Мұхаммед Хайдар Дулатидің философиясы

Мұхаммед Хайдар Дулатидің философиясы
жеке
блог

Қазақ халқы ешқандай арнайы философиялық мектептен өтпесе де, ежелден дана халық болып саналады. Халқымыз философиялық ойларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу арқылы ерекше тәрбиені насихаттап отырды. Кең далада өмір сүрген халқымыз киіз үйде тұрып-ақ, өмір тіршілігін, жаратылысты тануда өзіндік ерекше философиялық ойларымен дараланды. Қазақ халқының философиялық көзқарастарының қалыптасуы халық арасында даналығымен, көрегенділігімен танымал болып, артына көптеген құнды еңбектерді қалдырып кеткен ғұлама ғалымдарымыздың есімімен тығыз байланысты.

     Өзінің ерекше көзқарастарымен халық философиясының дамуына үлкен үлес қосқан тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати болды. М.Х.Дулатидің философиялық тұжырымдарын талдау арқылы сол замандағы халқымыздың  мәдени-тарихы құндылықтарын, ұлттық болмысының сипатын танып-біле аламыз. М.Х.Дулатидің шығармалары тарихпен тікелей үндесе келіп, патриотизм, эстетикалық тәрбиеге толы болып келеді.

     Мұхаммед Хайдар Дулати – орта ғасырда өмір сүрген әйгілі тарихшы, әдебиетші, көрнекті мемлекет қайраткері. Өзі өмір сүрген дәуірдің тарихи шындығын кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін «Тарихи Рашиди» еңбегін жазуда өзінің көп жылдық ізденістері мен өмірлік тәжірибесіне сүйенді. Халқымыздың көшпелі тұрмысы мен рухани ойлауы, әлеуметтік-философиялық көзқарастарының тереңдігін танып білуде қазақ ұлтының ғана емес, түркі жұртының тарихын зерттеп, мәдени өркениетінің дамуына үлес қосқан М.Х.Дулати көзқарастарының аса маңызды екені сөзсіз.

     М.Х.Дулатидің ойшылдық қасиетін қалыптастыруда орта ғасырлық түркі халықтарының ішіндегі тарихи, мәдени және рухани жағдайлар әсер етті. Мемлекет ішіндегі ұлттар арасындағы ауызбіршілікті, тұрақтылықты қалыптастыруға ұмтылып, бейбіт өмірді қамтамасыз ететін ұстанымдарды ұсынды.

     М.Х.Дулатидің «Тарихи Рашиди» атты еңбегі көптеген шетелдік зерттеушілердің назарын аударып, бірнеше рет көшірілді. Бүгінгі таңда Англия, Франция, Германия, Ресей, Пәкістан және Үндістан елдерінің кітапханаларында «Тарихи Рашиди» еңбегінің көшірмелері әлі күнге дейін сақтаулы. Белгілі шығыстанушы Ислам Жеменей еңбекті қазақ тіліне аударып, 2003 жылы басылып шықты.

     М.Х.Дулати философиясының халқымыздың өркениетіне қосқан үлесі зор. Тарихшының еңбектерінде қазақ хандарының болмысы, ел басқаратын басшылардың ақыл-парасаты және даналығы жайлы көзқарастар айтылып, адамзатқа тән ізгі қасиеттер насихатталады.  XV-XVIII ғасырлар аралығындағы Орта Азия халықтарының тарихына шолу жасап, сол дәуір қоғамының тыныс-тіршілігіне, өмір сүру салтына және қоғам қайраткерлерінің іс-әрекеттеріне адамгершілік тұрғысынан баға беріп, өзінің философиялық тұжырымдарын жасады.

     Ойшылдың «Тарихи Рашиди» еңбегінде жас ұрпақты отанын сүюге, жерін қорғауға, батыл әрі білімді болуға тәрбиелеудегі өсиеттері мен арман-тілектері анық көрінеді. Шығармада патриоттық тәрбиемен қатар, имандылық пен адамгершілік тәрбие негіздері де жан-жақты қарастырылады.

     М.Х.Дулатидің философиялық көзқарастарының қалыптасуына орта ғасырдағы көшпелі түркілердің дүниетанымы және ислам діні мен сопылық бағдардың әсері зор болды. Ұлы кемеңгер адамзатқа тән барлық ізгі қасиеттер мен қоғамның әлеуметтік-саяси, идеялық-мәдени құрылымдарын қалыптастыруда ислам дінін басты қозғаушы күш ретінде жеткізеді. Түрік халықтарының арасында ислам дінінің таралуына ықпал еткен Тоғлық Темір ханның өмірге келген сәтінен бастап баяндап, терең адамгершілік қасиеттерін ерекше жырлайды. Еңбегінде баяндалған әрбір оқиғаны ойшыл пайғамбар хадистерімен түйіндеп, адамгершілік, достық, махаббат сияқты аса қадірлі ұғымдарды жан-жақты түсіндіруге қадамдар жасайды.

     Мұхаммед Хайдар Дулати өз ғұмырын хандар мен сұлтандарға қызмет етіп, халықтың мұң-мұқтажына қол ұшын беріп, бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ету жолына арнап, адамдық болмыстан сыр шертіп, артына өте бай рухани қазына қалдырды. Жоғары адами құндылықтарды дәріптей отырып, өзі билеген ұлысындағы қалалардың гүлденіп, көркеюіне үлес қосты.

     М.Х.Дулатидің философиясының негізгі тірегі – ақиқат. Ойшыл ақиқатты «исламның басты әлеуметтік принципі» ретінде сипаттайды, қоғам тұрақтылығының ең қажетті шарттарының бірі деп қарастырады. Ұлы кемеңгер үнемі өмір бар жерде өлім де бар екенін естен шығармай, адамдарды тек тура жолмен жүруге шақырады. Ойшыл бұл өмірде істеген жақсылықтардың бәріне Жаратушыдан рақым болады деп дәріптейді.

     М.Х.Дулати философиясының аса маңызды тірегі – әділеттілік. Өзінің еңбегінде әділеттілікті билікпен байланыстырып, басшылардың әділ болуын талап етуді өзінің философиялық қағидаларының біріне айналдырады. Басшылардың әділдігін Жаратушының разылығымен байланыстыруы ислам дүниетанымының ықпалын айқын көрсетеді. Еңбегінде әрқашан «билік – Құдайдан» деген идеяны насихаттап, әділ билеушілерді үлгі тұтады.

     Қорыта келсек, Мұхаммед Хайдар Дулати  - мұсылман дінін берік ұстанып, философия іліміне терең ой-тұжырымдарын қалдырған данышпан ғалым. М.Х.Дулатидің шығармаларынан заман өзгерсе де,   адамгершілік, ар, ұят, мейірімділік, шынайылық және жан тазалығы сияқты ізгі қасиеттердің өзгермейтіндігін көреміз. М.Дулатидің шығармашылық мұрасы - қазақ халқының өз шаңырағын құрып жатқан уақыттағы тарихи оқиғаларды баяндап қана қоймай, ата-бабамыздың өмір тіршілігі, болмысы мен танымы туралы сыр шертетін аса қымбат рухани құндылық.

 

Данат ЖАНАТАЕВ, ф.ғ.к.,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің филология факультетінің

«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының

1-курс магистранты Дәулетбекова Балнұр