Моцарт әсері
блог
Әлемді жаулаған музыканың тылсым күші әрбір жанды лезде баурайды. Мына заманның қарқыны мен қиындығынан шаршаған әрбір адам музыкадан тыныштық іздейді. Ерте заманнан бүгінгі кезге дейін музыканың түрлі бағыттары дамып, әр бағыт өз тыңдармандарын табуда. Дегенмен, осы музыка бағыттарының ішінде тарихы терең, музыка әлемінде үлкен орны бар классикалық музыка әрдайым биік әрі маңғаз.
1991 жылы «Моцарт әсері» атты ұғым пайда болды. Бірақ бұл теория екі жылдан соң ғана “Nature” журналында толық түсіндірілді. Әлемді дүр сілкіндірген бұл теорияның мәні – баланы жастайынан Моцарттың туындыларын тыңдауға әуестендірсеңіз, ол зиялы тұлға боп өседі екен. Моцарт еш талласыз ғажап талант иесі болғаны сөзсіз. Осы мәлімдемеден кейін көптеген ғалымдар, психологтар аталмыш мэтрдің туындылары қалай миды дамытуға көмектесетінін білуге асықты.
Мақаламызды одан ары өрбіту мақсатында, Моцарт туралы біраз ақпарат жазсам қалай қарайсыздар? Сонымен, аталмыш музыка данышпаны жайлы қызықты деректер төмендегідей:
- Вольфганг Амадей Моцарт ( оның есімі «құдайдың сүйіктісі» деген мағынаны білдіреді ) 1756 жылы қаңтар айында австриялық Зальцбург қаласында дүниеге келген. Оның әкесі Леопольд Моцарт аса дарынды скрипкашы.
- Кішкене күнінен оның музыкаға деген қызығушылығы өте жоғары болған. Тіпті Моцарт 4 жасында клавесин аспабына арналған концерт жазбақшы болады, ал 7 жасында өзінің алғашқы симфониясын жарыққа шығарады
- Моцарттың барлық туындылар саны 626.(!)
- Ол Австрия әнұраның авторы.
Бір қызығы осы жаңалықтан соң, Джорджия штатының әкімі (мэрі) сәбилі болатын әрбір отбасыға Моцарттың музыкалық жауһарлары жазылған СD дискеттерді сыйға тартқан. Моцартты тек сәбилер мен бүлдіршіндер ғана тыңдамаған. «Ой мифтері» еңбегінің авторы, әйгілі психолог Сергио Делла Сала моцарелло ірімшігін дайындайтын фермаға барғанда, ондағы фермерлердің сиырларға күніне 3 рет Моцартты тыңдататынын естігенде қатты таңғалған. Фермерлердің сөзіңше, Моцарттың әуендері сүтті молырақ өндіруге көмектеседі екен.
Дегенмен, Калифорниялық университте орналасқан нейробиологиялық орталықтың зерттеу мақаласына көз салсақ, онда «Моцарт әсері» деген термин мүлдем қолданылмаған. Бұл – бірініші қызық. Екінші қызық: жүргізілген тәжірибеге балалар емес, ересек студенттер қатысқан. Жалпы саны 36 білім алушы. Олардың әрбіріне үш рет ой әрекетіне қатысты тапсырма берілген және әр тапсырма алдында олар 10 минут тыныштықта отырады, не сергіту әуендерін тыңдайды немесе Моцарттың фортепианода орындалатын D major (K448) сонатасына құлақ салады.
Тәжірибе қорытындысы бойынша Моцартты тыңдаған студенттер берілген тапсырмаларды жақсы орындаған. Қысқа уақыт ішінде олар кеңістіктегі тапсырмаларды үздік орындап шығады. Өкінішке орай, аталмыш әсер, авторлардың пікірінше, 15 минутқа ғана созылады екен. Сондықтан, сіз мұнымен өзіңізді мәңгілік зиятпен қаматамасыз ете алмайсыз.
Кейіннен осы тақырыпта біраз зерттемелер жасалды. Он алты оқу орнының тәжірибелік жұмыстары музыка тыңдау арқылы мидың ойлауын уақытша жақсартып, оймен фигураларға манипуляция жасауға болады деген қорытындыға келеді. Бірақ бұл ерекшелік ұзаққа бармайды және мұнымен сіз данышпанға айналмайсыз.
Алайда, музыканың сіздің миыңыз бен IQ-ыңызға әсер ете алатын бір әдіс бар. Өкінішке орай, бұл үшін сізге көбірек қажыр-қайрат пен күш қажет. Қандайда бір музыкалық аспапта ойнап үйрену сіздің миыңызға жақсы әсер береді екен. Батыс Лондан университетінің когнитивті психологияны зерттеуші ғалымы Джессика Гранның пікірінше, қарапайым практикамен жүргізілетін біржылдық фортепиано үйрену сабақтары сіздің IQ-ыңызды толық 3 ұпайға көтереді.
Ал, сіз, Моцарттың музыкасын тыңдаған кезде қандай күй кешесіз? Сиқырлы әуен сізді әлдебір тылсым әлемге бастап, күйбең тіршіліктің дертінен бір сәтке болсын айығуға көмектесе ме? Көмектесері сөзсіз. Бәлкім, сіз әлі де болсын, бұл классиктің әуендерін тыңдауға, құлақ құрышыңызды қандыруға үйретпеген боларсыз. Уайымдамаңыз. Күніне әйгілі классиктердің белгілі туындыларын бір рет тыңдауға әдеттенсеңіз, бәлкім, Моцарт әлеміне сіздің де жүрегіңіз өз есігін ашар.