МҰХТАР ӘУЕЗОВ ҚАЛАЙ ҮЙЛЕНДІ? 3-парақ. 2-бет

МҰХТАР ӘУЕЗОВ ҚАЛАЙ ҮЙЛЕНДІ? 3-парақ. 2-бет
жеке
блог

Абайдың балалары мен немерелері жанынан өлең шығарып айтқыш, сауықшыл болса, олармен көршілес, құдалас болған Әуез қожа ауылының жастары да сондай думаншыл болатын. Олар қыс түсісімен бірін-бірі соғымға шақырып, өлең айтысып, «Мыршым-мыршым», «Белбеусоқ», «Қыстау», «Хан – уәзір» сияқты ойындардың көрігін қыздырып жататын. Менің есімде Мұхтар мен Қасымбекті сағынған қожаның қыздарының айтатын көп өлеңдерінен екі ауызы сақталып қалыпты:

         Жыл құсындай жазда келіп,

         Ойын-сауық жасайтын.

         Мұхтар ағам, Қаске ағам,

         Алтын менің қанатым.

         Жаз шығады жайнаған,

         Білімге ел бойлаған.

         «Қара жоңқа» қашан келер,

         Бауырларын ойлаған, –

деген шумақтар еді. Бұл 1916 жыл Мұхтардың 19 жасқа келген кезі болатын. Мамыр айының аяқ кезінде жирен жорғаны жақсылап ерттеп, Біләлді көк бестіге мінгізіп, Разақ Семейден Мұхтарды ауылға алып келуге жіберді де, оған бөлек отау тіккізіп, дайындық жасап жатты. Разақтың бұл әзірлігі інісі Мұхтарға сол жылы Тобықтының елін аралатып, қыз таңдатып айттырудың қамы болатын. Бес-алты күн өткеннен кейін Біләл қаладан Мұхтарды алып келді. Біраз уақыт өткен соң Разақ Арымбек пен Смайылханды шақырып алды да, бір марқа қозыны сойып, қымыз ішіп отырып, Мұхтарды әңгімеге тартты. «Омархан ағамнан қалған үлкен үйдің шаңырағы бос тұр», – деді Разақ. – Нұржамал апамның қайтыс болғанына да екі жыл болды. Менің ойым сен шаңыраққа ие болу үшін осы Тобықты елін өзіңнің жақсы көретін жолдастарыңмен аралап, таңдаған қызыңды алсын деп отырмын. Арымбек, Смайылхан, сендер мұнымды қалай көресіңдер?» – деп еді, ол екеуі бірдей: «Разақ, мұның тапқан ақыл. Енді Омархан ағамыздың шаңырағын бос қоймаймын дегеніңе ризамыз», – деп жауап берді. Мұхтар болса: «Сіздердің ұйғаруларыңызға қарсылығым жоқ», – деді. Осыдан кейін Разақ: «Онда жолдастыққа кімдерді аласың», – деп еді: «Менімен елге қадірі бар, жұрт танитын, өзі домбырашы, өзі әнші Ізкәйіл (Абайдың Әйгерімнен туған кенже баласы), содан кейін Шәбеп (Ақылбайдың баласы) бірге жүрсін. Ал қожадан кім ереді, оны өздеріңіз біліңіздер», – деп тоқтады.

Ертеңіне Разақ тор бестіні кешкі жылқыға жібермей алып қалып, терін алғызып таң асырды. Қыз таңдайтын жігіттердің жүріп кеткеніне жиырма күн болды. Жиырма бірінші күні олар қайтып келіп, Ізкәйіл Разаққа: «Құда түсетін еліңіз Айдостың баласы, Торғайдан туған Кәкен дегеннің қызы Райхан. Өзі сондай сымбатты. Керек десеңіз, мұрны Мұхтардың мұрнына құйып қойғандай ұқсас. Мына ініңіз барлық Тобықтының қызынан соны таңдады», – деді. Разақ: «Менің Мұхтарды жіберген себебім, өзі таңдап алсын деп едім. Өзі ұнатса болды», – деп кесімді сөзін айтты. Ендігі шаруа – барып құда түсу. Ертеңінде Разақ, Смайылхан, Арымбек Құдысқоңыр деген атпен бірге бір құлынды биені жетекке алып, мал айдасуға Әуездің тоқалы Сақыштың інісі Жұмақанды ертіп, құда түсуге жүріп кетті. Абайдың баласы Ізкәйіл Разаққа: «Мен Кәкенге төрт-бес күннен кейін сіздерге Разақ бастаған бірнеше адам құда түсуге келеді деп айтып кеткенмін. Олар дайындығын жасап жатыр», – деген еді. Разақ, Арымбек, Смайылхан барып үйіне түскенде Кәкен құдалар келді деп қысырдың тайын сойып қарсы алып, баталасып, құда түсісіп қайтты. Содан бір ай өткен соң Мұхтарды Разақ жолдастарымен әдет-ғұрпын істеп, қалыңдық ойнатуға жіберді. Мұхтар жолдастарымен барып Кәкеннің ауылында бір жұма жатып, қалыңдығы Райханмен күліп-ойнап ауылға келді де, інісі Біләлді ертіп, Семейдегі оқуына жүріп кетті.

«Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» кітабынан

Қосымша:

Соғым – қысқа ет дайындау кезінде сойылатын мал. Соғымға көбінесе жылқы сойылады. Соғымға соятын малды жемге байлап, ерекше күтімге алады. Жылқының еті қыста адамға күш-қуат береді, суықтан қорғайды. Жылқы желтоқсанның аяғы мен қаңтардың басында сойылады. Ертерек сойса, суыққа қатпайтын семіз жылқы еті тез қызып, дәмі бұзылады, қоректік құнарлығын жоғалтады.

«Мыршым-мыршым» – жастардың алқа-қотан отырып жүзiктi аузына жасырып ойнайтын қазақтың ұлттық ойыны.

Белбеусоқ – қазақтың ұлттық ойыны. Бұл ойынға оннан отызға дейін адам қатысады. Ойыншылар екі топқа бөлінеді. Екі сызық белгіленеді. Екі сызықтың арасы 20-30 метрдей болады. Бірінші топтың ойыншысы белгіленген екінші сызыққа дейін жүгіреді. Ал екінші топтың ойыншысы оны қолындағы белбеуімен қуады. Егер жетіп алатын болса, екінші сызыққа жеткенше белбеумен соға береді. Екінші сызыққа жеткен соң белбеумен ұрып келген ойыншы қолындағы белбеуді тастай сала кері қайта бірінші сызыққа қарай жүгіреді. Ал әлгі қашып келген ойыншы белбеуді алып, мына ойыншының соңынан бірінші сызыққа дейін қуады. Белбеумен соға алса – жеңгені, ұра алмаса – жеңілгені.

1916 жылы Мұхтар Әуезовпен танысқан В.Попов (семинарияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің окытушысы) өз естелігінде былай деген екен: «М.О.Әуезовпен тұңғыш рет 1916 жылы таныстым. Алдыңғы партада отыратын он сегіз жасар сыпайы, сұлу жас қазақтың денесі сыптай түзу, киімі сәнді, тап-таза, қою шашы қап-қара, кең маңдайы кере қарыс, қоңырқай жүзі байсалды, маңғаз, көзінде ақыл тұнып тұр. Қадір-қасиеті өз ортасынан өзгеше бөлек осы жігіт орысшаға өте-мөте жетік. Ал эрудициясына бәріміз таң қалатынбыз».

Шәбеп Әлімқұлұлы (1903-1959)Абайдың шөбересі, Ақылбайдың немересі. Шыңғыс болысының 10-ауылында соттың көмекші хатшысы, Абайдың Жидебайдағы мұражайының меңгерушісі болып қызмет атқарған. Абайдың мұражайында Әлімқұл үйінің ағаш төсегі сақтаулы.

Бесті – бес жасар жылқы.