Шиелінің тумасы бүгінде Астананың намысын қорғап ақындар айтысының сахнасында жарқ-жұрқ еткен найзағай жалынды жас ақын Мейірбек туралы естулеріңіз бар ма? Орамды ой, асылмен апталған сөздер, шешен тіркестерді айрықша қолданып суырып салмалығымен айтыс бәйгесінде оза шауып жүрген Мейірбек Сұлтанхан кыркүйектің 20-21 күндері Алматы қаласында Республика сарайында өткен айтыста да қарсыласына дес бермеді. Араға бес жыл салып сарайға оралған айтыста көрерменнің қиқуына ілескен сөз "Мейірбек, 10, 10, 10..." еді. Бірінші күні қарсыласы Марат ақынды шаң қаптырса, ақтық сында азулы Айбек Қалиевтен бірер бал артық алды. Сол бірер сағаттық айтыста Мейірбек Сұлтанхан Мейрамбек Беспаевтің орындауындағы термеге салып кереметтей ойлардың төкпесін ұсынды. Тура сол төкпе жыр залдағы барлық айтыс сүйер қауымды бей-жай қалдырмағантыy. Ендеше, сіздер де оқып, баға беріңіздер:
Мейірбек Сұлтанхан - Айбек Қалиев
(Мейірбектің соңғы қайырымы)
Айтыстан асқан жоқ дауыл,
Ерманов оның елшісі.
Ақындар айтқан ақиқат,
Жаныңның жалғыз емшісі.
Сырт көзге бәрі тәп-тәуір,
Қоғамның толған дерт іші.
Жемқорың да бір, сот та бір,
Пракурор оның көршісі.
Ақиқат айтсаң аямайд,
Заманның сол ғой кем тұсы.
Кеңсайда жатқан көп қабір -
Шындықтың алған еншісі.
Әкімнен әкім несі артық,
Жүгенсіздерді тыйса артық.
Пара алып өтпей өмірі,
Пайдасы жұртқа тисе артық.
Ауызымен емес халықты,
Жүрегіменен сүйсе артық.
Қарғысын емес халықтың,
Алғысын адал жиса артық.
Ақындар айтса өтініш,
Ағалар құлақ түріңдер.
Тарихы терең Алматым,
Танитын соны ілім бер.
Қадіріне жетсең, Жетісу –
Жұмағың болар жұмыр жер.
Жарнамаларды көшеге,
Қазақша қылып іліңдер.
Аралас емес мектепте,
Ана тілінде білім бер.
Қонаев салған қаланы,
Қолжаулық қылмай жүріңдер.
Өткінші мынау айтыста,
Тарам да тарам жол болар.
Шындықты айтқан шумағың,
Эфирге жетпей қор болар.
Жақсылап айтсаң мақтауды,
Алатын бағаң оң болар.
Аңдамай айтқан бір сөзің,
Басыңа ертең сор болар.
Сіздердей елдің алғысын ,
Алып та кеткен жөн болар.
Батасын елдің ап қайтсақ,
Бәйгенің басы сол болар.
Ұзаққа кеттік Айеке,
Шындықтың жөні осы деп.
Айтыстан кейін әйтеуір,
Кетпесек болды насмерт.
Өркендей берші қазағым,
Көрсең де қайғы-қасірет.
Республика сарайын,
Айтыскерлерге ашық ет.
Бірлігі бірдей қазақты,
Дами беруге нәсіп ет.
Осылайша Мейірбек ақын айтысқа тігілген көлікті алмады бірақ халықтың ықыласы деген бас жүлдені иеленді. Яғни, 500 мың теңгелік сыйақысымен 2-орынды місе тұтты. Өркенің өссін, замандас!