Мұхтар ШЕРІМ. ЕРКЕК ЕКЕНМІН
блог
Келін болып түскендердің міндетін зерттегім келіп кетті де, санама бір түрлі ой сумаңдап жетті де, танысыма желпілдеп жетіп келдім. Сұлулар байқауына қатысып, мәреден қағынып қайтқан шымкенттік жігіт бар емес пе? Қыздар сияқты боянып, киініп алатын? Мен сұлулар байқауын таңдамадым, келін болғым келді. Келістіріп бояп берді таныс қызым. Айнаға қарап едім, өзіме– өзім ғашық болып қалдым– ей? Айнымаған Мадонна! Сұлумын ғой! Жігіт екенімді жындылар да ажырата алмайды!
Содан, соңғы үлгімен киініп алып, көшеде жүрейін. Артыма бұрылып қарасам, ирелеңдеген кезекті көрдім.
–Ненің кезегі?–деп сұрадым артымда тұрған жігіттен.
–Менің кезегім.
–Ненің кезегі деймін?
–Бойдақ жігіттер сізбен танысу үшін кезекке тұрып жатырмыз...
Тұла бойыма ток жүргендей, сайтан сықылықтап күлгендей, бір түрлі болып кеттім. Қолымды сілтеп, майыса басып кетіп бара жатыр едім, ия, бір үйлердің арасынан өтіп бара жатқанымда алдыма қара «Джип» тоқтай қалды. Төрт жігіт төрт есіктен түсті де, мені көтеріп алып, көліктің ішіне лақтырып жіберді. Қысқасы, мені алып қашты! Бір байдың баласы! Жол бойы солқылдап жыладым: «Жіберіңдерші, менің жігітім бар!» деп қоямын. Бір жағынан қуанып отырмын, «Өлә, шынымен күйеуге тиетін болдым–ау?» –деп. Артынан қорқып кеттім. Өлә, еркек екенмін ғой? Содан мені Қытай қорғанындай биік дуалмен қоршалған үйге алып келді. Алдымнан әйелдер шығып еді, тұра қаштым, үйді айналып. Байқамай, иттің ұясына кіріп кеттім. Бәсе, жұмсақ жүні бетіме тиген еді. Біттім! Қазір кірш–кірш шайнайтын шығар? Жоқ, сұлуды иттер де құрметтейді екен, желкемнен жалап жата берді. Мен де иттің үлкен үйшігінен шықпай қойдым. Бір кезде күзетшісі сирағымнан ұстап, дырылдата сүйреп шығарды. Бір жеңгесі басыма ақ орамалды жаба қойды. «Тимеймін!» –деп талтайып тұрмын. Амал жоқ, жылап-сықтап, босаға аттадым. Шіреніп, қайын атам келді. Тапаншасын шошаңдатып:
–Енді қашсаң, атып өлтіремін! Не, менің баламнан қай жерің артық еді?–дегенде, қуығым сыздап кетті, мұрыным мұзап кетті. Терлеп отырмын. Қойшы, бір кезде айқай салдым: «Мен сіздерді сотқа беремін! Не, бай болсаңдар, бәрі орындалады деп ойлайсыңдар ма? Арам ақшаға келген байлықтарың өздеріңе! Менің жігітім бар!» –деп едім, болашақ күйеуім, мұрнын таңқитып, жаныма жетіп келді. Сақау екен. Мұрнының астынан міңгірлеп сөйлейді.
–Қойшай, қатын бомашаң, қайныңды жаямын! –деп қояды. О, сүмелек! Ырду–дырдумен кеш болды. Бір жеңгесі жымиып, жаныма келді.
–Келінжан, атың кім? –деп сұрады.
–Еркебай.
–Еркегүл шығар?
–Еркебаймын.
–Қызық есім екен. «Мына параққа: «Өз еркіммен келдім.» –деп жазып берші, ата–анаңа хабаршылар барғанда, шошып қалмасын.
«Өз еркіммен амал жоқ қатын болайын деп жатырмын!» деп жаздым.
Бәрінен де... Түнде жатарда... ой, еркек екенімді дәлелдей алмай, арпалыстым дейсің! «Қазір, жуынып келейін, жаныыым!» дедім де, жуынатын бөлмеге барып, бар бояуымды шайып–сүртіп, еркектерше кеудемді көрсетіп келдім. Көйлегімді шешіп. Күйеуім төсектің атсына тығылып қалды. «Папа!» дейді айқайлап. Дереу киіне салып, ашық терезеден секіріп түсіп, биік қорғанға тырбаңдай өрмелеп жатқанымда, аяғым тыз ете қалды. Күзетші атып салыпты! Содан еркек екенім мәлім болып, бүгінде ауруханада жатырмын, аяғымды аспанға асып қойып! Құдая, бүйтіп, қатын болғаны құрысын!