Мұғалімнің қазіргі қоғамдағы мәртебесі
блог
«Алты алаштың басы қосылса төр мұғалімдікі» деп қазақтың біртуар ұлы Мағжан атамыз айтып кеткендей, қазақ халқы ұстазды ерекше қадірлеген. Қай ел, қай халық болмасын ұстаздан тәлім алып, хат танып, тәрбие алатыны белгілі. Ұстаз болу қиын да қызықты жұмыс. Балаларға тек білім беріп қана қоймай, сонымен қатар үлгі-өнеге көрсету де маңызды. «Адамның адамшылығы - жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірттің жолы болды деген сөз. Ол өмір атты майданда мойымай, болашағына нық сеніммен қарайтын тұлға болып қалыптасады. Көп жас жеткіншектер мектеп қабырғасында жүріп болашақта кім болғысы келетінін, мамандықтарын ойлай бастайды. Көріп жүргеніміздей көпшілігі білім берген ұстазына қарап мұғалімдік жолды таңдап жатады. Осыдан шығатын қорытынды ұстаз жақсы педагог қана емес, балалардың болашағына алаңдайтын жақсы адам да болуы шарт. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» демекші ұстаздық жолды таңдаған әрбір адам балаға білгенін үйретуден шаршамауы керек деп ойлаймын.
Ұлт ұстазы атанып кеткен Ыбырай Алтынсарин мұғалімдердің бала оқытудағы орнын әрқашан жоғары бағалаған. Ол өз сөзінде: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, ол - мектептің жүрегі» - деген еді. Ұлағатты сөз қазіргі күнде де өз құнын жойған жоқ, барлық ұстаздар қауымының тірек сөзіне айналды. Менің ойымша балаға білім беремін деген әрбір педагог ұлт ұстазы Ыбырай атамыздан үлгі алуы керек. Ең бірінші адамның дипломы бар маман емес, жақсы тұлға болып қалыптасуы маңызды деп ойлаймын. Жақсы адам болып қалыптасқан оқушы білімді, ақылды, зерек болып өседі. Сол себепті де мұғалім оқушысына үлгі көрсетіп ең бірінші сауатты, шешен болып сөз бастар адам болуы керек. Сапалы білім беру үшін ұстаз жан – жақты ойлайтын, білімді адам болуы керек. Сабақ бергенде соңғы жаңалықтарды біліп, білім беруде қолданатын материалдарды, көрнекі құралдар мен ұтымды технологияларды, тиімді әдіс – тәсілдерді барынша пайдаланып қолдану керек. Заманға сай білім берудің сапалы болуы үшін:ұстаздың білікті маман болуы маңызды. Тағы ескеретін жайт ұстаз өз мамандығын шын сүюі тиіс. Балалармен жұмыс жасауды ұнататын, өзі де ізденуден шаршамайтын адам ғана білікті ұстаз атана алады.
Бүгінгі күні қоғамда мұғалім мәртебесі туралы әртүрлі пікірлер қалыптасып отыр. Дегенмен де, білім мазмұнының өзгеруіне байланысты, мұғалімге деген көзқарас та, талап та өзгеруде. Осы жерде Қазақстанның жоғары оқу орындарын бітіруші түлектерінің басым көпшілігі педагогтер екенін айтуға болады. Бұл дегеніміз педагог мамандығының қоғам дамуы үшін аса қажеттілігінің, зор маңыздылығының көрсеткіші, себебі егер бұл мамандыққа қоғам тарапынан сұраныс болмаса, мұндай көп мамандарды даярлау кажеттілігі де туындамаушы еді. Оның үстіне, қазіргі үздіксіз білім беру жүйесінің дамуына байланысты сапалық деңгейлері жоғары, кәсіби кұзіретті мұғалімдерге деген сұраныс жыл сайын күшейе түсуде. Себебі мұғалім – елдің болашағын көркейтіп, рухын биікке көтеретін, жас ұрпақты тәрбиелейтін жауапкершілігі мол киелі мамандық екенін жалпы қоғам мойындап отыр.
Тәуелсіз еліміздің болашағы қазіргі қара көздер екені сөзсіз. Жас ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздың еңбегі орасан зор. Ойын баласына қолына қалам ұстатып жазу жаздырып үйретеді, әріп үйретіп оқытады. Осының барлығы көзге көрінбейтін еңбек сияқты болып көрінгенімен оңай шаруа емес. Ұстаздардың еңбегін ұлы ететін сөздері емес, білім беріп өсірген жемісі – аяулы әрі зерек шәкірті. Шәкіртінің кез–келген жеңісіне ұстазы қуанып отырады. «Ұстаздан шәкірт озар» деген аталы сөз де осыдан шықса керек. Көптеген аты әлемге танылған жұлдызы жанған адамдар өз сөздерінде тәрбие мен білімді қоса берген ұстаздарына алғыстарын айтып отыратыны да бізді қуантады.Бұл дегеніміз жақсылық ешқашан ұмытылмайды деген сөз. Ұстазын ұмытпай қлықтаған адамадрды ұлы адамдар деп есептеуге болады деген ойдамын!
Қазіргі дамыған заманда мамандық көздері көп. Бірақ мамандықтың әр түрлі болғаны емес, қандай мамандық иесі болсаңыз да сізге біліммен қатар тәрбие бере білген аяулы ұстазды ұмытпай, сыйлау, мереке сайын хал жағдайын біліп хабарласып тұру әр шәкірттің парызы деген ойдамын. Ұстаз атаулы жандарға шәкіртінің аман болғаны, жақсы қызмет атқарғаны ғана керек. Ұстаздың еңбегін сыйлау, оған құрмет көрсету сіздің тәрбиелі, жан–жақтытұлға болғаныңызды көрсетеді деп ойлаймын!
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.Хмель Н.Д. Жалпы білім беретін мектептегі педагогикалық процесс Алматы “Ғылым” жыл.
2.Қожамқұлова Ж. Ұстаз беделі қалай жоғары болмақ?
3. Қ.Ж. Бұзаубақова. « Мұғалімнің инновациялықдаярлығын қалыптастыру». Алматы. Жазушы 2006