«Мейірім шуағы» қайырымдылық концерті

 

Ақпан  айының 17-ші жұлдызында механика-математика факультетіндегі «Көмек» еріктілер қозғалысы ұйымының ұйымдастыруымен «Мейірім шуағы» қайырымдылық концерті өтті. Кештің басты қонағы – ертеңі талпыныстарға, болашағы армандарға толы, айналасынан шуақ пен мейірім күтетін Әбдіжаппаров Мұрат болды. Сол кеште шырқалған әндер де, биленген билер де, оқылған жырлар да Мұраттың көңіл күйінің бір сәт болсада көтерілуіне себепші болды.

                                              Өмір деген тәтті екен әрқашан да,
                                              Қуаныш пен мұңменен қарсы алсаң да.
                                              Мен өмірді сүйемін пәк жүрекпен,
                                              Күресуге үйренем шаршасам да.

міне, осындай өлең жолдарымен басталған кешке жиналған көрермендер де көп болды. Кештің басты мақсаты: жоғарыда атап өткендей, қамқорлық пен қолдауға мұқтаж, көңілін шер, қабағын мұң басқан, әр адамнан қайырымдылық, алақандарынан жылулық сезімін күтетін Әбдіжаппаров Мұратқа қолдау көрсету еді. Өз кезегінде факультеттегі іс-шараларда белсенділік танытып, өз дауыстарымен ерекшеленіп жүрген Талғат Оспанов пен Шәмшінұр Мекесов сынды жігіттер әдемі әуенімен халықтың назарын өздеріне аудара білді.Және де, айтпай кеткен болмас, кеште қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары «Қыран» тобы мен Айгерім Қалмұратова ән салды.

         Факультет студенттері өнерден шет емес: би билеп, қазақтың қара домбырасымен күй шертті. Жүректі тебірентерлік жырлардың оқылуы мен көңіл сергіту мақсатында ойнатылған ойындар кешті көркемдегендей.

Ұйымдастырушы топ өздерінің  апта сайын қамқорлыққа зәру жандарға барып, оларға көмек көрсететіндігін тілге тиек етіп, сондай сапарлардың бірінде  Алматы қаласындағы №4 Островский атындағы зағип және көздері нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Тәжібаев Ерхаттың орындауындағы "Қазақ қызы" атты әнін таспаға түсіріп, халыққа ұсынды. Кештің бұл бөлігі жүректегі мейірімді еріксіз қозғар тұсы болды десек артық айтқандық емес.

         Кеш соңында Әбдіжаппаров Мұраттың анасы сөз сөйлеп, ұйымдастырушы топқа өз алғысын білдірді, Және де, Университетіміздегі «Көмек» еріктілер қозғалысы ұйымының төрағасы Бірімжанов Алмас: «...Біздің қоғамымыздың жанашыр адамдары көптеген игілікті істер атқаруда, осы кеш соның бір көрінісі деп білем. Механика-математика факультетіндегі «Көмек» еріктілер қозғалысы ұйымының төрайымы Маметова Назерке мен оның тобына шексіз алғыз білдіремін. Көмекке зәру жандар үшін қамқорлығын аямаған сіздердей азаматтарға Алланың нұры жаусын!»  - деп сөзін аяқтады.

 

Дина Мұратқызы



Бөлісу: