Мөлдір Әуелбекова "Датым бар!"

Сөз басында «Дат» арқылы айтар датым бар. Жеке шығармашылықпен айналысып жатқаныма бір жылдай болып қалды. Бір жылда талай істің басын қайырып, тілге тиек болар көп шаруа атқардым. Алайда жаршымын дегеннің барлығы айналып келіп бұрынғы өмірімді қазбалап сұрай береді. Айтары естіліп, жазары оқылып біткен тақырыпты тақырлай бергеннен алтын шықпайтынын түсінер уақыт жеткен сияқты. Шындықты айтып, ел мұқтажын жоқтайтын, бағамдап, сараптап, жол сілтеп жіберетін төртінші билік өкілдері құлқынның қамымен өсек-аяңның айналасынан шықпайды. Өкінішті.

«Адамның бақыты мен тыныштығын ұрлайтын Ібілістің үш ілмегі бар: өткен іске өкіндіру, келешекке алаңдату, қазіргінің қадірін ұмыттыру» дейді қасиетті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисі. Жан тазалығы, иман беріктігі үшін осы хадисті өмірлік ұстанымым еттім. Өткеніме өкінбеймін – бүгініме жасаған қадам. Келешекке алаңдамаймын – бір жаратушының бұйрығы болады. Қазіргінің қадірін ұмытпауға тырысамын – күпірлік болар. Сондықтан да бұрынғы продюсерім, тобым, кино, ортам туралы сұрақтарға мүлде жауап бермесем деймін. Шынымен жаңалық жаршылары, өнер жанашырлары болса өткенім туралы сауалдар қоймаса екен тілегім бар.   

 

-         Ежелде өз қанын қаңғыртып тастамайтын қазақ жұртындағы бүгінгі жетімдер жағдайы қалай деп ойлайсыз?

Өркениеттің жемісі. Кез келген нәрсе өткір пышақ сияқты ғой. Дұрыс ұстасаң нан турайды, олақ ұстасаң қолыңды кеседі. Өзгеден үйренеміз деп жүріп қазаққа жат қатігездікті, өгейшілдікті, жүрексіздікті, қайырымсыздықты сіңіріп алғанымызды байқамай қалыппыз. Жетімі жабырқамаған, ешкімге телмірмеген елдің әр аймағында он шақты жетімдер үйі бар болғаны жанды жегідей жейді. Еліміздің ертеңі ана мейірімінсіз, әке қамқорлығынсыз, бауыр жылуынсыз өскені жақсылық емес. Мемлекет барынша қамқорлық көрсеткенмен жан жылуын сезінбеген ұрпақ иманды болар ма екен? Бар медетті жаратушыдан сұрайық.

 

-         Айтыңызшы, жетімдердің көбеюіне елдегі жеңілтек жүрісті қыздар ғана себепкер ме?

Себеп көп қой. Біреуді «көкек-аналар» тастайды, бірін ата-анадан ажал айырады, тағы біреулер бала тәрбиелеу құқығынан айрылып жатады дегендей. Қоғам дерті. Әр азамат «Осы дертпен күресу – міндетім» десе басқаша болар ма еді. Айналып келгенде бәріне кінәлі нәпсі ғой. Көкек-ана, көкек-әкелердің ойы етектен төмен. Нәпсі. Әке-шешеден ажал айырғандардың туыстары өз қарындарын ойлайды. Нәпсі. Тәрбиелеу құқығынан айрылғандар – алкоголь мен нашаның құлдары. Нәпсі. Жаратушы оларға иман берсін деп тілейік. Өзге мұсылман үшін тілеген дұға қабыл болады дейді ғой.  

 

-         Сізді тележәшіктен көрген адам «Мөлдір – уайымсыз қыз» деп ойлайтын сияқты. Мәселен, сіз елдегі қоғамдық ахуалға алаңдайсыз ба? Алаңдасаңыз қандай жағдайларға бейжай қарай алмайсыз?   

Мен туралы ғана емес, көп өнер адамдары туралы «уайымсыз» деп ойлайды. Біздің де жүрегіміз еттен жаралғанын, құлқынымыз тесік екенін ұмытып кетеді. Біз де дәл сіздердей жаратушының құлымыз. Шыққан жеріміз бен барар жеріміз – бір. Қоғамда болып жатқан барлық жағдай алаңдатады. Сіздерге өтірік, маған шын, мен тележәшіктен тек жаңалықтар арнасын қараймын. Өскен, жеңген жеріміз болса – есім шыға қуанып, сүрінген тұстарда – қамығамын.

Дін жағдайы алаңдатады. Арандатушылар кесірінен қарапайым халық сең соққан балықтай. Тіл ахуалы ойлантады. Өз шаңырағымызда өз тілімізден ұялатын жалғыз халықпыз. Осы мүмкіндікті пайдаланып айтып кеткім келеді – ана тілін білетіндер, сүйетіндер «мәмбет» болса, мен «мәмбетпін»! «Мәмбет» болғаныма мақтанамын! Жемқорлық алаңдатады. Қоғамның бар саласына батпандап кіріп алған дерт. «Күресіп жатырмыз» дегендердің өзі жемқорлық үшін ұсталып жатады. «Былай жүрсең арба сынады, былай барсаң өгіз өледі» деген осындайда шыққан шығар.

 

-         Айтпақшы, біздің отырып қалған қыздар арасында «жігіт жоқ» деген сөз бар. Осы «жоқшылықтың» сырын тарқатып бере алмайсыз ба?

Бұл жерде «жігіт жоқ» дегеннен гөрі, «ол жігіттің материалдық жағдайы жоқ» деген орынды болар. Кез келген қыздың басында үйі, астында көлігі, есепшотында алты нөлі бар қаржысы бар жігітті армандайтыны өтірік емес. «Арлы, иманды» жар туралы ойлайтын қыз сиректен сирек. Ол үшін кінәлауға бола ма? Алайда «Өзім ондай жігітке лайықтымын ба?» деп өздеріне сұрақ қоя ма екен? «Үйін сақтайтын, көлігін күтетін, есепшотын арттыруға көмектесетін тәрбие, білім, сана менде бар ма?» деген сұраққа жауап беру керек.

Ал жігіттер базарда арба итеру мен дүкенде есік күзеткенге мәз болмай білім іздесін. Ондай азаматтардың көбісі ауылдан білім деп келеді. Сосын жұмысқа орналасады. Жұмыстан тапқан табысын емтихандарды сатып алуға, ойын автоматтарына, ішкілікке жұмсайды. Дипломды сатып алады. Ол диплом бойынша ешқайда орналаса алмайды – құжат бар, білім жоқ. Барар жол біреу – арба мен күзетке қайта оралмақ. Осындай жігіт сұраныс тудыра ма? Ал саналы қыз болса ерді кебенек ішінде танып, арба тартса да азамат деп қараса, күзетші болса да құрметтесе бұл мәселе көтерілмес те еді. Жеке пікірім осы.

 

-         Демографиялық проблемадан пайда болған «қыздардың жігіттерден көптігі» соңғысын есіртіп жіберді деп ойламайсыз ба? Мәселен, жігіттерде таңдау көп деген сияқты...

Таңдау көп шығар. Талғам жоғары болу керек. Мен ер болсам қыз таңдағанда бетінің жылтырына емес, санасының саңылауына қарар едім. Тыртиған киімге емес, тәрбиеге көңіл аударар едім. Қабат-қабат бояуына емес, қылығына назар салар едім. Үстіне жиғанына емес, жүректегі иманына үңілер едім. Болашақ ұрпағымның анасы, әулетімнің киесі деп ойлар едім. Сапасыз сандалған шақта «таңдау көп» деп есірмес едім.  

 

-         Ендігі жерде тележәшіктегі көп тележүргізушінің бірі болып жүре бермексіз бе, жоқ әлде бір қомақты жобаңыз бар ма?

Көптің бірі болсам, бұл сұрақтар маған қойылмас еді. Сондықтан осы бағытымнан таймай, әр күнімді, әр тынысымды жаратушыға, отбасыма, еліме арнасам деймін. Бойда қуат, баста сана барда жолым осы болмақ. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де сол.    

 

-         Жеке шығармашылығыңызда нендей өзгеріс немесе жаңалықтармен толықтырдыңыз?

Әуелі жаратушы, сосын ата-анамның қолдауымен бір жыл уақытым зыр ете қалды. Ел алдында берген есебім – оннан аса жаңа ән жаздырып, бір бейнебаян түсірдім. Еңбегім ТВ мен ғаламтор арқылы елге тарап, халық өз бағасын беруде. Тележүргізушілік тәжірибем де көрерменнің оң бағасын алды. Көңілім тоқ. Алайда жаңалықтар, жеңістер әлі де алда. Ең бастысы сол күндерде елмен аман-есен жолықсақ.

Елге деген ыстық сәлем,

ерекше құрметпен Мөлдір қыздарыңыз.



Бөлісу: