Миссияңыз қандай?
блог
Мен кейде бақытты өмір сүрудің формуласы не деп ойланамын. Ойланып қоймай, ізденемін. Осы бағытта біраз кітаптарды төңкергенім бар. Көптеген ілімдер адамның адал ниетіне бағытталады. Өз ұятың алдыңда адал болу, басқалардың алдында адал болу. Жалпы алғанда табиғатта жек көрініш, арамдық, жамандық жасау деген жоқ екен. Оның бәрін біздің жүйрік ойымыз өзімізге жақсы болсын деген ниеттен шығарады. Бірақ сол ниетке үңіле бермейтініміз бар.
Екінші, адам өзінің миссиясын білу керек. Бұл өмірге не үшін келді, не істеуі керек. Және бұған сырттағы адамдардың еш қатысы жоқ. Тек өзің, бұл өмірде не істегің келеді, қандай іспен айналысу саған ләззат әкеледі, өз потенциалыңызды ашыңыз және сол бағытта жұмыс істеңіз.
Және үшінші адам сол миссиясы арқылы адамдарға қандай пайда әкеле алады? Басында айтып өткенімдей, адам баласы жақсылық жасауға құмар. Кейбірі қайырымдылықпен айналысады, садақа таратады, сауабы тиер деген ниетпен жасайды. Алайда бұл сіздің өмірлік миссияңызға кірмесе, бәрі бекер.
Сонымен өмірдің формуласы адам өз алдында адал болып, ар-ұятқа берік болу, сүйікті ісімен ләззат ала отырып айналысу, сүйікті ісі арқылы мыңдаған адамдарға жақсылық жасау деп білемін. Және тағы қосарым тек жақсылыққа сену, өзіңе сену, өз мүмкіндіктеріңді жетілдіре отырып, алға ұмтылу.
Көптеген адамдар бар қиыншылықты біреуден көргенді ұнатады. Оған билік, мемлекет, арам адамдар, ата-ана, туған-туыс, бастық, әріптестер, достар және т.б. кінәлі деп біледі. Бірақ сұқ саусақпен біреуді көрсеткенде, үш саусағыңыз өзіңізге қарап тұратынын ұмытпаңыз.
Жаңа жыл қарсаңында өмірдегі миссияңыз қандай, адамзатқа қандай пайда әкеле аламын деп өзіңізге мақсат қойып, келесі жылы жетуге тырысыңыз! Ал өзім бастап кеттім)))
Жаңа жылдарыңызбен!