Міндетіңді білемісің, журналист?

Бүгінде журналистерге артылар жүк ауыр, ал  тағылар сында сан жоқ. «Шындықты шырылдата айтамыз» дейтін жас толқын журналистердің басты міндетін ұмыта бастаған секілді. Ахаң айтқандай «Газет-халықтың көзі, құлағы һәм тілі болу керек». Ал біздің газет, радио, телеарналар осы талапқа қаншалықты сай келіп жүр? Қызығы мен қиыншылығы қосақтала жүретін журналистика саласын жіктеп, бөлшектеп түсіндірер қазақ тілді туындылар тіпті аз. Н.Омашевтың «Радиожурналистика негіздері»  оқулығы осы қатардан ойып тұрып орын алады деуге әбден болады. Радиожурналистика ғана емес, жалпы журналистика саласында біршама ақпарат ұсына алатын, берері мол оқулықтан білгеніммен бөлісуді жөн көрдім. Оқи отырыңдар, болашақ әріптестер...

Журналистердің міндеті-саясаткерлердің, лауазым иелерінің нені қалайтыны, не ойлайтындарын баяндау емес, қоғамда не болып жатқанын айту.

Ақпараттық қызмет журналистерінің басты міндеті:

Біріншіден, ең алдыңғы, алғашқы болу. Кез келген оқиғаны алдымен хабарлау барысында журналистік әдептен ауытқымау, кәсіби этика сақталу керек.

Екіншіден, сөйлеушінің уақытын шектеп, оқиға не туралы, не мақсатта, түйіні неде деген сияқты детальдарды ғана ықшамдап алу.

Үшіншіден, «меніңше», «сөйткенге ұқсайды», «шамасы солай» деген тіркестерді қолдынбау.

Төртіншіден, жан-жақты білім, жеткілікті машық керек.

Қазіргі кезде радио тыңдайтындардың саны күрт дамып отыр. Радиозерттеуші ғалымдардың зерттеу қорытындыларының нәтижесінде мынандай деректер анықталды: «Мысалы, Германияда халықтың  77 %-ы радио тыңдап, 73 %-ы теледидар көріп, 74 %-ы газет оқиды екен».

Радиоақпараттың жанрлық ерекшеліктері:

1) Деректілігі. Радиоақпараттың мазмұнына нақты бір құбылыс, оқиға, шын мәніндегі факт негіз болады.

2) Дәйектілігі. Онда айтылатын дерек нақты куәландырылған және анық тексерілген болуы тиіс.

3) Жедеғабыл сипаты. Тыңдарман жаңа болған оқиға жайлы ізін суытпай естуге ұмтылады. Сондықтан да, радиоақпарат «бүгін», «дәл қазір», «осы сәтте» деген сөздермен басталуы шарт.

4) Толыққандылығы. Не болды? Қашан болды? Қайда өтті? Неліктен болды? Кімдер қатысты? Қалай өтті? Оқиғаның мәнісі неде? Егер осы сұрақтардың бәрінің жауабы табылып тұрса, онда ақпараттың жазылып біткендігі.

Сұрақ қоятын журналистің алдына қойған мақсаты мен оған қол жеткізу тәсілдеріне қарай радиосұхбат 5 топқа бөлінеді:

Ақпараттық сұхбат. Сұрақ нақты пікір үшін немесе қандай да бір мәлімет алу үшін қойылады. Сұхбаттың бұл түрі фактіні және пікірді қамтиды. Сұхбат берушінің нақты тұлға болуы шарт емес.

 

Портреттік сұхбат. Сұхбаттың бұл түрі жеке тұлғаның образын ашуға арналады. Мұндай сұхбат адам бойындағы құнды қасиеттерді анықтауға негізделеді.

 

Хаттамалық сұхбат. Мемлекеттік саясат деңгейінде туындаған сауалдар төңірегінде ресми тұлғадан, я болмаса, құзырлы қызмет иесінен нақтылай жауап алу. Әлбетте, ресми тұлға ресми жауап береді. Сұрақтар алдын ала әзірленіп, мемлекеттік қызметкердің көмекшісіне ұсынылады. Бұл ретте журналистің жеке пікіріне орын жоқ. Эфирде ресми тұлға сол алдын ала ұсынылған сұрақтарға жауап қайтарады, журналист келісілген сұрақтарын қоюмен шектеледі.

Проблемалық сұхбат. Проблемалық сұхбаттың басты түйіні-журналистік позиция, көпшілік талқысына ұсынылатын қоғамдық маңызы бар ашық мәселе. Мақсат-халықтың көкейінде жүрген сауалдарға жауап алу. Сұхбаттың бұл түрі тікелей эфирде ұйымдастырылуы шарт. Студияға келген қонақ журналистің ғана емес, телефон желісіндегі тыңдармандардың да сұрақтарына жауап қайтаруға тиіс. Сұхбат беруші мен тыңдармандар арасында белгілі бір жағдайда дау тууы мүмкін. Сондықтан проблемалық сұхбатты жүргізген журналистің қателесуге, қандай да бір фактіден бейхабар болуға хақысы жоқ.

 



Бөлісу: