Мұхтар ШЕРІМ. БӘРІМІЗ СЕМІРІП КЕТТІК..

Мұхтар ШЕРІМ. БӘРІМІЗ СЕМІРІП КЕТТІК..
жеке
блог

 

Миллионерлердің үйі қырық градус аяздың өзінде қайнап тұр. Қара халықтың, оның ішінде біздің үйден дала жылы, азынап тұр. Өйткені, қанша күннен бері көмір жоқ. Көмірсіз қыста өмір жоқ. Әдейі ұйымдастырылған көмір тапшылығынан халық көмірге таласып, төбелес–шоу құрды.
–Жаным, көмір қашан болады? –деп сұрады әйелімнің иегі пружина сияқты діріл қағып. 
–Құдай қаласа, жазда...
–Жаным–ау, балалар бүрісіп кетті...
–Құдай қаласа, жазда жылынамыз...
Содан бір күні бәріміз «семіріп» кеттік. Үйіміз суық болған соң, өз басым отыз мәйкі, қырық көйлек, 22 шалбар, 11 костюм, төрт куртка қабаттап киіп алып едім, домаланып, жүре алмай қалдым, өзімді айнадан көріп, не ғой, күле алмай қалдым. Құдайға шүкір, бақуатты ел екенбіз, семіріп барамыз. Әйелім бес төстартқыш, он екі іш көйлек, жетпіс дамбал, отыз юбке, 12 пальто қабаттап киіп, алпыс орамал тартып алды. Басы бір жағына қарай ауып кете береді. Ол да әрең жүреді. Құдайға шүкір, бақуатты елміз ғой, әйелім көз алдымда «семіріп» кетті. Балаларымды айтсаңшы, домаланған доптай, қалың киімдерден көздері ғана жылтырайды. Мысығымыз бар еді, керілген күйі қатып қалған... Рахат екен! Бір жаманы, бір–бірімізді құшақтай алмаймыз. Тағы бір жаман жері... Дәретханаға барарда... Шеше бересің, шеше бересің, шеше бересің... Алқынып барып, арықтайсың, соңында рахаттанасың... 
Құдайым–ай, неткен бақытты ел едік! Нәйеті көмірге жарымай отырған? Біз бақыттымыз, о, қазақ елім!