Мұхтар ШЕРІМ. МАХАББАТҚА САНКЦИЯ
блог
Махаббат деген– вирус. Ол тез жұғады. Жаныңды ауыртпайды, тек рахатқа бөлейді. Мәселен, мен Ресейлікпін. Түбім қазақ болғанымен, Ресейде туылған қазақпын.
Бір күні мен де адамдар сияқты махаббат вирусын жұқтырып алдым. Наташаға да менен махаббат вирусы оңбай жұғып, екеуміз бір –бірімізге өлердей ғашық болдық. Біздің махаббат кеденінде (Таможня) үлкен кеңістік болатын. Бір–бірімізге емін–еркін өтіп, ешқандай махаббат құжаттарын рәсімдемей–ақ, құшақтаса кететінбіз...
–Наташа! Мен сені газға тұншығып өлгенше, баға қымбаттап, аштан қатып қалғанша сүйіп өтемін! –дедім мен.
–Сиқымбай, сен менің махаббаттағы демократиямсың! Жаным менің! –дейді Наташа да үздігіп.
Содан бір күні Наташаға «Кешке кездесейік!» деп СМС хат жіберсем, «бармаймын!» дейді. Ойбай, не болып қалды тағы? Үйіне барсам, әшейінде орыстарға тән жылылықпен қарсы алушы еді, түстері сібір таңындай суық. Наташам шықты көшеге.
–Не болды? Махаббатымыз «ауырып» қалды ма? Махаббатымыз өшті ме? –деп сұрадым шыдай алмай.
–Естімедің бе не? Махаббатқа санкция салынды ғой?
–Немене?
–Махаббат санкциясы...
–Түсінбедім? Кімдер салды? Әке–шешең бе?
–Америка.
–Біздің махаббатқа Американың қандай қатысы бар? Біз газ, біз мұнай емеспіз...
–Сириядағы соғыста АҚШ пен Ресейдің «анти махаббаты» бұрынғыдан да күшейді ме? Күшейді. Кремль Сириядағы соғыста әскери–ғарыштық қаруларын қолданып, Вашингтонға қыр көрсетті ме? Көрсетті. Америка да қарап қалған жоқ. Иранға, Ресейге, Солтүстік Кореяға қарсы санкциялар тізімін жасады ма? Жасады.
–Саясаттың махаббатқа қатысы қанша деймін?
–Сол санкциялар тізімінде махаббат та бар.
–Ия?
–Бұдан былай бір–бірімізді құшақтай алмаймыз. Құшақтауға өліп бара жатсақ, теріс қарап тұрысып құшақтасуымыз керек. Оның керегі не? Сүйісу үшін Африкадан анықтама керек. Үйленуге де рұхсат жоқ.
–Сонда қалай? Бүкіл Ресей жастары үйлене алмайды ма?
–Жоқ. Тек бизнесмендердің балаларына санкция салды. Балалары махаббат отын жақса, олардың Америкадағы бизнесі өшеді...
–Енді?
–Папам айтады, Америкаға кетіңдер деп...
–Америкада махаббат демократиясы бар ма?
–Бар дейді...
Біз махаббатымызды газ жалынындай алаулатып, сезімімізді жалаулатып, Америка астық.
Сөйтсек, қызықтың көкесі осы жақта екен. Ресей тарапы да Америкаға махаббат санкциясын жариялапты. Әр қадамың– ақша! Бір–біріне жымыңдау бір доллар, сүйісу –80 мың доллар, құшақтау– қырық мың доллар, кездесу– 50 мың доллар, махаббат сөздерін арнау– алпыс мың доллар, интим– жүз мың доллар, балалы болу– 150 мың доллар, бірге жату ғана тегін.
Дәл қазір мен Наташамен бірге жатырмын... Тегін ғой. Жәй, жымыңдасамыз. Арзан болған соң. Бірақ одан келер не қызық болсын? О, халықаралық махаббат!