Мөлдір Әуелбекова: Жеке кәсіппен айналысу ойда бар.
блог
Алғашқы сұрағым, өнерге қалай келдіңіз? Қазіргі деңгейге жету жолында қандай кедергілерден өттіңіз?
Өнер жолына түсірген алғашқы баспалдақ – 2004 жылы өткен «Superstar.kz» жобасы. Сол жобаның үздік финалистері қатарында көзге түсіп, ауызға іліндім. Содан бастап сахна тірлігінің дәмін таттым. Ал жолымда осындай кедергілер болды, қиындықтарға кездестім деп айта алмайды екенмін. Шүкіршілік. Өнер жолында барлығы өз ретімен, өз уақытымен келе берді.
Егер сіз әнші болмасаңыз, кім болар едіңіз?
Міндетті түрде спортшы болар едім деп ойлаймын. Алайда, мен туылар алдында анамның түсіне Қара шал кіріп, аян беріп, атымды Мөлдір қойдырған екен. Содан бері үй-іші, туған-туыстар менің ерекше жолға түсетініме сенімді болған сияқты. Әсіресе, нағашы әпкем үй тірлігіне араластырмай өсірді. «Ыдыс жуу, үй жинау Мөлдірдің тірлігі емес» деп отыратын. Ата-анам да «Сен біздің қыз емессің, халықтікісің» деп тәрбиеледі. Содан ба екен мен де өзімнің әнші болатыныма күмәнсіз өстім.
Әншіліктен басқа қандай кәсіппен айналысасыз? Немесе жеке кәсіппен айналысу ойыңызда бар ма?
Жеке кәсіппен айналысу ойда бар. Алғашқы жоспарлар да пайда болды деп айта аламын. Ең бастысы ұстаздықпен айналысқым келеді. Түйген-білгенді үйрететін күнге жетсем деймін. Уақытында ол да бола жатар.
Сіздің тек твиттер мен инстаграмда ғана отыратындығыңызды білеміз. Ал осы және өзге де әлеуметтік желілердегі Мөлдірлерге қалай қарайсыз? Ал фан клубтарыңызға ше?
Фейк деген ғаламдық дерт болғандықтан онымен күресіп жату, оған назар аударып, уақыт бөлу – босқа арамтер болу. Алғашында сенімсіздікпен қарағаным рас, қазір назар аудармайтын болдым. Ал фан-клубтарға алғысым шексіз. Мен үшін арнайы уақыт бөліп, шығармашылығымды насихаттау – үлкен еңбек. Сондықтан оларға үлкен табыстар тілеймін.
Сіздің шығармашылық жаңалықтарыңызды халыққа жариялап отыратын ресми парақшаңыз бар ма?
Осы орайда жақында ғана ойланып жүр едім. Шығармашылығыма арналған сайт ашсам деген ой бар. Алайда жоспар күйінде тұр. Маған ең жиі қойылатын сұрақтарға жауап беріп тұратын бір дүние болуы заңдылық. Бұйырған күні ол да болар.
Мен мой мир және вконтакте әлеуметтік желілеріндегі "Фан клуб Молдир Ауелбек" парақшасының администраторымын. Сіз туралы бар білген жаңалықтарымды осы фан клуб арқылы сіздің тыңдармандарыңызға жеткізіп отыратынмын, қазіргі уақытта бұл парақшаларды өзіңіздің тыңдарманыңыз, жанкүйеріңіз, сіңіліңіз Қарағұлова Ақшағала жүргізеді. Бізге адамдардың көпшілігі "Мөлдір сіздің шәкіртіңіз болғым келеді" деген хаттар жазады. Бұған не дейсіз?
«Күтіңіздер, қолға аламын» деймін. Бірақ менен сабақ алуға барлығын топырлатып қабылдаймын деп уәде бермеймін. Қатаң іріктеу жүргізіп, шынымен талантты, сенімі мен қажыры жетерлік, болашағы бар жастармен ғана жұмыс істеймін.
Жанкүйерлеріңізбен қаншалықты жиі кездесесіз? Олардан алған ең бағалы сыйлығыңыз не?
Жанкүйерлерден алған ең қымбат сыйлық – олардың махаббаты мен сенімі. Одан артық сыйлықтың керегі де жоқ. Мен де дәл солай сыйлық жасауға тырысамын. Қазір олармен кездесу ұйымдастыруға ыңғайлы сәтті күтіп жүрмін.
Басыңыздан өткен ең қызық оқиға?
Қаншалықты қызықты оқиға екенін білмеймін, бірақ мені ұзақ күлдірген бір «хикаям» бар. Топта жүрген кезім. Бір азаматпен достасып, сөйлесіп жүрдік. Ол сахна жұлдызының досымын деп мәз. Құшақ-құшақ гүлдер сыйлап, қымбат маркалы көліктермен күтіп алып, бағалы сыйлықтар жасауға құмар еді. Біраз уақыттан соң ол жігіттің менің талғамыма сәйкес келмейтінін, екеуміздің мүлдем жат адам екенімізді түсінген соң, «арақатынасты тоқтатсақ, дос болып қалсақ» деп өтініш білдірдім. Әлгі жігіт бұлқан-талқан ашуланып, «мен сен үшін қаншама ақша жұмсадым» деп айтып салмасы бар ма. Сол мезетте-ақ өз шешімімнің дұрыстығына көз жеткіздім. Азаматтың осынша ұсақтығы мен үшін үлкен кемшілік еді.
Тыңдармандарыңызды қуантатын қандай жаңалықтарыңыз бар? (шығармашылық, жеке өмір)
Жаңалықтар баршылық. Қазір жариялап жатпай-ақ қойсам деймін. Іске асқан күні сүйіншілеп хабарлаймын.
Жеке шығармашылық концертіңізге қашан бара аламыз?
Жеке концерт үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сонымен қатар ұзақ дайындық, көлемді қаржы. Сондықтан асықпай, жанды дауыста, оркестрмен, заманауи талаптарға сай концерт жасауға дайындаламын.
Бір сұхбатыңызда өзіңізге арнайы домбыра жасатқандығыңызды, сол домбырамен сахнаға шығып ән айту ойыңызда жүргенін айтқан едіңіз. Бұл ой жүзеге асырылып жатыр ма? Қашан көре аламыз?
Домбыраны алып шығу ойда бар. Ол жоспарымды ұмытқан жоқпын. Жүзеге асыруды ойластырып жатырмын. Өзіндік ерекшелігімен, үндестігімен іске асса нұр үстіне нұр.
Сұхбатыңызға рахмет! Шығар биігіңіз, алар асуыңыз көп болсын! Жақсылықта жүздескенше!
Сіздерге де үлкен рахмет. Бар болыңыздар, бірге болыңыздар.
Сұхбаттасқан: Сапарбай Гүлбану