Мінез бен тағдыр

Мінез бен тағдыр
жеке
блог

Кішкентайымыздан бізді ата-анамыз, ортамыз, теледидар, телехикаялар, кітаптар тәрбиелеп келді. Және әрқайсы өз деңгейінде мейірімді, ақылды, жақсылыққа құмар адам болуды үгіттеді. Өз басым жастайымнан бірнеше телехикаяны көріп тастадым десем, артық айтқаным емес. Сериалдардың басты кейіпкерлері көбіне адал, мейірімді, аңғал, махаббатты, бақытты аңсайтын арулар болып келеді. Олар әрдайым елге тек жақсылық ойлап, қанша қиындық көрсе де соңында бақытқа жетіп жатады. Кей-кейде ғана аңғал, қырсық, бірбеткей кейіпкерлер кездесіп жатса да бәрібір артында арамдығы жоқ болады. Мұндай кейіпкерге ұқсағысы келетін қыздар көп болары анық. Мейірімді болсам, жақсылық жасасам үлкен бақытқа кенелемін деген сенім қалыптасады. 

Біраз уақыттан бері Сүлеймен сұлтан жайлы түрік телехикаясы көрсетіліп келеді. Мен бұл телехикаяны толық көрмедім, шыны керек. Бастапқы сериялары мен ортасында кейде көзім түсіп кетіп жатады. Қашан көрсең де арам пиғылын іске асырғысы келіп жүрген Хюррем хатун, пашалар мен гаремнің басқа қыздарын, басқа хатундарды, олардың балалырын және тағы басқа туыс, дос, жарандардың дерлігін сынап, мінеп, әрқайсының арам ойын әшкерлеуге құмар әйелді көресің. Оның әрбір сөзі, әрбір ісі тұнған стратегия. Бекер ештеңе істемейді, жасамайды. Бірақ ол бәріне қол жеткізді, сұлтанның ең үлкен махаббатына, санасатын адамына, оң қолына айналды. Бәрін өзі қалағандай істетеді – бұл да бақыт емес пе?!

Бұл телехикаяға қарап, қыздар мен әйелдер аңғал болып, біреудің айтқанымен жүру орынсыз, өз мақсаттарыңды іске асыру үшін, бақытқа жету үшін мықты, ақылды, арам болса да, пиғылын іске асыратын стратег болу керек екен деп ойлары анық. Түбінде мақсатыңа жетіп, бақытты болсаң, онда мейірімді, аңғал болып қоғамның ережесімен өмір сүретін қарапайым адам болу тиімсіз болғаны ғой?

Қарайсың да, ойланасың. Қанша жерден тамаша адам болып, елдің «жақсы адам» деген қошаметіне масайып, адамгершіліктен аттамай, арам ойыңды қашырып, адамшылдығыңды асырып жүргенімен жүрегіңнің түбінде бақытсыз адам болсаң, несі жақсы? Ал, мақсатына жету үшін кез келгенін жаншып, басып, дегенін істетіп, аңғал адамдарды пайдаланып кететін стратегтер жайбарақ жер басып жүрген жоқ па?

Әрине, мұның бәрі алдынан шығады, құдай өзі көрсетеді, о дүниеде жауап береді деген сенім әрқайсымыздың жүрегімізде бар болғанымен бұл да кейде иллюзияға сенім сияқты.

Жеңіл өмір сүрудің моделі қандай? Көркем мінез бен көркем өмір әрдайым үндесе бермейді. Ал арам пиғылын асырып, темір торға қамалатындар да бар. Ортасы қайсы? Шын бақытқа кім лайықты?