Бәріңізге аян, бұрын «мұғалім болуды армандайтын» ұрпақ болды, келе-келе «мұғалім болсаң жұмыссыз қалмайсың» деген пікір орнықты, қазіргі қоғамда «ұстаздық ең машақатты, көнбіс, жалтақ, ақшасы да аз, қадірсіз мамандықтың біріне» айналып барады. Оқушыға саналы тәрбие мен сапалы білім беру үшін барын салатын ұстаздарымыздың қазіргі қоғамдағы орны неліктен төмендеуінің тамыры тереңдеп кеткен себептері жетіп артылады.
Мұғалімнен жан-жақты білім талап етпес бұрын, алдымен, оның әлеуметтік жағын қамтамасыз ету керек. Айлығы шайлығына жетпейтін, жалдамалы пәтерден-пәтерге көшіп, ілділдалап күн кешіп отырған ұстаздар қауымынан үзіліссіз ізденіс пен жаңашыл үрдістерден қалыспауды талап ету тіпті қисынға келмейді.
Білім қуғандар емес, ақша қуғандар қошамет биігіне шыққан уақытта араға жік салып тұратын ең үлкен айырма осы материалдық жағдайға қатысты көрінеді. Бұны сөзіміздің кіріспесі деп қана қойыңыз.
Ал, енді негізгі айтпақ әңгімемізге көшейік. Осы күні елімізде сайлау науқаны бола қалса, үгіт-насихат жұыстарына, адам санағы іс-шарасына дерек алуға, үй-үйді аралап мекен-жай бойынша адам түгендеуде, мектепке бала санағын алуға, әскерге баланы шақыртуға, жылқы-сиыр, қой-ешкі, тауық-қазды, тіпті, қанша түп қияр-помидор егілгенін санауға, мылтығың бар ма, қанша үйің, көлігіңнің маркасы мен нөмірі қандай екенін түгендеуге келіп тұрған адамнан «кімсің?» деп сұрамаңыз. Ол – ұстаз.
Бұндай әкімшілік құрылымдар істейтін жұмыстарды тапсыру аз болар деп ойлаған болу керек дәл қазір елімізде өтетін ең үлкен науқан ел Президентін сайлауға орай, мұғалімдер қауымы тегін үгіт-насихатшылар мен «жоғары білімді көше тазалықшыларына» айналды.
Мен өзім Қарасай ауданындағы мектепте мұғалім болғандықтан, сол ауданға қарасты білім ордаларының барлығында аталмыш шараға орай айға жуық уақыт бойына жүйелі білім берілмегеніне куәлік ете аламын. Сабағын өзге мұғалімге табыстап кетейін десе, барлық мұғалімге бөлініп берілген жоспар бар, сондықтан, мектептегі түгел дерлік ұстаздар негізгі қызметі – дәріс беруді қоя салып, биліктен түскен басты жоспарды орындауға бар күш-жігерлерін, күні-түні уақыттарын арнап жатыр. Сайлау кезінде түрлі жоғары лауазымды адамдардың ауданға келетін сапарына орай 10 күн бойы ұйымдастырылған сенбілік кезінде барлық мектеп мұғалімдері төрт-бес адамнан кезекші шығарып, оларға бүкіл мектеп оушыларын табыстап, көше тазалады. Наурыз айының 26-28 аралығындағы үш күн бойы Қарасай ауданына қарасты үлкен тас жолдарды тазарту кезінде бәріміздің отансүйгіштік сезіміміз оянып, барымызды салып жұмыс жасадық. Сәуір айының 4-і күні жоғарыдан тағы пәрмен түсіп, ұстаздық қызметімізді тоқтатып, қайтадан тазалық жұмысының соңында жүрдік салпақтап. Бұл жолы көшеде өсіп тұрған барлық ағаштарды әкпен сылап, артық-ауысын шауып, отап, жинадық. 4-і күні басталған сенбілік 13 сәуірге дейін жалғасты. Аттай он күн үздіксіз болатын сенбілікті естулеріңіз бар ма?
