Мұхтар ШЕРІМ. ЕТ ЖЕМЕҢІЗДЕР!

 

Базардан әйелім сала құлаш болмаса да, менің білегімдей жылқының қазысын әкелген. Тәбетіміз тәрелке іздеп кетті. Ет асылып, дастархан басындағы балаларымның жаланып отырған түрлеріне бір қарап қойып, қазыны турай бастадым. Шүберек шықты. Әйеліме қарадым. Әйелім иығын көтерді.
–Мә, шүберек жеңдер!–деп майлы шүберекті балапандарымның алдына тастай салдым.
–Шүберек жегіміз келмейді! –деді бәрі хормен. 
Тағы кесе беріп едім, ішінен тілдей қағаз шықты. Хат екен. «Сәлем!» деп жазылыпты. 
–Сәлеметсіз бе? –деді әйелім міңгірлеп.
–Әй, не деп тұрсың?–деп сұрадым мен.
–Сәлемдесіп жатырмын ғой.
Ернімді дүрдитіп, қазының тағы бір бөлігін кесіп едім, тағы бір парақ хат шықты. Дауыстап оқи бастадым: «Сәлеметсіз бе, кім болсаңыз да? Амал жоқ, күн көру керек, бізге ет өткізетін адам бағаны көтеріп жіберді, сосын хат жазып жатқанымыз ғой. Өздеріңде не жаңалық? Ресейде ұшақ құлапты дейді ғой? Рас па? Обал болыпты... Айтпақшы, Ресей біздің елде сынақ алаңын жалға алып, бір зымыранын сынапты дейді? Ресейдің кең даласы жетпегендей. Қараңқалғыр десе... Жыным келеді де... Экологияны құртып... Басынып... О несі ей? Кешіріңіз, саясат менің не теңім...» 
Мен әйеліме, әйелім жәутеңдеп отырған бала–шағасына қарады. Балаларым майлы қазы жегісі келіп, жұтынып өліп барады. Келесі бөлігін кесіп едім, балалар шұлығы шықты. Қуанып кеттім де, екі балама бөліп бердім:
–Мә, кептіріп, киіп алыңдар! Ии, жеуге болмайды, мынау қайтеді–ей?
–Шайнама деймін! Аштан өліп барасың ба?–деген әйелім баламыздың аузынан майлы шұлықты жұлып алды. 
–Мәйкі, труси шықса болар еді?–деп кекеттім мен.
24 мың теңгені ғана айналдыратын ең арзан айлығымды алып, бір тойып қалайықшы деп едік, қарашы енді... Тағы хат шықты. Оқып жатырмын: «Айып етпеңіздер, қазыны осылай толтырмасам, қалай күн көремін? Ақша арқалаған шенеуніктердің жемқорлығы аспанға жетті. Елбасы солай деді ғой. Бүйте берсек, біз ел болмаймыз. Олар ақшаны арқалап тасиды! Кедейлер иегін қасиды...»
–Неменеге ақыл айтып кетті мынау қатын?–деген әйелім ернін тістеледі, –әкел бері, базарға барып, сатушы әйелдің бетіне ұрайын!
Әйелім ашуланып, піскен қазыны, шүберектер мен хаттарды сөмкесіне салды да, базарға кетті. Сүт пісірім уақыттан кейін, жүзі жайнап, қайта келді. Ауыстырып беріпті. Пісірмей жатып, ортасынан кесіп көріп едім, ішінен топырақ төгілді. Жартысы қазы, жартысы топырақ...
–О, қасиетіңнен айналайын, қара жер!–деп күбірледім мен,–Сен сатылмайсың! Қазақ барда жер сатылмайды!
Әйелім қазыны сөмкесіне салып, базарға құстай ұшты! Кешікпей, ентігіп, ет жегендей болып, қуанып қайтты. Сөйтсе, әлгі сатушы әйел қасына жұмысқа алыпты! Қазының ішіне шүберек тығатын жұмыс екен. Мен хат жазып әуремін: «О, қазақ елі, ет жемесең де, қайғырма! Көтер еңсеңді! Жылама!»–деп жазып жатырмын, жазып жатырмын!



Бөлісу: