Мұхтар ШЕРІМ. ИТТЕРДІ ҚҰРМЕТТЕЙІК!
блог
Біреу иттік жасаса: «Ит адам екенсіз ғой!» –деп ренжіп жатамыз. «Өй, тауық екенсің ғой?» демейді. Солай десек те, ит– жеті қазынаның бірі. Ит туралы мақал– мәтелдер жүдә көп. «Бір ит көріп үреді, бір ит еріп үреді...» , «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне», «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деп кете береді. Ал тарихты иіскесек, мешін және тауық жылына қарағанда, ит жылы халыққа жайлы, берері майлы, бәрі сақадай сайлы секілді. Итті өзім де сұмдық жақсы көремін. Бірақ көршінің итіне жетпейді де.
Көршінің қызы... Жо–жоқ, көршімнің иті керемет енді, үйіне бара қалсаң. құлағыңды қыршып жеп, түкіріп тастайтындай, өзіңді талап–талап, бір сұмдықты бастайтындай үреді дейсің. Дарбазасының есігін жартылай ғана ашып:
–Ассалаумағалейкум, ауф–ауф!– дейсің де, бес жүз теңге лақтырып жіберсең, үні өшеді. Екі жүз теңге берсең, үріп тұра береді. Көршім солай үйретіп қойған. Ал, ұры-қарылар доллар берсе де, сол үргені үрген, үйіне жолатпайды. Сондай ақылды! Мың теңге беріп едім, құйрығын бұлғаңдатып, үйшігіне кіріп кетті де, «ыздашыға» 500 теңге тістеп әкелді. Ақылдысын–ай! Көршіммен көрісіп, баяғы жас кезінде ит жетектеген келіншекке қалай ғашық болғанын сұрадым.
Ол кезде Шымқалада пәтер жалдап тұратынмын. Ауылдан келген бойдақпын. Бір күні біздің подьезден шыққан керемет сұлууу келіншекке ғашық болдым да қалдым! Түймедей көздері бар сабалақ жүнді мәшке итті «бақытты итке» санадым. Сол сияқты мәшке болғанымда ғой, сұлу келіншекпен бірге жатар ма едім деп ойладым. Қатарласа беріп, қағындым:
–Апай, атыңыз кім? –деп сұрадым.
–Атым– Динго.
–Қойыңызшы, иттің аты ғой? Күйеуіңіз бар ма?
–Бар. Аты– Динго.
–Өмірге көзқарасыңыз?
–Дингодай.
«Мына келіншектің мәшкесінің аты Динго болды ғой? Жыным келіп, мәшкені қарғыбауынан босатып жібердім де, өзім жетектеліп жүре бердім. Мәшке сияқты қыңсылап қоямын. Сол бетімізбен пәтерге кірдік. Келіншек терезеге қарап тұрып шешінді. Мен де... Жо–жоқ бір түрлі үрпиіп тұрмын. Бір кезде «Дингоо!» деді ол бұрылмастан. «Әу–әу–әууу» деп шәуілдедім мен. Келіншек жалт қарады да, халатын үстіне жамыла салып, жетіп келіп, шапалақпен салеп– салеп жібергені. Тұра қаштым.Сол қашқан бойда қазіргі қатыныма үйлендім ғой!» –деп әңгімесін аяқтады көршім. Ит... Иттер... Биыл ит жылы ғой, ағайын, иттерді құрметтейік! Ит жылы әлемге әйгілі Мать– Тереза, Майкл Джексон, Софи Лорен, Бриджит Бардо, Жака-Ива Кусто, Стивен Кинг, Уинстон Черчилль, Лайза Минелли, Сильвестра Сталоне, Ги де Мопассан, Виктор Гюго, Александра Дюм, Эрнест Хемингуэй, Сократ, Юрий Гагариндер туылды! Ит жылы келді ағайын! Иттерді құрметтейік! Бірақ, Шымкентте В. Тарасов деген азамат көршісінің итін сойып жеп қойды. Иттерді «уважайть» етепейді екен! Ал, мына сұмдықты қараңыз, Алматы обылысында иттерді соғымға соятындар көбейген. Есім Асқарұлы деген ит қасапшысы теледидардан сөйлеп, көршілерінің өзі сойған ит еттерін талап алып кететінін айтқанда, аузым ашылып қалыпты. «Мал еті қымбат, сосын ғой ит етін жейтініміз»– деп ақталады. Дәрігерлер иттерде түрлі жұқпалы аурулардың бар екенін айтып, барабан қағуда. Эхинококты айтсаңшы! Иттерді құрметтейік, ағайын! Әлемде иттердің 706 породасы бар екен. Қазақы төбеттерді айтсаңшы? Хош келдің, исі қазаққа қамқор ит жылы!
ПЫСЫ: Айтпақшы, мен жақында бір танысымнан ит сатып алғанмын. Түк үрмейді, ең бомаса күлмейді... Жүз грамм арақ берсем ғана үреді. Бұрынғы ішкіш иесі солай үйретіп қойыпты. Таңертең о, тоба, «пох–мелье, пох–мелье!» деп үретінін қайтерсің?