10 күнді бос өткізген мектептегі қаншама бүлдіршіннің ертеңгі болашағы, халқымыздың олардан күтетін үкілі үміті, отанын шексіз сүйетін, болашақ үшін бар өмірін арнаған миллиондаған ұстаздардың қастерлі еңбегі жатыр.
Иә, бағана санамалап өткен қызмет түрлеріне тағы қосарым бар екен-ау. Егер үлкен жолдарда қоқыс жинап, ағаш әктеп, артық бұталарын аралап, отап жүрген біреуді көре қалсаңыз, басыңызға «бұл тазалық қызметшілері» деген ой келе қалса, қателескеніңіз. Олар – ұстаздар. Азаннан қара кешке дейін он күндеп қара жұмысқа, айлап қоғамдық жұмыстарға салынатын, сыртқа тырс етіп, наразылығын шығара алмайтын құрметтен гөрі, мүсіркеуге көбірек ие болған, табысы тіпті өзіне де бұйырмайтын қауымнан.
Олай дейтінім, мағынасыз, мәнсіз, қалтаның қамы ғана көзделетін концерттердің билетін өткізу үшін тағы да мұғалімдердің құрбан болатындығы. Әр мектепке ай сайын кемі 5 концертке билет келеді. Оны мектеп бойынша мұғалімдерге бөлгенде бір мұғалім кемі 2 концертке барады. Бармауға хақың жоқ – аудан тексереді. Оны да жасайтын құрметті әкім-қаралар екені белгілі. «Қарсы болғандар болса қайтеміз?» деген сұраққа әкім мырза: «Егер концертке бармаса, ол қандай мұғалім? Рухани байымаған адам балаға қалай тәрбие береді?» деп шорт жауап қайырады. Директорлар бас тартқысы келген мұғалімдерге әкімнің осы сөзін алға тартып, тырп еткізбейді.
Кейбір жанды жабырқатар сәттерде ешкімге айта алмайтын жан сырымды ақтарар сенімді серігім – күнделік.
«2013 жыл. Күз. Сабақ үстіндемін. Есік жұлқи ашылды. Директордың тәрбие жөніндегі орынбасары тұр.
– Сен не деген адамсың? Валерий Бойченконың концертіне неге бармаймын дегенсің?
– Менің баратын жағдайым жоқ. Билетке төлейтін ақшам болмай тұр. Қызым ауырып жатыр. Дәріге де ақша таппадым. Үйде нан да жоқ. Соған біреуден 100 теңге қарыз сұрайын деп едім…
– Шаруам жоқ. Ауданнан тексереді. Қазір билеттің ақшасын төле де, кешке Қаскелеңге концертке бар.
– Жолдың ақшасын қайтем?
– Білмеймін, бармайтын болсаң директорға кір!
Көзіме жас тығылды, әрі қарай ештеңе айтудың мәні жоқ. Жүгіріп сыныптардың есігін аша бастадым.
– Апай, маған ақша бере тұрыңызшы!
– Жоқ.
– Апай, қарызға ақша бере тұрыңызшы!
– Жоқ.
Әйтеуір, біреуден – 200, біреуден – 100 теңге алып, 1000 теңгеге толтырып билетке төледім. Үйге келсем, қызымның ыстығы 38 градус болып тұр.
– Сен жата тұр, ботам, егер қорықсаң көрші үйге бар. Тапсырып кетемін! – деп қоямын, көмейіме өксік тығылып.
Көршіме кіріп, қызыма көз қырын салуын өтіндім. «Қалған бірдеңе бар ма еді?» деп тоңазытқышты ашсам: қатқан нан да жоқ.
– Қызым, шыдай тұршы. Әйтпесе, жұмыстан айырылып қаламын ғой. Концерттен келе сала, тамақ дайындаймын, ботам! – дедім, ішімнен егіліп.
Сыртқа шықтым. Қаскелеңге бару үшін жолға кемі 500 теңге керек. Көрші ауылға жаяулатып тартып кеттім. Әпкемнің үйіне кіре сала: «Маған 500 теңге беріңізші» дедім.
Ол берді. Қаскелеңдемін. Ойымда – қызым ғана. Концерт залына кіріп барсам, қабағы қатыңқы бір әйелмен жанында жалбақтаған жас жігіт тұр. «Қай мектеп, қанша мұғалім?» деп тізімдеп жатыр. Бұл – аудандық білім бөлімінің тәрбие жөніндегі маманы…
Сахнада орыстардың молдасындай боп қап-қара киінген Валерий Бойченко тұр. Қайран өмір-ай! «Менің өнеріме бас иіп, ерекше сүйіспеншілікпен жиналған қауым» деп ойлаған әнші осы сәтте бақытты шығар. Біреудің жүрегі қан жылап, амалсыздан осында отыр. Анаға ауырып жатқан баласын кеште аштан-аш жалғыз тастап, зорлықпен концерт көріп, «көңіл көтеруден» асқан қорлық бар ма екен?..
2013-2014 оқу жылы.
Бастықтың кабинетіне кірер жерде 4-5 мұғалім тұр.
– Сіздерді де шақырған ба?
– Иә.
– Бірге кірейік.
Шашы сарғыш түске боялған қысқа, толық қара кісі – менің бастығым. Өз креслосында шалқая түсіп отыр. Қабағы қатулы. Мен одан қорқамын. Егер ол бір күн ұрысса мен одан он күн қашып жүремін. Таңертең жұмысқа келерде міндетті түрде Аллаға сиынамын.
– Арыздарыңды жазып жұмыстан кетіңдер.
Мен түсінбей абдырап тұрып қалдым. Не жазып қалдым, не бүлдірдім? Жүрегім аузыма тығылып дүрсілдеп барады. Ішімнен: «Алла маған көмектесіңізші» деп жалынып тұрмын.
– Кеше неге Бағдат Сәмединованың концертіне бармадың? – деді зәрлі үнмен айғайлай сөйлеп.
– Сол үшін бе, билеттің ақшасын төледім ғой-й-й.
– Мынаның айтып тұрғанын қарашы, ұятсыз! Ауданнан тексеретінін білмейтін бе едің? Арызыңды жаз да, жұмыстан кет!
– Кешіріңізші, енді қайталанбайды.
Естіген сөздеріме жүрегім сыздап сала берді. Не деген өмір бұл? Егер мен жұмыстан шықсам, менің баламды Бағдат Сәмединова баға ма? Мен неге ол кісінің концертіне бармағаным үшін жазалануым керек? Әншілерді «халық адамы» дейді. Әншілер нәзік жандылар. Олар сезім мен махаббаттың иелері іспеттес көрінеді бізге. Кейде мен қатты ренжимін. Бір айда келген бес концерттің екеуіне міндетті түрде билет алуым керек, оған қоса жол шығыны бар, оны менің айлығым мүлде көтермейді.
Телеарна, радио, газет-журнал түгелдей әншілерді әспеттейді. «Жұлдызды шаңырақ» деген бағдарламада әншілердің зәулім-зәулім сарайын, көлігін, киімін, т.б. туралы көрсеткенде іштей зығырданың қайнайды.
Қызым маған: «Анашым, мына әнші зәулім сарайды қалай тұрғызғаны жайлы айтты. Сарайы әдемі, өзі ханшайым сияқты екен» деді қызыға сөйлеп, бала көңілмен.
Мен оған: «Қызым әншілердің зәулім сарайының қаланған әр кірпішінде сенің нансыз отырған аш күніңнің есесі бар. Соны көріп менің жылаған көз жасымның ащы тамшысы бар. Әншілерге қызықпа, балам!» деймін.
Иә, ойланып қарасам, Айгүл Иманбаеваның «Темір қатын» пъесасына барған күні қызым сүтсіз шай ішіп, нан жеп қана ұйықтаған. Сол күні ыстық тамақ жасайтын ақшамнан қағылдым. Айқын Төлепбергеннің концертіне барған күні мен қызымның би үйірмесіне төлеймін деген ақшамды беріп, қызым биге қатыса алмай қалған. «Кел, билейік кәне, достар!» деген концертке барғанымда – қызыма апта басында мектепке күніне жұмса деп берген 800 теңгені қайтарып алып, ол бір апта мектепте түскі ас ішпей жүрді. Иә, қазір теледидардан түспейтін жақсы, әдемі әнші Роза Әлқожаның концертіне барған күні қызыма етік алуға қойған ақшаны салып жіберіп, қызым ақша болғанға дейін көршінің қызының ескі етігін киіп жүрді.
Жалғызбасты анамын. Қосымша табыс көзім жоқ. Айлығым санаулы. Жалдамалы үйде тұрамын. Баланың шығындары бар. Табысым күнкөрісіме жетпейді. Осындай жағдайлардан менің концерт көретіндей көңіл-күйім жоқ. Қызым «әнші боламын» деп армандайды. Мен оған түбегейлі қарсы боламын. Әншілердің зәулім сарайының әрбір тасы мен сияқты қиналып жүрген мұғалімдердің көз жасынан құралғандай көрінеді маған.
Әрине, барлық әншіні даттаудан аулақпын. Қадірі жоқ әншілер билетін зорлап өткізеді. Қадірі мол әншілер билетін зорға жеткізеді…».
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында: «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек» деген еді. Балалар – біздің болашағымыз. Ертеңгі ел қорғайтын батырлар мен ел басқаратын тұлғалар да бүгінгі бүлдіршіндерден шығады. Болашағымыздың жарқын болуы үшін оларды отансүйгіш, тілін, елін, жерін қорғай алатын үлкен азамат етіп тәрбиелеу парызымыз.
Бірақ біздің қоғамымызда елдік, ұлттық мұрат-мақсаттар көтерілетін, тегіннен тегін өтетін жиындарға бару – қылмыс жасауға парапар іс саналады.
Мысалы, жыл сайын қыркүйек айында «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының ұйымдастыруымен мемлекеттік тілімізді қолдауға арналған, тіл төңірегіндегі және басқа да түрлі толып жатқан қоғамдық мәселелерді көтеретін дәстүрлі жиын өтіп тұрады. Жиын туралы ақпарат кейбір ақпарат құралдарында, ғаламтор сайттарында жарияланып, үнпарақтар да таратылады. Хабарландыру арқылы құлақтанған ойы өрелі жоғары сынып оқушылары мен студенттердің көпшілігі ондай жиындарға қатысып, тіл жанашырларының аузынан шынайы жағдайды ұғынып, білмегендерін біліп қайтқысы келеді. «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының мүшелері адам жинауға көбірек хабарландыру таратқан сайын, билік тарапынан бұған қарсы небір айла-амал ұйымдастырылып, мектеп, колледж, университет басшыларына ондай іс-шараларға бірде-бір оқушыны жібермеуге қатаң тапсырма берілген. Жиынға мұғалімдер тек оқушыларын іздеп, тауып алса – жер-жебіріне жетіп ұрсу үшін ғана төбе көрсетеді. Осылайша, жас жүректің бойында енді алаулай бастаған патриоттық сезімдерді жоқ қылуға дайын тұрады. Сол сияқты жыл сайын желтоқсан оқиғасын еске түсіретін 16-19 желтоқсан күндері апталап демалысқа жіберу әдейі ұйымдастырылған.
Ұлт мүддесін қашан да өз абыройынан биік қойған Мұхтар Шахановтың «Қызметі үшін ұлтын сатқан ұстаздар» өлеңінде мынандай жолдар бар:
«Біз Алматы қаласында,
От пен өсек арасында
«Мемлекеттік тілді қолдау» акциясын өткіздік.
Тіл өлсе ұлт қалмайтынын,
Рухсыз бақыт болмайтынын
Космополиттенген билік құлағына жеткіздік.
Көп жылғы үгіт текке өткен бе?
Институттарда, мектептерде,
Тапсырмамен кілең қазақ ұстаздары бірлесіп,
Рухсызданған билік-атқа мінгесіп,
Жанын салды сол жиынға жібермеуге жастарды.
