Мұхтар ШЕРІМ. ЖҰМЫС ІЗДЕМЕЙМІН!

   Екі қолға бір күрек деген өтірік қой деймін? Сынған күрек те таба алмай қойдым ғой! Қай мекемеге барсам да, алдымен ақша сұрайды. Ақшам болса, жұмыс іздеп нем бар?

  «Бала–шағамды қалай асырасам екен?» – деп сары уайымға салынеееп келе жатсам,  көше жиегінде сары әмиан жатыр! Бүйірі бұлтиып. Ішін ашып қарасам, бір миллион теңге! Зәрем қалмады. Өйткені арамдық жасай алмайтын әдетім бар. «Егесін қалай тапсам екен?» – деп ойланып тұрғанымда, бір келіншек алақ–жұлақ етіп көше жиегін көзімен сүзіп кетіп барады екен.

–Көлеңкеңізді жоғалттыңыз ба? –деп сұрадым.

–Ой, мама! Бір миллион жоғалттым! Енді қайттім? Сөмкемнен түсіп қалыпты!

  Мен  сұлу келіншекке әмианын көрсетіп едім, қуанған байғұс мені құшақтай алды! Өмірімде бірінші рет бөтен әйел құшақтап тұр! Қандай сұлу келіншек десеңізші! Блондинка! Онымен қоймай, бетімнен, ернімнен, желкемнен, иегімнің астынан сүйе бастағанда, қытығым келіп кетті тегі. Тауып бергенім үшін «алмаймын!» десем де, жүз мың теңге тастап кетті. Жүз мың! Содан он күн өткенде, өмірімізде бірінші рет бала–шағаммен қымбат кафеге кіріп, тамақтанып отырмыз. Светке, суға, газға қарыздарымызды төлеп тастағанбыз. Бала-шағам  киініп алған, әйелім жылы гамаж, әдемі көйлек, орамал сатып алды! Бір кезде қарасам, менің аяғымның астында еркектер ұстайтын шағын сөмке жатыр! Барсет дейтін бе еді? Еңкейіп алып, ішін ашсам, тола доллар! Әйелімнің көздері жайнап кетті.

–Үйге қашайық! –дейді.

–Қашқаны несі? Егесін табайық, сорлап қалған! Ардан безбейік! –деймін мен.  Былай шыға қарасам, барсеттің ішінде иесінің ұялы телефонға ақша төлегендегі түбіртегі тұр екен.

–Жаным, алтын сырға алайыншы, өзіңе «Тайота» сатып алсаңшы! –деп қоймайды әйелім. Дереу түбіртектегі телефон нөмірімен хабарластым. Ол жетіп келді! Еңгезердей бизнесмен екен, осында кафеде тамақтанғанын, барсетін ұмытып кеткенін айтып, құшақтай алды! Өмірімде бірінші рет еркектің құшағында тұрмын! Бауырларым да жоқ, таза жетім өскен сорлы едім, еміреніп, жылағым келді. Дегенмен, сұлу келіншектің құшақтап сүйгеніне жетпейді екен... Анау «Ойпырмай, халал адамдар да бар екен–ау?» – деп бес миллион теңгесінің екі жүз мыңын тастап кетті. Алғым келмесе де... Содан келіншегім маған не айтты дейсіз ғой? «Жаным, жұмыс іздемей–ақ қойшы, осы жұмыс та жетеді!» –дейді. Орыстардың «Ищу работу!» – деген жарнамасын ұмытқым келіп–ақ тұр. Бірақ бұл дегенің тұрақты жұмыс емес қой? Жүдә жолым болғыш екен, одан кейін де бес жүз мың теңгені иесіне қайтарып бердім. Бірақ ол ұятсыз неме екен, соқыр тиын да ұстатпады, ұялы телефоныма  жүз теңгеге бірлік құйып бергені болмаса... Мұнысына да шүкір. Тағы бірде бір миллион екі жүз мың тауып алдым! Миллионер әйел екен, мені құшақтап тұрып алды. Жібермейді. Рахметін айтып, жүз елу мың теңгесін тастап кетті. Тапқышбек болып алдым! Жұмыс іздеп әуре болмаймын. Осы «жұмысым» өзіме жүдә жайлы. Таң атпай «жұмысқа» кетіп, кешке ораламын. «Кім не жоғалтты екен?» деп аңдумен жүремін.  Бір жылдың ішінде екі жүз елу миллион жоғалған ақшаны иелеріне табыстьап отырдым! Рахат! Жұмыс іздемеймін!  Бірақ үкіметтің, министрліктер мен әкімдіктердің жоғалтқан ақшаларын еш таба алмай жүрмін... Таба алмайтын да шығармын? Айтпақшы, сіз миллион теңге жоғалтқан жоқсыз ба?  

 



Бөлісу: