Мүгедек балаларды не толғандырады?!
блог
Мүгедек балаларды не толғандырады?!
А.Шопенгауер дана: «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» деген екен. Рас, сөзінің жаны бар. Адам баласы үшін денсаулықтан бағалы нәрсе жоқ екенін айтпасақ та түсінікті. Денсаулық жоқ жерде, өмір сүруге, армандауға, алға ұмтылуға құлық болмайды. Алайда, түрлі тағдыр бар. Кейбіреуі туғанынан, енді біреулері оқас апаттан мүгедек болып қалған жандар қаншама?! Ешнәрсеге мойымай, өмір ағысына ілесіп келе жатқан осы жандарды көргенде, біздің өмірге өкпелеуге құқымыз жоқ екенін түсінгендей боласың. Аллаһ Тағала әр пендесіне әр түрлі сынақ берсе керек... Берген сынағына сәйкес сабыр, соған сай шыдамдылық берген. Тағдыры ерекше сыналған осы жандар өз қалағандарын өмірден алып жатыр ма?! Әсіресе, жас буын, мектеп бітірушілерде қандай қиындықтар бар? Басқа абитуриенттер сияқты, қалаған мамандықтарын таңдай алуда ма? Сол жөнінде білсек... Сұңғат, 11-сынып бітірушісі: Менің есімім – Сұңғат. Болашақта экономист маманы болғым келеді. Биыл 11-сыныпты бітірдім. «Алтын белгі» белгісін алуыма математика пәнінен 2 балл жетпеді. ҰБТ-дан жақсы балл жинауым үшін, сабақты жақсы оқыдым. Дайындығым жақсы болды. Нәтижесінде 108 балл жинадым. Мемлекеттік грант иеленуге үміттімін. Әр адамның тағдыры әр түрлі ғой. Бір-біріне ұқсамайды. Менің де тағдырым басқалардан өзгеше. 4 жасымда жол апатына ұшырап, екі аяғым бірдей жүрмей қалды. Сол уақыттан бері қанша емделсем де, арбаға таңылып, мүгедек болып қалдым. Бірақ, «үмітсіз шайтан ғана» дейді ғой. 14 жыл бойы 1-топ мүгедегі болсам да, әлі күнге дейін ел қатарлы жүріп кететінімнен үмітім бар. Құдайдан тілейтінім де сол... Мектепті Алматы облысы, Алакөл ауданында бітірдім. Ауылымыз Талдықорған қаласына жақын. Алайда, Жоғары Оқу орнына Алматы қаласындағы, барлық бітірушілер армандап жүрген Университеттердің біріне тапсырғым келеді. Бірақ, ата-анамның мені Алматы қаласында оқытуға мүмкіндігі жоқ. Олай дейтінім, әке-шешем қызметтегі адамдар. Ал, менің сабаққа өздігімнен барып-келуім қиындық туғызады. Мектеп ауылда болғандықтан, мұғалімдер үйіме келіп жеке сабақ түсіндіріп, тапсырма беретін. Университеттерде олай болуы мүмкін бе? Мүмкін болмаған жағдайда мемлекет тарапынан мүгедектерге арнайы күтуші тағайындала ма? Адам бір нәрсені қатты қаласа, орындалады дейді ғой. Менің қалағанымның да бір шешімі болуға тиісті. Өзің қалаған білім ордасынан білім алғанға не жетсін?! Жалпы мүгедек-балаларға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі деген сұраққа, Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы №345 Заңының 6-тарауында, Мүгедек балаларға мемлекеттiк көмек:
- 1. Мемлекет мүгедек балаларды қолдауға бағытталған медициналық, құқықтық, әлеуметтiк-экономикалық шаралар кешенiн жүзеге асырады.
- 2. Мүгедек балаларды тәрбиелеушi және оларды күтiп-бағуды жүзеге асырушы ата-аналардың және басқада заңды өкiлдердiң мемлекеттiк көмек алуға құқығы бар делінген.
Яғни, бұл заңда балаларды тәрбиелеушi және оларды күтiп-бағуды жүзеге асырушы ата-аналардан басқа, қосымша күтуші жайында сөз болмаған. Университет қабырғасында білім алып жатқан студенттерден осы мәселе жайында сұрастырып көрген болатынбыз.
Арайлым, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, 2-курс студенті: Алматы – үлкен қала. Мұнда қарбалас адамдар, қаптап жатқан көліктер, жарысып жатқан автобустар... Біз сияқты мүгедек тұрмақ, он екі мүшесі сау адамдардың өзіне сабаққа барып-келу қиындық туғызады. Мен 2-топ мүгедегімін. Биыл, Алматыда, ҚазҰУ-да оқып жүргеніме екінші жыл. Әрине, қиын. Таңертеңнен кеткеннен, үйге кеш бата ораламын. Кешке аяғым қатты ауырады. Шаршаймын. Кейде оқуды тастап кеткім келеді. Бірақ, білім – менің болашағым. Дәрігерлер күнде кешке массаж жасауың қажет деген болатын. Бірақ, менде мүмкіндік жоқ. Мемлекет тарапынан мүгедектерге тобына байланысты арнайы күтуші тағайындалуы мүмкін дегенді естігенмін. Бірақ, менің күтушім жоқ. Ата-анам ауылда қызметте. Қасыңда сондай бір адамның болғаны біз үшін үлкен көмек. Қазір, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек, Ұлттық Университеттің грантын иелендім, сосын мүгедектігіме байланысты жәрдемақы аламын. Білім алу – заман талабы болып тұрғандықтан, жастардың барлығы сапалы білім алғандары дұрыс. Ол үшін мемлекет білімгерлердің жақсы білім алуына жағдай жасауы қажет. Әсіресе, тағдырдың тауқыметіне мойымай, үлкен арман-мақсатпен алға ұмытылып келе жатқан мүгедек-балаларға жағдай жасалуы тиісті...