Мұхтар ШЕРІМ. КӘНЦЕРТ ІШІНДЕГІ КӘНЦЕРТ немесе әншілерге әзіл
блог
Кәнцертте отырмыз. Бала–шағамызбен. «Дөрекібек Мәзболғанұлының кәнцерті қаламызда өтеді екен» деген күннен бастап, әйелім миымды мипалау етіп жіберген еді. Міне, кәнцертте отырмыз. Әлі басталған жоқ. Жыным келіп, бетімді шапалақпен шарт еткізе ұрып жіберіп едім, жұрт жапа –тармағай шапалақ ұрды. Ия, шапалақ ұрдық. Қайта–қайта. Әлі жоқ. Жыным келіп, екінші бетімді шапалақпен ұрып жіберіп едім, халық қайта–қайта қол шапалақтады. Бір кезде барып, керіліп, кісі болып, әншіміз сахнаға шықты да:
–Неменеге келдіңдер? –деп сұрады. Жым–жыртпыз.
–Сендерді кім шақырды? –деп сұрады Дөрекібек тағы да. Бұл жолы халық шулап кетті.
–Мына әнші не дейді?
–Неге кетеді екенбіз? Ән айтсаңшы!
–Халықтың арқасында байып алып. Көрер едім, етікші болсаң...
–Өзбектер сияқты мұндайларды елден қуып тастау керек!
–Заң қайда, заң? Өнер туралы заң?
–Ән айтсаңшы, Ән!
Дөрекібек микрофонды жеп қоярдай талтайып тұр. Тыңдармандарын аяп тұрған жоқ. Жан–жағына менсінбей қарайды. «Ұлы дала баласы ғой...» Бір кезде ұрыса жөнелді:
–«Еріккен сарт есеп шығарады» деген. Неменеге жетісіп келдіңдер а? Үйлеріңдеее отырмайсыңдар ма? Бәрі қымбат заманда... Кәнцерт десе өледі екенсіңдер! Одан да музейге барыңдар! Неге музейге бармайсыңдар, а? Кітапханаларға ше? Менің кәнцертіме жетіп келіпті ғой. Түк көрмегендер десе! Мен тойдым, енді секіріп тұрмын. Ал, неғыласыңдар, кәнсерт бермеймін! Мешітке бармайсыңдар, даусы бар, даусы жоқ әншілердің кәнцертіне жетіп келесіңдер! Жалаңаш әнші қыздарды құрметтейсіңдер! Намазды құрметтемейсіңдер... Ал, мешітке барып, садақа баруді ойламайсыңдар да!» деп... Деп ақыл айтып тұрған жоқпын, просто, ана бір ақсақалды айтамын да... маған ақыл айтады өзінше! Көке, сізге айтып отырмын! Жоқ әлде, мен сіздерге "оттың басы, ошақтың қасы", үйдегі проблемаларымды айтып жатырмын ба, ағайын, а? Болмаса сізге «басымда мынанша кредитім бар еді» деп жатырмын ба? Риза емессіз бе, мархабат, тұрыңыз да, шығып кетіңіз ағайын! Өйтіп ренжуіңіз өте орынсыз көке. Ешкім еріккеннен жүрген жоқ."Еріккен сарт... құлағын уқалай береді" деген. Осымен кәнсертіміз аяқталды, келесі кездескенше!
Зал толы халық ду қол шапалақтады! Сөйтсек, кәнцертке емес, «Кәнцерт ішіндегі кәнцерт» деген спектакльге келіппіз ғой! Қалай шатасып кеткенбіз, а?