Тілге, ұлтқа қарсы күрес ұстаздардан басталды.
Осы ма еді ел күткені,
«Ұлтшылдарды» жеңдік деді,
Ол сорлылар шыққандай бір абыройлы белеске.
Бұл, әрине, қызметі үшін ұлтын сату емес пе?…
«Мемлекеттік тілді қорғау – орыстың да борышы,
Неміс, ұйғыр, татарға да ол міндет ісі, ар ісі…»
Ендеше одан неге қашты талай қазақ «арысы?»
Ұлтсызданған басшыларға жалтақ-жалтақ қараумен,
Және олардың кезектесе «туфлиін жалаумен»,
Көбісінің мүлдем өліп қалды ма екен намысы?…»
Менің түсінігімде, ұстаз – білім беру сапасын ғана арттыратын тұлға емес, ол мемлекетімізге, мемлекеттік тілімізге, барлық ұлттық құндылықтарымызға деген құрмет сезімін шәкірт жүрегінде оятушы, дарытушы. Ұрпақ тәрбиесі атты ұлық міндетті атқаратын ұлағатты ұстаздар жалған концерт-қойылымдардың, шешімі алдын-ала белгілі сайлау науқанына үгітшіліктің, көше тазалап, ағаш әктеп, сылақ жасап, қара жұмысқа жегілудің орнына дәл осындай іс-шараларға қатысуы керек еді. Әлі күнге өз жерінде мемлекеттік мәртебені сөз жүзінде ғана иеленіп отырған тіліміздің, мүшкіл халіне алаңдап, қайтсек тығырықты мәселеден шығамыз деген сұрақтар көтерілетін келелі жиындарда алдыңғы топта жарқырай көрінуі тиіс еді. Өкініштісі, тек жалақымен күнелткен, не оңға, не солға бұрылуға мүмкіндігі жоқ миллиондаған мұғалімдердің саяси науқандарда биліктің жетегінде жүрмеске амалы да жоқ. Айтар ойы бар, көкірегі қазына ұстаздар мүлде жоқ деуге болмайды. Ондай жандар бар. Естиярлық танытқан, қарсы уәж айтып, шындықты ту еткен мұғалім ағаш атқа теріс таңылатын болғандықтан, қалғандары көнбіс қалыптан шыға алмайды.
«Қарсы шыққандар жұмыстан қуылады» деген бірауыз сөзден шыға алмайтын, тайталасуға дәті бармайтын ұстаздарымыздың құқығын кім, қашан қорғайды? Ұстаздарды әкімшіліктің қоғамдық шараларына, қара жұмысқа заңсыз жегу тоқтатыла ма? Мұғалімдер қашанғы саңырауқұлақтай қаптаған әншілердің жағдайы үшін қызмет етуі тиіс? Ұлт руханиятын көтеретін елдік, ұлттық маңызы бар шынайы отансүйгіштік сезімдерді оятатын жиындарға баруға қашан рұқсат беріледі?» деген сұрақтарды дәл қазір барлық ұстаздар қауымы бір жұдырық болып көтермесе, мемлекеттік деңгейде шешім шығаруды талап етпесек, дәл осы күйімізден кері кетпесек, ілгері жылжуымыз мүмкін емес.
Бастапқыда мақаламды бүркеншік атпен беруді ойладым. Өйткені, алғашында, бүкіл мектеп мұғалімдерінің қаралауында қалып қиналып едім. Әділдікті аңсап, шындық үшін күрескім келген сайын өз ортамда ең «нашар адам» болатыныма көзім жетті.
Бірақ бұл мұғалімдер мұңын көтерген мақала жүрегінде кішкене болса да әділдігі бар азаматтардың қолына түссе, шешімін табар деп үміттенгендіктен, аты-жөнімді толық көрсетуге шешім қабылдадым.
(с) Айман Сағидуллаеваның пікірін жазып алып, баспаға әзірлеген – журналист Жанна Иманқұл