Міржақып Дулатұлының Жастарға өлеңі турасында

Міржақып Дулатұлының Жастарға өлеңі турасында
жеке
блог

     Патша үкіметінің озбырлығы өтіп, тізесі әбден батқан XIX
ғасырдың аяқ шенінде қара халықтың төзімі таусылуға шақ еді.
Әсіресе құқығы тапталып жатқан еңбекшілер мен шаруалардың
буырқанысы пісуі қанған қымыздай шарасынан асып төгіліп жатқан.
Осы кездегі дүрлігіс өкіметтің қол астындағы қазақ секілді бұратана
халықтардың құқығын мүлдем елемеуіне, салт- санасының өзегінен
айырып, күнкөріс көзі болған малдарын тартып алуы, шабындық
жерлер мен егінші қазақтарды өздерінің тыңайтылған жерінен қуып,
Ресей мұжықтарын қоныстандыруы және онысыз да аш-жалаңаш
елден алатын алым-салықтың көптігі ашынған халықты соңынан
ертіп әкетті. Алайда, бұл қозғалыстың сәтсіз аяқталуымен патша
үкіметі тегеурінін тіпті де қатты батыра түсті әрі қауіпсіздігі үшін
әрбір қылт еткенді көзі қызарғанша қарауылдап бақты. Соның
ішінде, баспасөзге ерекше екпін қойылғандығы, өз кезегінде,
қырағылық еді. Себебі баспасөз- халықтың көзі, құлағы һәм тілі.
    Осындай қысым-қыспақ кезінде жарыққа шыққан санаулы қазақ
газеттерінің бірі, тек 2 нөмірі ғана баспа бетін көрген “Серке газеті”
болатын. Ал оның соңғы санында Міржақып Дулатұлының “халықты
үкіметке қарсы қоятын” «Жастарға» өлеңі басылған еді.
“Найзаменен түртсе де,
Жатырмын қазақ оянбай,”- деп басталатын жыр жолдарынан
ақынның Ресей үкіметінің отаршылдық саясатына ишарат етіп,
олардың әділетсіздігіне емес, өз жұртының қараңғылығына, елін
отарлағанына емес өздерінің жеке малын тартып алғанда ғана бас
көтеретін бейқамдығына деген күйінішін байқаймыз. Неге десеңіз,
осы жағдайдың өзі халықтың пролетариаттануы мен отарлануына
себеп емес пе?

   Халқының мұндай дел-сал күйі Міржақып пен басқа
да алашордашылардың көзіне әбжыланның арбауындағы терең де
қамсыз ұйқыдай көрінген. Сөйтіп олар маса болып ызыңдап, “оян”
деп жар салып бақты. Өлең соңында сол ызың жастарға үлкен
аманатты тапсырып біржола ғайып болатындай көрінеді. Қараңғы
заманда елді бастайтын сенімді серкесі болуы керек. Ал патша
үкіметіне көз алдындағыны ғана байқап, анау қырдың астында не
барына тіпті де қызықпайтын, “айт” дегенге үркіп, айдағанға жүретін
қойдан жуас ләббайшы тобыр қажет еді. Серке газетінің жабылу
себебі де осы болса керек. Олар әрдайым өз игілігі үшін көп ішінде
суырылып шығар “серкелерді” құрбандыққа шалып отырды.

    Ғұмырының қысқалығына қарамастан бұл газеттің және ондағы
төрт-ақ шумақ өлеңнің бүгінгі күннің бақытына қосқан үлесі мол деп
білемін. Әрі сол зар-замандардағы ғафыл ұйқыны сейілткен қысқа
ғана үн деп бағалаған болар едім.