Мұхтар ШЕРІМ. МАХАББАТ КЕДЕНІ КЕРЕК ПЕ?



Қазақ жігітіне енді енді еңкейіп, есім кетіп, күйеуге тиейін, ата–анасына басымды иейін деп жүргенмін. Бір сайттан «2011– ден 2015–ші жылға дейін бес мың қазақ қызы шетел жігіттерімен қашып кетті сөйтіп, шаңдатып, шекарадан асып кетті, ал, 2016 жылдың өзінде 6687 аралас неке тіркеліп, оның 300–дейі қытайлықтарға тиіп алыпты...» деген дені дұрыс емес хабарламаны оқыдым да, ойым он саққа жүгіріп, қиялым Қытай асып кетті. 
Менің де шетелдік миллионер байым болса, оным аспандағы айым болса, ертегілер елінде жүріп өтсем, өмір– бақи ыржалақтап, күліп өтсем деген оймен бір қытайлық жігітпен таныстым. Танысқаным сол, супер желім болып жабыстым. Бірақ, бір қызымыз дүниеге келе салысымен махаббатымыз өшіп қалды, бақа–шаян етін жегім келмеді де, ажырасып кеттік. Ол мені жүгіріп келіп бір тепкенде, зуылдап отырып, Үндістан топырағына ыңқ ете қалдым. Ыңқылдап жатып үндістан жігітіне ғашық болып, тап сол жерде үйлендік. Бір жыл өткенде Ганди есімді қызымыз дүниеге келді. Қытайдағы қызымды алдыртайын десем, қызым сол елдің азаматшасы саналып, экс күйеуімнің қасында қалады екен... Біздің елде рахат қой, байларынан ажырасқандар алты баласын шұбырта әкетіп, алимент өндіріп алады. Содан не керек, бір күні қатты жел тұрды да, үндістандағы махаббатым лап ете өшіп қалды. Қызымды берместен, күйеуім қуып шықты. Жылап–еңіреп жүріп, солтүстік Кореядағы Ым–Шым деген кәріспен көңіл қосып... Одан екі бала тудым. Бірақ елдің президенді ән айтуға, түнгі клубтарда шарап ішуге тиым салған екен, «Отанымды сағындым, неге солай қағындым?» деп ыңылдап отырғанымда, полицейлер ұстап алып, шекардан лақтырып жіберді. Доптай домалап жатыр едім, украйналық жігітке тап болдым. Миллионер екен. Қуанып кетіп, одан да бір бала туып алдым. Бірақ күйеуім сол елдің азаматтығын алған Саакашвили деген грузин бастаған шеруге қатысамын деп, атылып өлді... Сол елдің президенті Порошенко баламды алып қалып, өзімді сирағымнан ұстап, әуелете–әуелете шыр айналдырып, Америкаға қарай лақтырып жіберді. Тура Америка президенті Трамп көфе ішіп отырған үйге топ ете түстім. Трамптан төрт бала туайын деп ойлап үлгергенімше, бір баай негр маған ғашық болып... Үйі қандай, күйі қандай керемет! Ертегі! Оған өзінен де қап–қара бала туып беріп, рахаттанып жүргенімде, бұрынғы әйелі келіп бетімді тырнап, нағыз татуйровка салып берді. Балама қарамай қаштым, Араб елдеріне қарай. Онда да жолым болмай, енді туайын деп жүргенімде ұшаққа отырғызып, парашютпен лақтырып жібергені... Ұшып келемін, ұшып келемін, жүрегім айнып, құсып келемін... Африканың белгісіз бір тайпасына түстім ғой деймін, жапырақ жабыстырған жалаңаштар ұстап алып, алдымен қақтап жейін деді де, кейін айнып қалды. Сұлууу едім ғой. Көсемі ғашық болып, мұрнымды сорды. Ғашық болғаны екен. Шашымды тақырлатып алдырып, жапырақпың жасыл суын жақты ма, мойныма жиырма шақты сақина салды ма, кіндігіме әлдебір желімді толтырып тастады ма, құдай–ай, салт–дәстүрлерінен шаршап кеттім! Киімдерімді өртеп жіберіп, жапырақ бере салды... Тегін... Бүгінде күркеде күрк–күрк жөтеліп, әр елдегі балаларымды сағынып жатырмын! Ажырассаң, балаларыңды бермейтіні жаман екен! Мұндай махаббат кеденінің керегі не? Тсс, әне көсем күйеуім келе жатыр. Қазір аяғымен басымды сипайды, мұнысы жақсы көргенінің белгісі екен. Құрып кетсін, бүйтіп жақсы көргені! Қайдасың, қазақ жігіті?!
 


Бөлісу: