғой? -деп сұрады жасанды шырша мың бұралып.
– Сәлеметсіз бе? Сізді танымадым?
– Жасанды шыршамын ғой. Қолдан ұрықтандырылған, ой, кешіріңіз, қолдан жасалған. Атым – Елкабике. Өзің неғып жатырсың, түбіңнен шабылып?
– Өлетін шығармын... Біздің қорықтың бастығы бір мектепке мені сыйға тартыпты. Қазір әкетеді.
– Е, сендердің күндерің әлдеқашан біткен. «Модыдан» қалғансыңдар. Қазір Қазақстан бізге қарайды. Жаңа жылдары бізсіз өтпейді... Бір жағы сендерді кесіп, мерекелік шырша етпегендері де жақсы. Ертеңіне-ақ қайтыс болып кетесіңдер. Просто, обал сендерге, жаным ашиды... Ал, біз деген... Біз, ойхой шіркін, мәңгі өлмейміз! Өйткені, жасандымыз! Біз мықтымыз! – деген жасанды шырша ойыншықтарын сылдырлатып, диотты шамдарын жағып, табиғаттағы құрбысына қасын кере қарады.
– Сендер мақтаншақсыңдар! Адамдар да мақтаншақ! Мақтаншақ шенеуніктер жыл сайын ысырапшылдыққа жол береді.
– Сен абайлап сөйле! Адамдардың қызығын көре алмайсың ба? Ал, онда тұрған не бар? Шенеуніктер өз қалтасынан төлеп жатқан жоқ, қазынаның қаражатына шырша сатып алады. Соны да сөз етіп... Көре алмай тұрсың ғой, ә?
– Кешір, Елкабике... Былтыр Петропавл әкімдігі елден ерекшеленеміз, бәрі бізге тамсанып, сілекейлері ағатын болады деп, жалпы құны 13 миллионнан асатын 4 бірдей светодиодты шырша сатып алды. 60 мың светодиодты бір мезетте жарқыратып, ЛЭД экраны арқылы түрлі құттықтаулар жазылатын, ең басты шыршаның өзі ғана 9 миллион теңге тұрады екен! Ал, қайран қазақ контейнерде тұрып жатыр, балалары күрк-күрк жөтеліп... Халық шыршалардың тым жасанды болып кеткенін айтып отыр. Сөздерінше ескі болса да, бұрынғы шыршамыз табиғи әрі әсерлі көрінетін еді дейді...
– О, албасты! Қара мұны! Сен өзің бәлеқор қатын екенсің ғой!
– Кешіріңіз, мен әлі қызбын... Күйеуге енді шыққалы тұрғанымда, қырқып әкетті...