Мейірімді жүрек иесі
блог
Мейірімді жүрек иесі қандай болады?
Ол қомақты қаражатпен садақа беру ме? әлде баспана сыйлау ма?
жүрек иесі ол сөзімен емес,ісімен дәлелдейтін жан.Ол артылған қаржысын садақаға лақтыратын немесе халықтан ақша жинап баспана сыйлайтын емес.Әлемге жылу сыйлайтын адам.Менің университетіме барар жолда бір аялдама бар.Автобуспен әлгі аялдамадан өткенде,тек сол бір аялдаманың бойына көптеген көгершіннің жиналатынын байқаймын. Көгершін – көп халықтарда бейбітшіліктің белгісі.Ол жер бетіне тыныштық пен береке әкелетін құс деп саналады екен.Сол бейбітшілік пен тыныштық елімізде мәңгілік болса деп тілеймін.Өткенде сол бір жерден өтіп бара жатып,кете алмай біраз тұрдым.Көгершіндер мені айналып ұшқанын көрсеңіздер ғой.Сол сәтте бойымды ерекше бір сезім кернеп,бар жаман энергия ұшып кеткендей сезіндім.Сосын бірінен соң бірі қаз-қатар ұшты да кетті.Тамсанып әлгі көгершіндерді түсіріп тұрғаным сол еді.
Қасыма дорбасын арқалаған бір ата келді.Жұпыны киінген бұл ата жаныма жақындап дорбасынан бірдеңені алып бастады.Автобуста отырғанда сыртынан үнемі байқаушы едім.Бұл жолы да ата әдетіне басты.Жоқ,сіз ойлағандай ащы суды ішу немесе қайыр сұрау емес.Әлгі дорбадан көгершіндерге жем алып шықты.Ал сосын әлгі жемді көгершіндерге шаша бастады.Сол кезде әлгінде ғана ұшып кеткен көгершіндер бірінен соң бірі қайта орала бастады.Мен көзім шарасынан шығардай болып,қуанып тұрмын.Атаның да езуіне күлкі жиылды.Өзінің қайырымды ісіне мәз.Көгершіндер де атаның ісіне әбден үйренген-ау.Бірден атаны қоршай жөнелгенін айтсаңыздаршы.Атаның жанына жақындай келіп,әңгімелесе кеттім.
- Ата, қашаннан бері осылай жем шашасыз?
Балам,мен бұл менің әдетіме айналып кеткелі қашан.Оларға шашып,көңілім бөлініп,уақытымның қалай өткенін байқамай қаламын.Өтіп жатқан адамдар үнемі байқап әлгі бірдеңесіне(телефонды айтты) түсіріп кетеді.
Осы жауаптан кейін атаға амандық тілеп,жанында біраз тұрып қимай кетіп қалдым.Артынан осы бір жан туралы жазуды жөн көрдім.Біздің жанымызда осы іспетті қаншама мейірімді жүрек иелері бар.Оларды күнделікті күйбең тіршілікпен байқамай кетіп қаламыз.Өкініштісі,біздің қоғам қомақты қаражат бөліп,баспананы халықтың ақшасына сыйлаған адамды ғана батыр,мейірімді көреді.Жұпыны киінгенді ащы суға ерген деп балайды.Сонда мейірімді жүрек болу үшін бірден тау қопару міндет пе?- деген ой келеді.Неде болса,мен бұл атаны ерекше құрметтеймін.Бұл әлемде мейірімнің бар екенін бір ғана әрекетпен көрсеткен жан.