Мүгедек қыз...

"Өмірді жек көремін... Өмір неге қатал?" деген сөздерді көп естимін. Міне, ақын қыздың жауабы...



Өткен күннің елесін сан сұрайды,

Сорлы жүрек әлі де тоймай мұңға.

Жанарымнан мөлдір жас тамшылайды,

Мүгедек қыз, мен сені ойлаймын да.

Мұңға тастап шаттығым қалды кетіп,

Сен де, мен де бірі едік күші кемнің.

Ботадай көздеріңді жәудіретіп,

Мүгедек қыз, сен бүгін түсіме ендің.

Сол зарлы үн әлі де құлағымда,

Ішіндеміз бейтаныс қырау бақтың.

Сен бір кезде жұре алмай құладың да,

«Мүгедекпін» деп үнсіз жылап жаттың.

Ерте қақтың ақ қанат қауырсынды,

Бал жүзіңді сағындым жайраңдаған.

Қаршадай боп осынша ауыр сынды,

Көтеріп жүргеніңе қайран қалам.

Бұл сынаққа шыдамас ұл да мына,

Сендік төзім маған жыр маздатады.

Тәңірім ең сүйікті құлдарына,

Ауыр сынды тартады деп жатады.

Қиналсаң да тағдырмен сыйласа бер,

Шыдамсыздың қашанда сағы сынар.

Жаратушым қаншалық қинаса егер,

Соншалықты жұмақтан бақ ұсынар.

Еркелікпен есірген кезімдей тым,

Түсіресің тәубеге, мүгедек қыз.

Өмір сырын дәл сенше сезінбейтін,

Сен емес қой, мына біз мүгедекпіз!

 

Құрметті, достар! Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырды қадірлей білейік...

Авторы: Ләззат Мақаш



Бөлісу: