"Мен туып өскен жер Павлодар облысы, Баянауыл ауданынан да шалғай жатқан ауыл еді. Орыстардың ортасында өсіп, орыс мектебінде білім алғанмын. Бірақ, баламды қазақ мектебіне бердім. Қазір Жәния Әубәкірованің авторлық мектебінде білім алып жатыр. Баламды қазақ мектебіне беріп, қиындықтарға ұшырасып қалған сәттерім көп. Қазақ мектебіне арналған кітап шығарушыларға айтар өкпем бар. Екінші сыныптың баласына Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін жаттатқызу қалай қиынға соққанын білсеңіз ғой... «Тас жүректі тіліммен тілімдедім» деген бір жолын балама түсіндіру үшін ас үйдегі тақтайды алып, оның үстіне пышақпен сызықтар салып: «Тілін құрметтемейтіндерді осылай өлеңмен тілгісі келеді»,– деп қиналып жеткіздім. Сондай-ақ, екінші сыныптың мектеп бағдарламасында «Қазығұрттың басында кеме қалған» деген әңгіме бар. Нұх Пайғамбардың кім екенін өзім түсіндіре алмағандықтан ұстазына телефон шалдым, сонда ол кісі: «Нұх Пайғамбар бір адам деп түсіндіреміз», – деді. Ойлаңыздаршы, егер сегіз жасар балаға Алланың қаһары, топан судың қаптауы, адамзаттың қырылуы туралы тереңірек тақырыпты ашып түсіндіретін болсақ, балада қорқыныш, үрей пайда болып, психикасына кері әсер етпей ме?! Осындай күрделі тақырыпты 6-7-сыныпта қозғаса да, болмай ма? 70 жыл ішінде кенже қалған ана тіліміздің мәртебесін өсіргіміз келсе, қазақ тілін меңгерудің жолдарын қиындатқанымыз дұрыс емес. Осындай оқулықтардың кесірінен ана тілінде білім алғысы келген қаншама орыс тілді балалар қайтадан орыс мектептеріне кері қайтып жатыр. Осы мәселелер жаныма батады. Жүрген жерімде балаларыңызды қазақша бала бақша мен мектепке беріңіздер деп жүруден шаршамаймын."
Меруерт апайымыздың бұл үлгілі ісіне өте ризамыз. Қазіргі уақытта қазақ тілінде оқулықтардың аз екендігін, қазақша білім алу кейін өмірде өз орныңды табуға қиыншылық әкеледі дегенді естіп жатамыз. Қазақ тілінің мәртебесі жайлы көп айтсақ та, қарапайым білім алу деңгейі ақсаңдап жатыр. Сіз мектепте қай тілде оқыдыңыз? Қазір шынымен қиын болып жатыр ма? Өз пікірлеріңізді білдірсеңіздер.
P.S. Меруерт Түсіпбаевамен толық сұхбатты "Өнеге" журналының №9 санында оқи аласыздар.