Мінездер галереясында

Мінез – адам жүрегінің айнасы. Жақсы мінез бүкіл өміріңнің сарқылмас байлығы. Көркем мінез адамға көрік сыйлайтыны да баршамызға белгілі. Алайда, қазіргі заманда мінездері сан түрлі адамдар кездеседі. Бірі ашық-жарқын болса, бірі – қызғаншақ, бірі – сараң, енді біреуі – тым өзімшіл болуы да мүмкін. Әр адам өз мінезімен ерекшеленеді.Мінезіне қарай адам психологиясы да өзгеріп отырады. Осыған байланысты шағын зерттеу жүргізген болатынмын.

Ақерке (15 жас):

-Мен өзімді мейірімді, адал деп ойлаймын. Өзіме деген сенімділігім мені алға жетелейді.

Шынымен, Ақерке мейірімді қыз. Бар болғаны 15 жаста болса да, арманы асқақ. Өзіне деген сенімі жоғары. Ақерке жануарларды қатты жақсы көреді. Жаңбырлы күні далада тоңып қалған мысықты үйіне әкеліп, тамақ беруінен-ақ ерке қыздың мейірімділігін аңғарамыз.

Алтынай (25 жас)

-Мен-көпшілмін. Адамдармен тез тіл табысып кетемін. Өте сабырлымын. Бірақ кез-келген сөзді көңіліме тез алып қаламын.

Алтынай өте сабырлы адам. Ұстанымдылығы оған күш береді. Оның жетістікке жету жолында дәл осы қасиеті үлкен рөл атқарады. Қазіргі таңда Алтынай мұғалім. Кішкентай балаларға ағылшын тілін байыппен, сабырмен үйретеді.

 Бақыт (45 жас)

-Менің мінезім жұмсақ, жақсылық жасағанды ұнатамын. Әр істі жасағанда өзімнен тиянақтылық пен жылдамдықты талап етемін. Өте уайымшылмын.

Бақыттың бойындағы қасиеттері де оның мамандығымен тікелей байланысты. Бақыт балалар дәрігері. Жаны қиналып келіп тұрған баланы көргенде Бақыт қатты уайымдайды және оның жазылып кетуіне барынша септігін тигізеді. Кез келген баламен жылы сөйлеседі.

Жоғарыда көрсетілгендей, біз үш түрлі жастағы адамдардан сауалнама алдық. Сарапшы мамандардың айтуы бойынша, жасы ұлғайған сайын адам мінезі өзгеріп отырады. Адам өмір жолында тәжірибе жинақтай жүріп, адалдық, мейірімділік, кейде қаталдық сынды мінездерді бойына сіңіреді.

Мысалы, жасөспірім шақта Ақерке сияқты қыздар өзіне сенімді, әлі өмірдің қиындығы туралы бейхабар болады. Бұл жастағы жеткіншектер үшін әлемде жамандық пен зұлымдық атаулыға жол жоқ.Сонымен қатар, 15-17 жастағы жасөспірімдер көбінесе ашық түстерді ұнатады. Заманауи, ауыр музыкаларды тыңдайды. Қыз балалар өз образдарын қалыптастыруда көп еңбек етеді. Шашына, бет-әлпетіне, киім үлгісіне эксперемент жасаудан сескенбейді.

Екінші кейіпкеріміз 25 жасар Алтынайдың сабырлылығы айналасында болып жатқан құбылыстарға деген реакциясы десек болады. Өмірдің өзі оны адамдармен тез тіл табысып кетуге дағдыландырған. Бұл жастағы адамдар талғампаз келеді. Киген киімі мен жеген тамағына дейін талғайды. Тым ашық түстерді ұнатпайды. Не нәрсе болса да классикалық үлгіде болғанын қалайды.

Үшінші Бақыт атты кейіпкеріміз 45 жаста. Ақыл тоқтатқан, жылы жүзді адам ретінде ол кісі басқа адамдарға жақсылық сыйлаудан артық бақыт жоқ екендігін түсінген. Бұл жастағы адамдар баяу, құлаққа жағымды әндерді тыңдағанды жөн көреді. Көбінесе, осы жастағы әйел адамдар ақ, ашық күлгін, көкшіл сынды ашық түстерді, ал ер адамдар қара, қоңыр сияқты түстерді ұнатады. Психолог Гүлнар Бектаеваның айтуынша, адам мінезін әр түрлі жолдармен білуге болады. Саусақтарына, салған суреттеріне тіпті адамның жазуына қарап адам мінезін анықтауға болады екен.

Ендеше, жазуыңыз арқылы мінезіңізді анықтап көріңіз.

Егер әріптеріңіз бір-біріне жақын орналасса, сіздің логикалық ойлау қабілетіңіз жоғары. Өте тиянақты адамсыз. Егер әріптеріңіздің арасы алшақ болса, сіз өте арманшыл адамсыз. Егер жазған сөздеріңіз бірқалыпты, бір түзудің бойымен жазылса, сіз байсалды адамсыз. Әрқашан бастаған ісіңізді соңына дейін жеткізесіз. Егер сіздің әріптеріңіз оң жаққа қарай қисайып тұрса, сіз жаңашылдыққа ұмтылатын адамсыз. Жан дүниеңіз позитив пен энергияға толы. Егер сіздің әріптеріңіз оңға да солға да қисайып түссе, онда сіздің көңіл күйіңіз тез ауысады. Қырсықтаусыз және көп нәрседен жасқанасыз.

Адам өз мінезіне өзі жауапты. Сондықтан қандай адам болғың келсе де, әлі кеш емес. Әрқашан жақсылыққа ұмтылып, жаман қасиеттерімізді (ашуланшақтық, қызғаншақтық, қырсықтық) қағазды қоқысқа тастағандай лақтырып жіберейік! Өмірің өз қолыңда! Ғұлама Әл-Фарабидің «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты» дегенін естен шығармасақ болғаны.



Бөлісу: