Мұхтар ШЕРІМ. КЕЛІНШЕГІМ КЕТІП ҚАЛДЫ...
блог
Таңертең ырылдап, ой, кешіліріңіз пырылдап ұйықтап жатқанмын. Тұрсам, келіншегім кетіп қалыпты. Дүкенге емес, төркініне. Бір параққа айбақ–сайбақ етіп хабарлама жазыпты: «Сүмелек! Енді мені ұмыт! Шыдамның да шегі бар! Қызыңды да ұмытарсың! Пока! Сәлеммен Малың.» «Покасы» несі? Қайтып келетін болғаны ғой? «Малың» дейді. Екеуміз болмашыға ұрысып қалғанымызда мен «Мал!» деп, ол: «Сүмелек!» деп мазақтасатынбыз.
Жүрегімді жүн басып, біреу тызылдаған арқамды қасып кеткендей болды. Артынан арсалаңдап бармадым. Бір ай өтті, екі ай, үш ай... Тілі былдырлап шығып келе жатқан қызымды, шынымды айтсам, әйелім екеуміз ұрысқан күндерді де сағына бастадым. Күрсінумен күн, өзімді–өзім құшақтаумен түн өтті. Ұялы телефонына қоңырау шалсам: «Оның телефоны жанып кеткен немесе басқа байға тиіп кеткен» деген дауысты хабарлама шығады да тұрады. СМС–пен хабар жібердім: «Жаным, малым, кешір мені. Қызымыз үшін кешір мені. Не үшін ұрысқанымыз да есімнен шығып кетіпті, үйге келші... Күн сайын жұмыртқа қуырып жей–жей, күпті болып кеттім... Күтемін сені!». Одан хабар түсті: «Сүмелегім! Қатынсыз қалай екен а? Сауап болыпты! Не, төркінімнің әдіресін ұмытып қалғансың ба?»
Ойбуу, менің келуімді күтіп отыр екен–ау! Үйленгенімізге үш жыл болды, осы үш жыл ішінде үш жүз рет төркініне қашып кетіп, үш жүз рет алып келдім ғой! Неге ұмытайын! Содан базардан келінгшегіме арнап бір тал гүл сатып алып, Газельмен қайын жұртыма зымырайын. Алдымнан кішкентай ботақаным, әкесінен аумай қалған қызым жүгіріп шықты. Сағынып қалыппын, көзімнен жас шығып кетті. Қарасам, енем тұр қасымда. Қызы қайтып келгенде кері қуып жіберуіне болады ғой, сонда да болса ұят санап, құшақтап жатырмын. Қарасам, қасымда қайын атам тұр еңкілдеп. Оны да құшақтап жыладым. Қарасам, қасымда қара сиыр тұр. Оны да құшақтап... Құшақтап тұрсам, қарасан келгір бір тал гүлімді жеп қойыпты! Енді бір қарасам, келіншегімді құшақтап тұрмын. Шәй ішіп отырмыз. «Неге ұрысып қалдыңдар осы?» деп сұрайды енем. Келіншегім есіне түсірді, сөйтсем, мен мазақтап тілімді шығарыппын. Бар болғаны сол. Үйге үшеу болып қайттық. Кешкі шәй үстінде ойнап, тілімді шығардым. Келіншеігм үндеген жоқ. Бірақ таңертең тұрсам, келіншегіп кетіп қалыпты!