Мұғалім болғым келмейді

Мұғалім болғым келмейді
жеке
блог

Данышпан да, дана да оқып сенен,
Атақ-даңқын асырды бар әлемнен.
“Ұстаз” деген аяулы, асыл жанды,
Жақсы көрем, арнаймын жақсы өлең!,- деп мектеп табалдырығында жүргенде ұстаздарымызға арнап өлең оқып, ән айтып, қызыл гүлшоқтарын беріп ыстық лебізімізді білдіріп жатушы едік. Себебі өзімізді өмірге әкелген анамыздан кейінгі екінші анамыз дәл осы ұстаздар еді. Олар біздің өмірге деген құлшынысымызды арттырды, өмірге өзгеше көзқараспен қарай білуді үйретті, білмегенімізді оқытты, шоқытты. Біздің сауатымызды ашты. Екінің бірі ҰЛЫ деген сөзге ие бола бермейді. Алайда дәл осы ҰСТАЗ есімінің қасына ҰЛЫ сөзі тіркесіп жазылады.

            Бірақ, қазіргі жастар ұстаздардың осындай ұлылығына қарамастан «Мен ұстаз болғым келмейді»,дейді. Неге? Бұл кісілер бізді кеше өздеріне елітіп, баурап алған асыл жандар емес пе? Жастардың мұндай пікір айтуына не себеп болды? Осы сауалдарға арнайы жауап алу үшін мен сауалнама жүргізген болатынмын. 

Менің «Мұғалім болып жұмыс істегіңіз келеді ме?» деген сауалнамама он бес адам жауап берді. Осы он бес жауаптың ішінде тоғыз адам мұғалім болғылары келмейтінін ашық айтты. Бес адам мұғалім болғысы келетіндіктерін, бірақ оған аса қатты шыдамдылық пен төзімділік керек екенін айтып өтті. Және бір адам егер өзге мамандық болмай бара жатса, амалсыздан болар едім қаражат көзі үшін деді.

Ұстаз деп ұлықтап, сыйлағандарынан артық сөз айтуға ұялып, бір ғана қараған көзқарасынан ақ үндемей қалатын оқушыларға сонда не болды? Бұл сұраққа мен мынадай жауаптар алдым.

- Мұғалімнің жұмысы өте ауыр. Сыныпта отыз оқушы болса оның әрқайсысының көңілін табу оңай шаруа емес.

- Мұғалім қадірсіз жұмыс, өйткені сен балалар үшін сонша шапқылап, анда мында жүгіресің, алайда дәрежең оқушыдан да төмен. Не оқушыға, не ата анасына қарсы сөйлей алмайсың. Жұмыс істегің келсе тәртіпсіздердің көрсеткен қорлығына да шыдау керек.

- Мұғалімнің жалақысы өте аз. Пәтеріңе жеткізсең, тамақ жоқ. Тамағыңды алсаң, пәтерсіз қаласың. Әрі балалрды киіндіру керек дегендей... Әрі әрнәрсені сылтауратып ақша жинала береді, еріктерінен тыс газетке жазылдырып қояды. Мұның барлығы жалақыларынан ұсталып, бар жалақыларының жартысын ғана алып жатады.

- Ұстаз ұлы тұлға дейді. Рас, тәлім тәрбие берген ұстаздарымызға мың алғыс. Нағыз ерлік жасаған кісілер солар. Алайда, қалада бір концерт, күтіп алу шаралары болса ұстаздарды тықпалай береді. Мәжбүрлейді. Ұстаздың жұмысы тек білім беру емес пе?

Міне, мен куә болған жауаптар, ұстаз болмаймын деудің себебі осылай. Мен деген мамандықтардың бірі осы ұстаз болу еді, алайда қазіргі таңда бұл мамандықтың да аяғы ақсап тұр. Ертең балалрымызды кім тәрбиелейді? Мәжбүрлікпен ұстаз болған оқытушы қандай ұрпақ тәрбиелейді? Бұл біздің қазіргі қоғамда белең алып тұрған шешімі кейінге қалдырылмай қазір табылуға тиісті күрделі мәселе. Өйткені ұрпақ болашағы, ел болашағы, ұлт болашағы тікелей ұстаздардың берген білімімен байланысты. СонДықтан да ұстаздарымыздың құқығын қорғайтын заң шығарып, олардың мәртебесін көтеру керек. Билікте отырған шенеуніктердің жалақысын осы ұстаздарымызға беру керек. Жамау киімді кедейден бастап төрде отырған елбасымызға дейін дәл осы ұстаздардың алдынан өтті емес пе? Олай болса ұлағатты ұстаздарымызды ұлықтап өтейік, ағайын!