Әйелім екеуміз тар төсекте тыпыршымай, тыныш жатырмыз... Өйткені, оның да, менің де қолымызда смартфон, әлеуметтік желідегі, ашығын айтсақ, «Фейсбукке» деген махаббатымыз маздап жатыр.
Бір кезде менің жекеме хат келіп, сыңғыр еткен дауыс шықты. Қарасам, суреті жоқ бір қыз: «Ағай, танысайықшы?» деп мессенджерге жазыпты. Дереу: «Давай!» – деп жазып жібердім.
–Атыңыз кім, ағай?
–Абай.
–Жаныңызда кім бар?
–Қатын.
–Сіз кімсіз?
–Ақын.
Әйелім смартфонына теріс қарап жатып үңілді де, бұрылмастан:
–Не көріп жатырсың? –деп сұрады.
–Қытайдағы қазақтар туралы... –деп өтіріктен өрік жей салдым, –жаман қысым көрсетіп жатыр екен ғой? Оңбағандар десе! Қандастарымызды болмашы нәрсеге бола соттап жатыр. Өзің не көріп жатырсың, жаным?
–Тортты қалай жеу туралы...
Бір кезде жекеме:
–Мен сіздің суретіңізді көріп, ғашық болдым, –деген мәтінде хат келді.
–Мен де сізді көруге асық болдым! –деп жазып жатырмын.
–Ағай?
–Әу?
–Маған арнап өлең шығарыңызшы?
–Атың кім сенің?
–Баян.
–Фәмілең?
–Бұрын Есентаева, қазір Алагөзова...
Селк ете қалдым! Осы бір продюссер апайды күйеуін соттатып жібергені үшін, ашық-шашық жүргені үшін, қазақ тілін шала білетіні үшін, өз өмірін өзгелерге үлгі өткені үшін, аса қадірлей қойматын едім. Жүрегім зу ете қалды. Байғұс Алагөзов мен үшін сотталып кетеді ме деп...
–Қумашы, шынымен Баянсың ба?
–Жоға, «движение» жасап жатқаным ғо... Менің атым– Айда.
–Мына тірлігің жай ма?
–Қалайсыз, махаббатым сізге сай ма?
–Айтшы жаным, саған керегі бай ма?
–Ағай...
–Менің атым Абай!
–Ағай...
–Не, не, не?
–Бетіңізден бір сүйейінші?
–Қайтер екен десем? Құрып кет әрі! Сонда әлеуметтік желі арқылы қалай сүймекшісің? Әлде, смайлик жібересің бе?
Бір кезде әйелім маған қалай аударыла жатып, бетімнен, ернімнен шөпілдете сүйе берді, сүйе берді...