Мұхтар ШЕРІМ. АЙТПАЙМЫН...

 

   Адамдар қызық, ниеттері бұзық... Бәрін білгісі келеді. Бельгиялық брокер Игнас Мювиссен кофе ішіп отырған, ұялы телефоны шырылдады.

–Алло?

–Маған Игнас керек еді, –деп сұрады Астанадан қазақстандық біреу. Ағылшын тілінде тілін тістеп сөйлейді екен.

–Ия, құлағымды сізге беріп тұрмын.

–Сіз Қазақстан үкіметі өкіліне Парижде құны 65 миллион еуро тұратын пәтер сатқаныңызды мәлімдедіңіз ғой?

–Ия.

–Мен өте кедей адаммын. Бейшарамын. Сорлымын. Қазақстанда мендей  бейшаралар жетіп артылады, өте көп.  Айтыңызшы, қымбааат пәтерді кімге саттыңыз?

–Оның қажеті не сізге?

–Оның Парижден сатып алған пәтеріне күзетші керек емес пе екен? Көзімді ашқалы күзетші болып келемін. Бірақ айлығы алақанда тұрмайды.

–Жоқ, ғафу өтінемін, айта алмаймын. Сізге дейін де қаншама адамдар сұрады, айта алмаймын...

–Айтыңызшы?

–Мүмкін сіз КНБ тыңшысы боларсыз?

–О не дегеніңіз? Айтыңызшы?

–Айтпаймын!

–Айтпайсыз ғой?

–Ал, айтпасам не істейсіз?

–Айтпайсыз ғой?

–Ал, айтпаймын!

–Айтпасаңыз бар ғой?

–Не істей аласыз?

–Айтпасаңыз бар ғой...

–Мені қорқытып тұрсыз ба?

–Жаман болады. Ойланыңыз! Айтпайсыз ғой?

–Айтпаймын дедім ғой, айтпаймын!

–Точно?

–Ағылшын тілінде ол не?

–Айтпайсыз ғой?

–Құдайым–ай, айтпаймын деп қаншама рет айттым? Сізбен сөйлескім келемейді. Ұялы телефонымды өшіре саламын енді...

–Өшіре салыңыз!

–Бірақ мені сіздің маған не істей алатыныңыз қызық болып тұр...

–Айтпайсыз ба сонымен?

–Жалынамын, бұл құпия.

–Оңбаған миллиардер! Халықтың ақшасына Парижден пәтер сатып алыпты. Қарашы, мен жүрмін Астанадан пәтер ала алмай, кім көрінгеннің үйін жалдап... Игнас?

–Әу?

–Айтпайсың ғой?

–Ия!

   Қазақстандық бейшара  күрсініп салды да:

–Айтпасаң, Айтпайдың қатыны бол! –деп салды.  Көз алдында өмірі көрмеген Париж...

 


Бөлісу: