Мұхтар Әуезов және Оскар Уайльд (байқау)

Мұхтар Әуезов және Оскар Уайльд (байқау)
жеке
блог

Сәлем Массагеттіктер! Бүгін қорытынды блогымды жазбас бұрын алдымен 7 аптада жазған 14 блогымды қарап шығуды жөн көрдім. Жалпы, мен не бітірдім?

   Ең алғашқы блогымның тақырыбын "Сенімділік серігіңіз болсын!" деп атап едім. Бүгінде шынымен адамның өзіне деген сенімі болмаса небір сындардан төтеп бере алмайтынын және алға қойған мақсатына жете алмайтынын түсіндім. Қазір жазған блогымтарымды көріп әрқайсысы көзіме ыстық болып отыр, себебі әр блог жазған сайын "менің жазбамды оқыған адам жазбадан бірдене түйсе екен, оқып отырып рахат алса екен, тың мәліметтерге қанықса екен" деп еңбектенетінмін. Ал, өзіме бұдан не алдым?

  Мен байқаудағы алға қойған мақсаттарым Мұхтар Әуезов пен Оскар Уайльдтің шығармаларын оқу еді. Бұған еш өкінбеймін! Себебі, бірінші оқыған "Абай жолы" роман-эпопеясы алдымен мені адам болуға тәрбиеледі. Қандай жолмен дейсіз ғой? Роман көбінесе халықтың қиын өміріне толы. Әсіресе, сауатты жанмен сауатсыз жанның айырмашылығы әбден көрсетілген. Олардың өмір жолы өз деңгейлеріне қарай қалай өрбитіні жақсы бейнеленген. Негізі, бұл кітапты жоғары сынып оқушыларына оқуды ұсынар едім. Үлкен өмірге жаңа қанат қағатын түлектерге өмірдің қиын жақтарын, оның не себепті солай болатынын жете түсіндіреді. Яғни, көзі ашық жанның өмірі қалай, еш нәрсені білгісі келмейтін адамның өмірі қалай болады дегендей. 

 Сосын менің үйренгенім - адамға жағымды әрі қызықты сөйлеу үшін сіздің айтып жатқан оқиғаңыз яғни әңгімеңіз тыңдаушы адамға жағымды болу керек. Әңгімеде бір сөзді екі қайтара айтпауға тырысыңыз және шығарма жазғанда да солай. Оны не түрлі синонимдермен түрлендіре біліңіз. Сіз сөз арқылы да оқиғаңызды тыңдаушының көз алдына келтіре аласыз. Ол үшін қимыл қозғалысты білдіретін көптеген етістіктеріңізді білуіңіз керек. Әрине, кейде сөздің бәрін түсінгенімізбен керек жерінде қолдана алмай жатамыз. Себебі, ол нақтылы есімізде тұрмайды. Тіл байлығым көп болсын, сөзім естіген адамға өтімді болсын десеңіз - кітап оқыңыз.

  Ең әуелі бұл романды жазып, халқына үлкен қазына сыйлаған Мұхтар Әуезов атамызға үлкен алғысымды білдіргім келеді! Ол кісі болмағанда біз Абайды таныр ме едік, халқы оның өмірінен үлгі алар ма еді?!

  Ал Оскар Уайльдтің ертегілерінен қандай әсер алдым десеңізші?! Негізі, ертегінің бәрі жақсы ғой. Оның ерекшелігі біраз болса да дүниеде жоқ қияли әлемге саяхаттайсың. Ал Уайльдтің ертегілерін оқып отырып кейіпкерлерге жаның ашып, жүрегің жылып, оларды жақсы көресің. Тіпті, "Бақытты ханзада" ертегісіндегі мүсін ханзаданың мейірімділігіне ғашық болдым. Ал, қатігез кейіпкерлерді өмірден де көріп жүрген секілдіміз. Мысалы, "Бұлбұл мен раушан" ертегісінде табиғаттың қандай жаратылысынан туған әдемі раушан гүлін адамдардың бір көңіл үшін пайдаланып, артынша тастай салғаны ұнамады. Көбінесе бұл ертегілерде кейіпкерлер басында ұнамсыз болып көрінгенімен артынша қалай жақсы көріп кеткеніңізді байқамай қаласыз. Оны "Жұлдыз бала" мен "Тәкаппар Алып" ертегісінен сезіндім. Ал, өмірдегі ең үлкен қателігіміз - адамды сырт келбетіне қарап бағалайтынымыз, жүрегінің түбіне бойламайтынымыз. Осындайдан зардап шеккен кейіпкерді "Инфантаның туған күні" атты ертегіден көрдім. Карлик атты баланың шын көңілін ешкім түсінбей, ол қанша асыр салып билеп, жұрттың көңілін көтерсе де адамдардың оған деген ойы өзгермеді. Шынында ол сырты сүйкімсіз бала болғанымен мінезі қандай мейірімді еді?! Қысқасы, Оскар Уайльдтің ертегілерінен ерекше бір жылулық, қайырымдылық сезіндім. Дүниеге басқаша көзқараспен қарай бастадым. Әрі ағылшын тілінен аудара отырып тілімді жетіктірдім.

   Менің қорытындым осы. Білмеймін, әйтеуір кітап адамды сабырлы, ұстамды, бәріне түсінікпен қарауға үйрететін сияқты. Кітаптың мінезіме әсері болғандай. Ең бастысы кітаптан алған өнегем өмір жолында керегіме жарар деген үміттемін!

P.S. Қиын кездерде қолдау білдіріп, қол ұшын созған тобымыздың жетекшісі Шерхан Талапұлы мен ондағы достарыма алғысым шексіз! Арамыз қандай алшақ болса достығымыз сондай жақын бола берсін!!!