Мүгедек деп мүсіркеп қарамаңыз!

Мүгедек деп мүсіркеп қарамаңыз!
жеке
блог

Өмір - сахна. Өмір - сынақ. Иә, бұл 5 күндік жалғанда әркімге әртүрлі өмір сүру бақыты бұйырады. Біреуге дені сау азамат болып өмір сүру маңдайына жазылса, ал біреуге бұндай бақыт бұйырмай жатады. Менің бүгінгі ой-толғауым, 12 мүшесі толық болмаса да, өмірге деген құштарлығы дені сау адамдарға қарағанда 12 есе көп жандар жайында өрбімек.

Жалпы олар жарық дүние есігін ашқан сәттен бастап жаратушы оларды сынға алып, мүмкіндігін шектеп, төзімділіктерін сынады. Біреуге қараңғылықтың құрсауынан шығып, жарық дүниені бір көру, біреуге тым болмаса өз есімін бір есту, ал біреуге ішкі жан дүниесіндегі болып жатқан бар сезімді ым-ишарамен емес, сөзбен жеткізу -  орындалмас арман болды. Сондай-ақ, кейбір жандарға туған жердің топырағында жүгіріп жүру былай тұрсын, бір басып көру, ал біреуге ата-ананың ыстық алақандарын өз қолымен ұстап көріп, сезіну бұйырмаған бақ болды. Міне, осындай жандарға қоғам болып "мүгедектер" деген атау бердік. Күнтізбеден оларға арнап "Мүгедектер күнін" (10-қазан) белгіледік. Тіпті оларды өз ортасынан бөліп, жекешелендіріп тастадық(жеке оқу орны, интернат, жеке жұмыс орны тағысын тағы). Ең сорақысы - оларды көшеде, не басқа ортада кездестіріп қалсақ, аяушылық сезімімізді оятып, мүсіркеп қарауды шығардық. Ал, енді мұнымыз қаншалықты адамгершілікке жатады?

Әй, қайдам,маған бұл іс-әрекеттеріміз адамгершілікке жат қылық сияқтанады. Меніңше, оларды мүгедектер деп атап, қоғамнан бөліп, аяп қарау қажет емес дүние. Өзіңіз ойлап қараңызшы, өмір сізге өз соққыларын бағыттап, қиындықтарын жаудырып жатқанда біреудің сені "мүгедек" деп атап, ал біреудің аяныш сезіміне бөлену жұмылған үстіне жұдырық болмай ма? Сіз оларды "мүгедек" деп атап, мүсіркеп қарау арқылы мүмкіндігі шектеулі жан екендерін естеріне салып отырасыз. Соны ұмытпаңыз! Керісінше, оларды өзіңіз сияқты жан деп есептеңіз. Ойнаңыз, күліңіз, сыр бөлісіңіз. Көңіліндегі кірді тауып, ой санасын жамандыққа жолатпай, аумалы-төкпелі тіршіліктің күн шуақты жағын көбірек көре білуге үйретіңіз. Сонда ғана олардың жан жарасын емдей аласыз.

Шындығында, олардың емес, мына біздің мүмкіндігіміз шектеулі. Нақтырақ жан дүниеміздің. Себебі, бізге Алла бар мүмкіндікті сыйласа да, кішкентай ғана сынаққа сынып, жасып кететініміз бар. Ал, олар ше? Жоқ, олардың жігерлері мықты. Мейлі олардың 12 мүшесі толық болмаса да, мейлі олар өздері қалаған нәрселерге оңай қол жеткізе алмаса да, олар өмірді толыққанды адамға қарағанда, әлдеқайда артық сүйеді. Артық бағалайды. Мысалы, сондай жандардың бірі - австралиялық азамат Нук Вуйчич. Ол 1982 жылы сирек кездесетін синдром тетра-амелия деп аталатын ауру түрімен туса да, дені сау балаларша өмір сүрді. Ата-анасының талабы бойынша дені сау балалармен бірге білім алған. Алдынан қарсы шыққан қиындықтарға төзе алмай, өз-өзіне қол жұмсамақ та болған.Алайда, оны жақындарының кейін қандай азап тартатыны туралы ой тоқтатқан. Оның осыдан кейін өмірге деген махаббаты арта түскен. Мүмкіндігі шектеулі болса да гольф, серфинг, скейтборд сынды спорт түрлерімен шұғылданған. 19 жасынан бастап студенттер, балалар алдында өз өмірі туралы баяндап, жастарды өмір сүруге тәрбиелей бастаған. 2005 жылы "Ең жас австралиялық азамат" атағын иеленген. Әлемнің 70-тен астам елдерін аралап, жарымжан жандар үшін қиындыққа қарсы тұрып, қалай да өмір сүру керектігі жайында баяндамалар оқып, талай жанның жүрегінде үміт отын жаққан жан. "Цирк бабочек" атты фильмге де түскен. Тіпті жазушылық қырын да байқатып, "Жизнь без границ" атты кітап жазған. Қысқасы, үзілген үміттердің жалғаушысы бола білген жандардың бірі. Міне, сізге өмір қатыгездігін танытқан сәтте, осындай жандарды есіңізге алып қойыңыз. Сонда, өз өміріңіздің, мейлінше, жұмсақ екенін аңғарасыз.

Эхх...Өмірде адамнан төзімді тіршілік иесі жоқ шығар. Кейде оны ит жанды деп те мақтаймыз ғой. Ал, шындығында, ит дегеніміз анау айтқандай мықты емес сияқты.