"Миллионер" повесі туралы ой

Қазақ прозасы философиялық тың туындылар мен тіршілік тартысын тереңнен толғайтын шығармаларға бай, шетел әдебиетінен асып түспесе, еш кем емес. Әдебиетімізге сондай туындыларды тарту еткен, қаламынан өзі өмір сүрген ғасырға жуық ғұмырында қазақ даласында болған өзгерістерден, халық өмірінен сыр шертетін дүниелер туған, қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алатын реалист жазушы – Ғабиден Мұстафин.

Ғабиден Мұстафин 1902 жылы 29 қарашада қазіргі Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Жауыр тауының етегінде, Мұстафа қажының отбасында дүниеге келеді. Әуелі арабша хат танып, сауатын ашқан ол, оған қанағаттанбай, Спасск зауытына барып, бір жыл орысша оқиды. Кейін орыс-қазақ мектебінің төртінші сыныбына түсіп, ары қарай оқуға жағдайы болмай, оны он алты жасында бітіріп шығады. Араға жеті жыл салып, 1925 жылы оқуға түспек ниетпен сол кездегі астана – Қызылордаға келеді, алайда оқуға түсе алмайды. Ғабиденнің әдебиетке келуі осы кезеңге сәйкес келеді. Сотта шағымдарды тіркеуші болып қызмет атқарған ол, сол шағымдар негізінде халықтың мұң-мұқтаждығын сипаттаған мақалалар жаза бастайды. Тырнақалды туындысы “Сәрсен мен Боқаш” 1927 жылы “Жыл құсы” журналында жарияланады. Тағдыр оның қаламын ұштау үшін бе, әлде өзі айтпақшы «көргені мен сезгенін жазатын» болғандықтан, сол заманның бар ауыртпалығын, халықтың жай-күйін толық сезінуі үшін бе, оны Қарағанды шахтасынан бірақ шығарды [1]. Расымен де, өмірінің осы кезеңіндегі көрген-білгені тың шығармаларына арқау болғанына әдебиетіміздегі өндіріс тақырыбына жазылған алғашқы туынды «Өмір не өлім» (кейін өңделіп, «Қарағанды» деген атпен жарық көрген) романының дүниеге келуі дәлел бола алады. Жазушы өмірі тек қазақ даласы емес, бүкіл кеңес одағы басынан өткізген Ұлы Отан соғысы, тың игеру секілді зор тарихи маңызы бар кезеңдеріне тұспа-тұс келіп, шығармалары арқылы оны бүгінгі ұрпақтың да сезінуіне мүмкіндік берді [2]. Ғабиден Мұстафиннің кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетіне алып келген бірден бір жаңашылдығы – соғыстан кейінгі қазақ ауылдарының өмірін, ондағы жаңа өзгерістерді, жаңа саясаттың айқын көріністерін жазуы еді. Ғабиденнің «Шығанағына»  «ұлттық, феодалдық сипаттағы арзанқол макулатура» деп сын айтқан Кузнецов секілді аяқтан шалушылар аз болмады [3]. Алайда, олар жазушының жігерін құм ете алмады, себебі Ғабиден  шығармаларына жоғары баға бергендердің қарасы әлдеқайда көп еді. Мысалы, Австралиялық жазушы Ральф де Буасье 1950-жылы жазған хатында «Миллионер» повесті туралы «Мен бірнеше ғана советтік романдар оқыған едім. Олардың бір де бірі Сіздің кітабыңыз бергенді бере алған жоқ» деп пікір білдірді [4]. Ендігі сөз сол “Миллионер” повесі туралы болмақ.

Шығарманың басты идеясы – соғыстан кейінгі қазақ ауылдарын көркейту, оның ішінде ауыл шаруашылығының өнімділігінін арттыру, электірлендіру, жол салу сияқты мәселелерді қолға алу болып табылады. Шығармадағы оқиғалар орын алып жатқан жер – Амангеді колхозы. Басты кейіпкерлер Жақып пен Жомарттың көзқарастары екі түрлі. Қарт Жақып ескішілікті, бірқалыптылықты қалап барға қанағат тұтса, жас Жомарт ауылға жаңашылдық алып келіп, оны ары қарай дамытқысы келеді. Алайда, екеуін де алаңдататын бір нәрсе, ол – ауыл және де оның өсіп-өнуі. Бұл шығармада екі кезеңнің көрінісі айрықша көрсетілген: біреуі бұрыннан келе жатқан социализм болса, екіншісі жаңа коммунизм. Бұл көріністерге Жомарттың “Сіз колхоздың бірінші дәуірінде, социализм дәуірінде тұрсыз. Екінші дәуірдің жаңалығын сезе алмасаңыз, кем өлшеп, кейін тартуыңыз сөзсіз” деп Жақыпқа айтқан сөздері негіз бола алады [5]. Он бес жыл бойы колхозды басқарып, өз еңбегін колхозға аямай сіңіріп келген Жақып қарттың өзінен мүлдем жас Жомарттың бұл сөзі тіпті ерсі көрінді және оның жаңа жоспарларын қабылдағысы келмеді. Жомарттың жаңа жоспарлары академик Вильямс, Лысенко, Мичуриннің ауыл шаруашылығына қолданған әдістерін іс жүзіне асыру, колхозды электрлендіру, тас жол салу және де ауылға бірнеше жаңа тракторларды алып келу болатын. Соңында бұл жоспарларын жүзеге асырып, көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Мұндай жетістіктердің барлығын өз көзімен көрген қарт Жақып өзінің жеңілгендігін мойындап Жомартқа өзі орынбасар болып, ары қарай көмектесуге келіседі. Амангеді колхозы коммунизмге толық қол жеткізді. Бұл жеңіске тек Жомарт қана қол жеткізді деп айта алмаймыз. Әрине, ол істі бастап, халыққа ой тастады, ары қарай бүкіл колхоз болып еңбек етті. Жәнібек, Жантас, Жанат секілді кейіпкерлердің ауылдың көркеюіне бар күштерін салып, аянбай еңбек еткендерін көре аламыз. Колхоз социализм дәуірінен өтіп бара жатты. Талай жылдар бойы колхоздың ақшасын жеп, соңында колхоздың ақшасын алып қашқан Айдардың ұлынан және әйелінен айырылып, біржола сотталып кеткені сол кездің социализммен қоштасқанына негіз бола алады. Әрине, шындығында соғыстан кейінгі сол жылдарда халық әлі коммунизмге қол жеткізбеген болатын. Алайда, Ғабиден Мұстафин “Жолсызбен жүріп жол салмақ болдым. Барды ғана айтып қоймай жоқты да айтып, болғанды ғана айта бермей болашақты да айтуға лайық тіл тапсам екен ” деп алдына мақсат қойып, болашаққа үлкен үмітпен қарайды [6]. “Оның ерекшелігі – еңбекқорлығы, еңбек адамдарына құрметпен қарайтын еді” деп жазушының қызы Жанар Мұстафин айтқандай, жазушының осы шығармада да еңбек адамдарын ерекше жоғары бағалайтынын байқаймыз [7]. Шығармадағы әрбір еңбекқор ауыл адамы – миллионер және олардың басшысы Жомарт. Яғни, әрбір істелген еңбек, жұмыс ешқашанда жерде қалмайды. Бұл миллионерлер қазіргі XXI ғасырдың миллионер ұғымынан мүлдем басқа. Бұл миллионерлер ақша үшін емес колхоздың көркеюі үшін аянбай тер төгіп, соңында сол еңбектердің керемет жемісін көрген адамдар. “Миллионщик боламыз десеңші”  деп Пахрейдің күлгеніне “Миллиардщик боламыз. Келесі көктемде электр тракторларды жерге салса, миллиардщик болмай немене” деп жауап айтқан Жомарттың сөзінен үлкен еңбектің арқасында болашаққа үлкен сенім артқанын және де сол сенімнің ақталғанын анық көре аламыз [5]. Шығарма көркем әрі түсінікті қылып жазылған. Кейіпкерлер арасындағы кішкене диалогтардан үлкен ой, мән-мағына байқаймыз. Шығарманың тақырыбы тек ауылды өркендету ғана емес, мұнда махаббат, достық, бала тәрбиесі және өмір құндылықтары туралы айтылады. Басты кейіпкерлердің бірі сұлу әрі нәзік жанды Алманың көзінен айырылғаннан кейінгі өмірі суреттеледі. Осымен жазушы адамдардың он екі мүшесі сау кезінде осының өзі қандай бақыт екенін сезе алмайтынын көрсеткісі келеді. Көзінен айырылған адам басқа сау адамдарға қарағанда сезгіш және өмірге құштар болып келеді. Шығармада егіздей бірге өскен Алма мен Жанаттың достығы Алманың күйеуі Жомартпен Жанаттың махаббатынан биік тұрғанын байқаймыз. Екі ғашық қаншалықты бір-бірін жақсы көрсе де Алмаға деген адалдықтарын, адамдық қасиеттерін сақтап, өз-өздерін тежейді. Шығарманың соңында жазушының Ленин мен Сталиннің, әсіресе Лениннің көздеген коммунизмін мадақтап жазғаны Жомарттың “Ленин көксеген электрофикация, міне, колхоз ауылын да жарқыратты! ” деген сөзінен айқын көре аламыз [5]. Шығармадағы Ғабиден Мұстафин қозғаған ауыл мәселі қазіргі күнге дейін өзекті мәселелердің бірі болып келеді. Қазіргі кезде Қазақстанда Астана сияқты үлкен қалаларды көркейтуге үлкен үлес қосылып жатыр. Алайда ауылдарды да көркейту, өркендендіру мәселелері артта қалып келе жатыр. Сол себепті, қазір көптеген ауыл адамдары қалада тұрғанды жөн көреді. Осы шығармадағы кейіпкерлер Жомарт, Жанат, Жәнібек, Жантас секілді адамдар көбейіп әр ауылды осылар сияқты көркейтуге аянбай еңбек етсе болашақта үлкен жетістіктерге қол жеткізетініміз анық.

Пайдаланылған әдебиеттер

"Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 6-том. С.Қирабаев. Екі томдық шығармалар жинағы. Алматы. «Білім» баспасы, 2005 жыл. https://bankreferatov.kz/people/127-mustafin.html Ральф де Буасьенің хаты 22.08.50 жылы «Халықаралық кітаптар ұйымы, Малков арқылы алынған. Ағылшын тілінен Л. Нечаева аударған, көшірме. Ғ.Мұстафин. Миллионер повесі, 1947 жыл. Ғ.Мұстафиннің суреткерлігі. https://el.kz/m/articles/view/content-29996 Жанар Мұстафина. 2013 жыл.

https://oldkazakh-tv.softdeco.net/KAZ/facesofhistory/archive/Gabiden_Mustafin_1364561764.html

 Жазған: Сымбат Айтаханова



Бөлісу: