Мейірімге сараңсыңдар, Түбі содан жазымда табарсыңдар!
блог
Қайырлы күн, алаш жұртым!
Бір кісі Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз жүрегіңнің қаттылығын айтып шағымданғанда, Аллаһтың Елшісі (оған игілігі мен сәлемі болсын): " Егер жүрегіңнің жұмсаруын қаласаң, міскіндерді тамақтандыр және жетімнің басынан сипа! " - деп жауап береді. "Жетім" деген сөз қазақ халқына жат. Бірақ осы күні, іңгәләп жылаған баласын тастап мазақ болдық-ау.
"Мама келіп бір иіскеші маңдайымды..." Жүрегі жүдеу бүлдіршіндер үмітпен күнін санайды, аналары қашан келеді деп. Туғаннан аты "тастанды" атанған сәбилерде тек бір арман "отбасым болса екен" деген. Тағдыры солай жазылған дерсіз... Ия, тағдырымызға не жазылса соны көреміз. Бірақ, бейкүнә сәбидің жазығы не?! Барлық бала бақытты болуға лайықты емес пе?! Бауыр еті баласын қалай жамандыққа қиып тастайды ?! Бір қателік үшін неге кішкентай ғана періште қиналу керек?! Сансыз сұрағыма қайдан жауап іздесем екен... Мына мен де, отырған сіздер де бақытты жандармыз! "Анашым" деп құшақтап, қалаған кезімізде еркелей аламыз. Бірақ барлық балаға ондай бақыт бұйырмаған.
Қарны тоқ болғанымен,мөлдіреген көздеріне қарап бір мұңды байқауға болады. Тек қана бір сұрақ мазалайды оларды "неге мені тастады екен?" Тағы да жауап жоқ... Бұнымыз аздай, кеше ғана дүние есігін ашқан сәбиді, еш ойланбастан қоқыс жәшігіне тастап кетеді. Қандай тас жүрек ана десеңізші. Бала өмірдің мәні екенін қалайша ұғынбайды?! Жасаған зұлымдықтары шыдатпай мені өртеді. Қолымды жайып, жұдырықтай жүрегіммен Алладан: "жетімдердің саны азайса екен, аналарына ақыл кіріп, балаларын алып кетсе екен" деп тілеймін.
"Жетім көрсен жебей жүр" дейді атамыз-қазақ. Бірақ көшеден ата-анасының қамқорлығынан айырылыған бүлдіршіндерді көрсек, бұрылып кетіп қаламыз. Басынан сипап не болмаса тәттісін әперу ойымызға да алмаймыз. Ей адамдар қаталсыңдар....! Рамазан айы – игі істерді жасау, жақсы бастамалар жасау үшін қолайлы уақыт. Жетімдер үйіне барып, оларға бір күн қуаныш сыйлау менің де сіздердің де қолдарыңыздан келеді. "Кім Алла разылығы үшін бір жетімнің басынан сипаса, қолы тиген әр шашына жақсылық жазылады" Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) , ендеше Массагет ұжымы, байқауға қатысушылар жетімдер үйіне барып, ыстық құшағымызға алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Ойланғын, жасыңда, кәріңде,СӘБИДІҢ БӘРІ БАҚЫТТЫ БОЛУ ҮШІН ЖАРАЛҒАН!
P.S. Егер қолдасаңыздар, міндетті түрде пікір қалдырыңыздар!