Мир Якуб есімі кімге тиесілі?

ХХ ғасырдың басында бойкүйездік басқан халқын отты өлеңімен оятып, өнер-білімге, еркіндікке үндеген ірі тұлғалардың бірі Міржақып Дулатұлы. Тарихшылар Міржақып Дулатұлының қоғамдық-саяси қызметі 1905 жылы Қарқара жәрмеңкесінде қазақтардың Ресей патшасына тарихи құзырхат жазған кезінен басталғанын айтады. Осы құзырхатты ұйымдастырушылардың бірі Міржақып болған. Міржақып Дулатов өзі жазған өмірбаянында «1897жылы мен екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түстім, оны бітіргеннен кейін оқытушылар курсында оқып, ауыл мұғалімі деген мамандық алдым. Осымен менің оқу орындарынан білім алуым аяқталды. 1902 жылдан бастап ауылда мұғалімдік қызметімді атқара жүріп, бос уақытымды білімді жетілдіруге жұмсадым» - деп жазады. Торғай топырағына білімнің ұрығын сеуіп кеткен Ыбырай Алтынсарин мектебі жас ұрпаққа бұл кезде игі ықпалын тигізді. Мұқан мұғалім де, Ахмет Байтұрсынов та, ағасы Асқар да Ыбырай Алтынсарин мектебінің түлектері еді. Міржақып Дулатұлы кім деген сұраққа мән бермей қоя алмаймыз. Оның халық деп соққан жүрегінің дүрсілі ғасыр сағатының тіліндей тырсылдап естіліп тұратынына ешкімнің  күмәні болмаса керек. Ендігі сұрақ - біз оның табиғи болмысын қаншалықты түсіне білдік. Өткен ғасырдың ұшар басында Торғайдың қазақ-орыс мектебін бітіріп, кейіннен Қостанайдағы бір жылдық курсты бітіріп, мұғалімдік куәлік алып, Міржақып бір-екі жыл ауыл мектебінде бала оқытқан екен. Тарихи деректер бойынша, Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» өлең кітабы 1909 жылы Қазан қаласындағы «Шарқ» баспасынан шыққан. «Оян, қазақ» кітабы ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы түрлі топтардың бәрінің көңілінен шыққан. Ресей патшалық үкіметінің шымбайына тиген кітап болды бұл. Бір қызығы, «Оян, қазақ» сол кездегі қазақ зиялыларына да ұнады. Қазақ халқының да ойынан шықты. Сондай-ақ, дін адамдарының да көңілінен шықты. «Оян, қазақтың» елге ұнағаны соншалықты, кітапты мешіттер, молдалар елге таратты. Осыдан-ақ, бұл кітаптың мән-мағынасын, маңызын байқауға болады. Патша өкіметі кітап авторының соңына түсті. Ол кітапты оқуға тыйым салды. Міржақып Дулатұлы өткір тақырыптарға өте жылдам жазған. Елдің сұранысын жақсы білетін журналист болды. «Оян, қазақ» өлеңдер жинағы бірден таралып, 1911 жылы қайта шығарылған. Кітаптың тақырыпаты ХХ ғасырдың замандас зиялыларына манифест болған. 1911 жылы «Оян, қазақ» жинағы, автордың айтуы бойынша, баспасөз істері басқармасы тәркілеген. Тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің пікірінше,"Қазақ" газетінің сондай сапада, сондай мазмұнда, сондай биіктен көрінгені де содан. Міржақыптың көптеген әңгімелері лақап аттарыменен шыққан. Ол жиі қолданып отырған лақап аттары: Азамат, Мадияр, Таймінер, Түрік баласы және Арғын баласы. Міржақып Дулатұлы ғылым және техника жетістіктері туралы өте зор қуанышпен жазатын: «Жылқы арқылы алты ай алатын жолды қысқа уақытта темір жол арқылы өтуге болады. Телеграф арқылы сен көзіңді ашып жұмғанша жер шарының екінші бетіндегі хабарды қабылдайсың. Көлік өзі жүреді, жылқысыз, оны қолыңмен жүргізесің. Ғылым адамзат көмегіне су мен отты берген, үлкен арақашықтықта телефон арқылы сөйлесу мүмкіншілікті берген. Мұхитты жер секілді қолданып, бұрыңғы ыңғайсыз нәрселерді жойдырған. Ауада ұшу мен керек болса жерге түсу құралы табылған, оның аты – әуе шары. Ел бұрын сондай ғажапты көрген бе?».  Сөйтіп әйел теңсіздігін жоқтаған, өз заманындағы озбырларды әшкерелеген, қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері, халықтың қошеметіне бөленген Міржақып Дулатұлы 1935жыл Сосновск станциясындағы жазалау лагерінде ауыр науқастан көз жұмады. Өмірден өтсе де, Міржақыптың рухқа толы жалын жырлары ел есінде мәңгі жаңғыра бермек.

 



Бөлісу: