Арыстай екі ұлдың көздеріне қара көзәйнек киіп ән айтқанда жүрегім шымырлап кетті, көзіме жас келді. Алла тағала бұл дүниені көруді жазбаса да, қуаты күшті дауыс, таудай талап беріпті. Кішкентайынан музыкаға әуес боп өскен екен. Есімдері Рафаель, Рустам.
Алланың жанарсыз екі бірдей азаматты беруі оның сынағы шығар. Демек, бұл сынақтан өту, қиыншылыққа төтеп беру ананың борышы. Біз оны батыр ана десек, артық айтпаған болармыз. Ендеше, Жанар ананың әңгімесіне көз тастайық.
«Екеуін алдыма алып, айқайлап өлең айтатын болдым, "Балдырған" журналын алып тақпақтар оқып беретінмін», - дейді анасы Жанар. Анасының айтуынша, үлкен ұлына он жасында көзіне ота жасағаннан кейін, ол тұйықталып, ешкіммен сөйлеспейтін болып кетіпті. Бірақ, «домбра қайда? гармон қайда? гитара қайда?», - деп, үйдегі музыкалық аспаптарды сұрап, бір жанға көрсетпей ойнап үйренген екен. Кейін ата-анасы баласының талабын, ынтасын көріп кішкентай синтизатор алып беріпті. Алланың құдіреті ме екен, осылайша бала музыкаға әбден жетік болып алған. Қос ағайынды бір әнді жарты сағаттың ішінде жаттап алады, дейді анасы. Екінші ұлдары болса биылдан бастап өз бетінше гитараны үйреніп жатыр. Ал кітаптан бас көтермейді екен, көбіне-көп тарихи кітаптарды оқығанды ұнататын көрінеді.
Екі ұлдың қамқоршылары - ата-анасы, сүйеніші-қарындасы бар. Көздері көрмесе де қарындастары, Нұрлыгүл ағалық қамқорлықтан зәру емес, бала күндерінде арқаларына салып ойнайтын. Қазір ақылдарын айтып, сабағына көмектеседі екен. «Ағаларыңды сыйлап, қамқор болу сенің міндетің», - деп ақыл айтып өсіріпті анасы. Екі ұлдың мінезі бір-біріне қарама-қарсы. Аналары Жанар: «Рафаельдің мінезі шатақтау. Бірақ бертін, өлең айта бастағалы бері ол мінезі басылып келе жатыр. Кішкентай балаларды көргенде мейірленіп, бетінен сүйгісі келеді. Ал Рустамның мінезі кішкентайынан жұмсақ, адамның көңілінен шыққысы келеді».
Мына жер бетін басып жүрген әр адамның арманы, мақсаты, үміті, талпынысы бар ғой. Рафаель мен Рустамның да тілек-ниеттері жоқ емес. Бұл жайлы анасынан сұрағанда:
- Рафаель концерттерге қатысып, ел арасында жүргенді ұнатады. Ал Рустамның болашақтан үміті күшті. Оқу орнына түсіп оқысам, жұмыс жасасам, үйленсем деген армандары бар. Жақында балама брайл бойынша жазып, оқытатын ұстаз қызметі бұйырайын деп тұр.
Нұрлыгүлдің дүниеге келуі бір бөлек хикая. Екі бірдей мүгедек баладан кейін кенже қыздарының дүниеге келуі Алланың берген бір разылығы дерсің.
- Рустамнан кейін сегіз жылға дейін бойыма бала біткен жоқ. Үш-төрт жыл өткеннен кейін адам дені сау баланы армандайды екен. Екі баламыз бар ғой, әрине, бірақ адам мәңгі тұрмайды. Ең болмаса ағаларына қамқор болатын дені сау бір қыз берші деп жыладық, Алладан жалбарынып сұрадық. Асырап алсақ па деп ойлап жүргенде, бойыма бала бітті. Бірақ дәрігерлер үшінші балам да екі ұлым сияқты болып туса, көтере алмай қалады деп ойлады. Балаңыз жатырдың сыртына біткен деп алдыртып тастамақ болды. Атырауда үлкен апамыз бар. Сол кісіге барып, мұңымды айттым. Ол кісі мені бір әжейге апарды. Ақ жаулықты әже: «бойыңа қыз бала бітіп тұр, қызың нұрлы болайын деп тұр», - деді. Нұрлы дегені жанарлы дегені шығар деп ойладым. Сөйтіп дәрігерге тексеріліп, узиге түстім. Олар бәрі жақсы деді. Тек қана «алты айдан соң узимен тексереміз, егер жағдай нашар болса, онда ренжімеңіз, балаңызды түсіріп тастаймыз», - деген шарт қойды. Алты айдан соң қайта қаралдым, бәрі жақсы, баланы қалдыратын болды. Қызым дүниеге келгеннен кейін әженің «нұрлы болайын деп тұр» деген сөзі есіме түсіп, қызымыздың атын Нұрлыгүл деп қойдық, - деп сөзін тәмамдады Жанар апай.
Ата-ананың арманы, ағаларының сүйеуі болу үшін, отбасына нұр болып төгілу үшін жаратқан шығар оны Алла. Екі баласын жеткізу үшін анаға да, әкеге де тиген енші жеңіл емес. Оған жігер, қайратпен қоса шыдам мен үміт керек. Оны қара шаңырақтың алтын діңгегі Жанар анадан басқа ешкім жеткізе алмайды.
- Балаларым дүниеге келгеннен кейін өмірімді қайтадан бастағандаймын. Өйткені оларды аяқтарына тік тұрғызу үшін өзіме күш-қуат жинауым керек болды. Балаларыма айтам, өмірді көзбен көрмесеңдер де, айналарыңда құлақпен естіп, аяқпен жүре алмайтындар, дауысын шығара алмай жүргендер қаншама. Сендер айқай салып өлең айта аласыңдар, соған шүкіршілік етіңдер, - деп балаларына жігер береді екен ана. - Әу бастан жігіт жыламайды деп үйреттім.
Міне осындай күшпен, қайратпен бар қиыншылықты бастан кешірген бір отбасының оқиғасы бір мақалаға симайды, әрине, ол бес тағанның жүгін көтере алатыны сөзсіз.
P.S.: Бұл жазбаны жеке мақсаттарыңызда қолданбауларыңызды өтінемін!