Мұхтар ШЕРІМ. ӘЛІ ЖЫЛАП ЖАТЫР!
блог
Сөмкегеге салынған үш айлық нәрестесін қоқыс жәшігіне шімірікпестен тастап, енді бұрыла берген еді, кенет сықылықтап күлген дауыс шықты. Ол селк ете қалды. Сөмкенің аузынан басын қылтитқан нәресте кенет сөйлеп кетті:
– Анашым, шынымен мені тастап кетесіз бе? Адам өлтіруді қайдан үйрендіңіз? –деп сұрады сосын. Үш ай толмай жатып сөйлеп кеткен сәбиін көрген көкек ана тұра қашты. Ебіл–дебіл жүгіріп келеді. Үйлердің арасымен жүгіре басып, бір оңашалау тұста ентігін тұрған. Біреу көйлегінің етегінен тартты. Көзін төмен салып еді, тыржалаңаш баласы!
–Анашым, қарным ашты... Емізбейсіз бе? Ана сүтіне жарымай айдалада қала беремін бее? Тоңыыып та кеттім! –деді. Көкек ана шалқасынан түсті. Нәресте бір түрлі күліп, жоқ болды. Құлап жатқан қызды көріп, жұрт жиналып қалды. Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Палатада жалғыз жатқан. Біреу сықылықтап күлгендей болды ма? Нәресте... Үрейі ұшқан ол қабырға жаққа аударылып түсіп еді, өз баласы екен, сықылықтап күліп жатқан. Быртиған қолымен төсін ұстап, ембек болды. Төсектен тәлтіректей тұрған көкек ана дәлізге атып шықты. Дәрігерлер қоршай қалысты. Жағдайын сұрап жатыр. Өйткені, нәресте тек анасына ғана көрінеді де, былайғы жұртқа көрінбейтін еді...
–Анашым, сіз тастаған минуттар есімде. Жылағым келмейді. Өйткені сізде жылаған баланың сезімін түсінер жүрек жоқ. Сосын күліп жатырмын, анашым! –деген нәресте оның аяғына жармасты.
–Менің жазығым не? Некесіз туылғаным ба? Қарным ашты, анашым! Бір рет болса да емізші... Мамаааа...
Көкек ананың амалы қалмады. Баласын қолына алып, омырауын ашты. Баласын емізіп тұр. Періште нәрестесі бүлкілдетіп сорады–ай дейсің. Еміп болды да, анасының қолынан сусып түсіп, есік жаққа беттеді. Сосын тағы да сықылықтап күліп алды.
–Анашым, сотта кезедесміз, сау болыңыз! –деді. Дегені рас екен. Көкек ана ұсталып, адам өлтіргені, қорғансыз қалдырғаны үшін істі болды. Мұның алдына түсіп алып, сықылықтап күліп жүрген ол– сол түні тоңып өлген періште нәрестенің елесі еді. Сотта да көзге көрінбей, шырылдап, ара түсіп жүрді:
–Жіберіңдер анашымды! Аналар мен балалар бірге болсыншы!
Анасы түрмеде. Камераның әр жерінен нәресте күлкісі естіліп жатты. Көкек ана соңғы рет ауыр күрсініп салды да, көйлегіне асылып қалды. Шырылдаған елес сәби бұл жолы күлмеді, анасын құшақтап, іңгәлай жылады, әлі жылап жатыр...