М.Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе» өлеңідегі ақынды табындырған әже бейнесі мен бүгінгі әжелер бейнесі

    Әже! Әрбір немере, шөберелер үшін бұл сөзден ыстық сөз бар ма десеңізші?! «Есейіп кетсем де мен саған сәбимін» деп ақ жаулықты аналарды әсем әнге қостық. Шынымен де, отызда орда, қырықта қамал бұзған азаматтың өзі әже құшағында бір сәтке болсын балалық шаққа саясат жасап қайтады.

   Халқымызда «әже» ұғымы дариядай мағынаны алып жатыр. «Бесік жырын» айтып, өсе келе өнегелі де, өсиетті ертегілерді жырлауы, шежіреден сыр шертуі, ата-баба дәстүрінің сақталуын қадағалауы, жалпы нағыз қазақ әжесінің істейтін әрбір ісі ертеңгі әрбір патриотты тәрбиелеп, ұлттың ұйытқысы болмақ. Абайдың Зересі, Шоқанның Айғанымы әдебиетімізде есімдері алтын әріппен жазылып қалған тұлғалар. Сұлу да, сыршыл ақын Мұқағали атамыз өзінің әжесіне деген шексіз сүйіспеншілігін жырлай отырып, маңызды мәселелерге тоқталып өтті. Қандай мәселелер?

Елбасымыз «ұлттық код» деп атаған мәдениетіміз бен төл дәстүрімізді көзінің қарашығындай сақтап, қорғайтын бірден бір жан – әже.

«Бұлар да бабасынан алып қалған,

Өз  жұртының дәстүрін күзетуде» -деген өлең жолдарынан қарты бар елдің қазынасы бар екендігін бірден аңғарамыз. Бүгінгі күнде Мұқағали атамыздай «Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем» - деп өкінішке орай айта алмаймыз. Заман талабы шығар, мерекелерде  жылулықты сездіріп, ақ кимешек  киіп жүргендері болмаса, күнделікті өмірде кездестіру екі талай. Бірақ дана да, дара әжелердің жұрнағы бүгінде бар. Шетелді қайталанбас үнімен тамсандырған Димаш Құдайбергеновтің әжесі жайлы жаңалықтар жарыса жазып, талайды таңдай қақтырды. Билікке белсене ат салысып жүрген әжелер мен ошақ қасында отбасының құт-берекесін келтіріп, келін мен қызға үлгі, немере-шөбереге ыстық бауырсағын пісіріп отырған әулет әжелері де бар. Кимешегі болмаса да, келешекте кемеңгерлерді тәрбиелейтін әжелердің барына шүкір дейсің.

   Таяқтың екі ұшы барындай, бес саусақ бірдей болмағандықтан, барлық әжелер де бірдей емес...

Қаһарман бабамыз Б.Момышұлы: «Немерелеріне ертегі айтып бермейтін әжелерден қорқамын»-деген болатын. Ол кісінің кезеңі бес уақыт намазға жығылуға болмайтын, салт-дәстүрді ұстануға тыйым салған кез еді. Ал бүгінгі күні тәуелсіз елдің тұрғындарымыз. Өкінішке орай, әже тербететін бесікті арбалар мен электронды бесіктер алмастыруда. Орны үнемі төрде болған әжелердің  қазіргі таңда кейбірінікі қоқыс жәшіктерінің жанында. Біреуі қайыр тілеп дала кезіп жүрсе, кешегі күні тылда еңбек етіп, соғыс үшін суықта жанын бермек болған жандар «Жеңіс күндері» қарсаңында ғана еленуде. Ал жағдайлары жақсы болса, құмар ойнының қызығына батып, ащы суға да бой алдырып жатады. Келінімен бір шаңыраққа сыйыспай, «әркім өз баласын бақсын» деген ұстанымдағы жандар да бар. Көпке топырақ шашпаймын, ащы да болса, бүгінгі заман айнасы.

   Қорытындылай келе, әркімге өз әжесі ыстық дегім келеді. Заман қалай өзгерсе де, әжесінің алатын орны, асыл сөзі, баласының басынан сипағаны өзгермейді. Қазақ – қазыналы қариясын құрметтеген халық. Мұқағали «Ақ кимешек көрмесем, нені көрем?» - десе, ақ жаулықты аналарымыз болмаса, кемел келешекті қалай көреміз дегім келеді...



Бөлісу: