ӘНШІЛЕР ШАБУЫЛЫ
(Достық әзіл)
Еліміздің «мен» деген әншілері, шоу бизнестің жұлдыздары қазақ журналистикасына таңғы төртте ешқандай СМС хабарламасыз, нотасыз, кенеттен шабуыл жасады. Олар бақайшағына дейін микрофон, әуен, ноталармен қаруланып, қазақ телеарналарын басып алды...
Жүргізуші журналистер жан аямай ұрыс салудың орнына, екі қолдарын көтеріп, бірден тұтқынға түсті... Араларында көңіл жараланғандары да бар... Шабуылдаушы әншілер телеарналарда өз үстемдігін жүргізе бастады. Бәрі дей алмаймыз, кейбірі мағынасыз жобаларды жүргізіп, босқа ыржалақтап, қазақ тілінің қадірін «атып өлтіріп», жалаңаштарды насихааттап, білгендерін істеп жүр. Қазақ теле арналарының журналист жүргізушілері территориясын анникциялаған әншілер «басып алған» жерлерін жуық арада қайтармайтын түрі бар. Шабуылшы әншілер өз араларында Аша Матайды командир етіп сайлап алыпты– мыс. Қатардағы жауынгер Мөлдір Әуелбекова, старшина Әйгерім Қалаубаева, санитарка Рано Умарова, полковник Тамара Асар, майор Гүрмира Оразымбетова, генерал Жанар Айжанова, моряк Тәуекел Мүсілім, ефрейтор Алмас Кішкенбаев және басқалар қазақ телеарналарынан жуық арада шегінбейміз деп мәлімдеп отыр... Қазақ журналистикасы отқа оранды. Мәнді, мағыналы, парасатты жобалар қирап, күлге айналды... Гуманитарлық жәрдем жуық арада берілмейтін көрінеді... Қайран, қазақ журналистикасы, қор болдың–ау, қайтейін?