МЕНІҢ ТАРҒЫЛЫМ

МЕНІҢ ТАРҒЫЛЫМ
жеке
блог

Оны дүкенге кеткен інім қолтығына қысып әкелгенде қуанып кеткенмін. Сүп-сүйкімді, айналасын жатырқағандықтан ба, жүндері үрпиген, үстінен балықтың иісі шыққан бала мысық. Жолдасыма мысық іздейікші деп қыңқылдап жүр едім. Іздемей-ақ, өзі келді. Қара, сұр жолақты, тарғыл. Бала кезімде үйде үнемі осындай мысықтар болатын. Бірақ, інім алып кеп: «асырайсың ба?» дегенде, бұны қалай бағамын, не жейді екен, үйді бүлдіріп әлек қылмай ма деп біраз абыржыдым. Әділ (қосағым) жұмыстан келді, менің қолымдағы мысықты көрді де: «Өй, мынау қайдан шықты?» деп күліп жіберді. Ұнатып қалғаны байқалды. Қалдырайық па деп едім, өзің біл деді. Сосын, біраз ойландым да, қойшы, бір мысықты «тәрбиелеуге» шамам келетін шығар деп, қалдыруға ұйғардым.

Біздің үйге келгеніне екі-үш күн ғана болған еді. Әділ екеуіміз кешкі салқынмен серуендеп қайтпақ боп тысқа шығып кеттік.  Бір сағат шамасында қайтып келсек, мысық көрінбейді. Шақырдық, бұрыш-бұрыш, қалтарыстың бәрін түгендеп шықтық, таппадық. Балконның терезесі ашық қалған еді, бірақ, одан шығып кететіндей аласа емес болатын. Кішкентай мысық шыға алмайды деп ойладым. Сонда да үйден табылмаған соң, мүмкін, расымен, терезеден құлап кеткен болар деп сыртқа шығып, терезенің тұсынан іздедік. Төртінші қабаттан құласа өлетін шығар деп, өлген мысық іздеп жүрміз. Ондай ештеңе көрінбеді. Алыстан талып мияулаған дыбыс шығатын секілденді. Әділ екеуіміз сол дыбысқа еріп, біраз жерді шарлап келдік. Ақыры ол шегірткенің дауысы болып шықты. Енді табылмас деп үйге келдік. Өзімді кінәлі сезіндім, терезені неге ашып кеттім деп ойладым. Ұйқыға жатпақ болып, шкафтан көрпе алып жатқам. Қалың жамылғы арасынан бір уыс ұйпа-тұйпа боп мысығым құлап түспесі бар ма! Әділ екеуіміз таңырқап, қуанып, мәре-сәре боп қалдық. Көрпелердің ішіне кіріп ұйықтап қалыпты. Оны шақырып азан-қазан болғанымызды елемепті де.

Содан бері ол біздің шағын отбасының бір мүшесі. Жұмыссыз үйде отырған мен үшін бала мысық таптырмас серік болды. Қылықтары соншалық сүйкімді, ойынпаз, ерке. Ақылды да боп шықты. Әжетін өтеу үшін балконға «сұранып» шығады. Ғаламтордан мысықтар туралы мәліметтер іздедім. Адамды стресстен арылтатын қасиеті бар көрінеді.

Біздің тарғылдың аты жай ғана «мысық» боп кетті. «Мысығым?» десем, жалт қарайды. «Мысығым, мә, келе ғой» десем, тамақ бергелі жатқанымды түсінеді, жүгіріп жетеді. Ет болмай қалғанда суға піскен жұмыртқа жеп үйренді. Піскен жұмыртқаны қабығынан ажырату үшін үстелге тық еткізсем, дереу жетіп келеді де, мияулай бастайды. Күлкілі, біртүрлі. Назар аударғанды қалайды. Ноутбукпен әуреленіп, оны ұмытып кетсең, пернетақтаға шығып алады. Монитордағы тінтуірді ұстап алмақ болады. Кітап оқып жатсаң, келіп парақтарын тістелей бастайды, бетіне жатып алады. Пырылдаған дыбысын тыңдап отыра бергің келеді. Қызық... Алланың жаратқан бір тіршілік иесі. Қарап отырып, өзі ойлана ма екен, шаңсорғыш, шаш кептіргіштің дыбысына ешқашан үйренбей ме екен, қашанға дейін өстіп ойнап жүреді екен, өспей-ақ қойса ғой деген секілді ойлар туады. Үйге келген таныс-туыстардың көбісі мысықты ұнатпайтындарын айтып жатқанда, өкпелеп қаламын іштей. Бірақ біздің мысықтың олардың ұнатқан-ұнатпағандарында шаруасы жоқ, қастарына барып, сүйкеніп, ойнап, «мәз боп» қалады.

Көп адамдардың мысыққа деген теріс көзқарасының сыры неде екен деп ойлаймын. «Мысықтың пиғылы жаман, мысық баланы жек көреді, бала болмаса екен деп тілейді» деген секілді сөздердің төркіні қайда жатыр? Дәлел қайда? Егер мысық жаман болса, мен естіген уағыздағы сахаба шапанының етегінде ұйықтап қалған мысықты тұрғызып жібергісі келмей, етегін кесіп қалдырып кетпес еді ғой?  Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қасында жүрген Әбу Хурайраның «мысықтың әкесі» атануы неліктен?

Қыс түскелі далада қаңғырып жүрген мысықтарды көремін. Көрген сайын жүрегім ауырады. Өткенде аязды күні аялдамадан кездестірдім біреуін. Ересектеу, сұр мысық. Ашығып, тоңғандығы білінеді. Менің қасыма кеп, аяғыма сүйкенді. Жұрт құсап мән бермей-ақ қояйын десем де, дәтім шыдамады. Көтеріп үйге әкеліп жерге түсіргенім сол еді, өз мысығым жетіп келді. Менікі дала көрмеген, бөтен мысықты да бала күнінен көріп тұрғаны осы, арқа жүні үрпиіп, жатырқай барлады. «Мысығым, тиіспе» деп қоямын. «Қонақ» мысық берген сүтті ашқарақтана тауысып қойды. Болған соң, өзіммен алып шығып подъездегі жылу батареясына отырғызып кеттім. Бәрібір оны үйде қалдыра алмайтын едім, мүмкін, көршілер өздеріне алар деп үміттендім. Әйтеуір асқазанына бірдеңе барғанын көңіліме медеу тұтып, жөніме кеттім. Қайтып келгенде көрмей-ақ қойсам екен деп ойладым... Бар көрсеткен «қамқорлығым» осы болды.

Көбіне орыстардың тарапынан байқаймын мысыққа деген мейірімді. Олар екеу, үшеу болса да қамқорлықтарына алып жатады. Мертіксе, емдеп, мал дәрігеріне де апарып жүретіндер солар. Жақында Астанада иесіз мысықтарға арналған орталық ашылды. Бұл бір жақсы хабар болды. Оны ұйымдастырып жүрген де Анна Гараева, Сюзанна Чуланова деген өзге ұлттың қыздары. Байқайтыным, біз, қазақтар, көбінесе панасыз хайуан көрсек кірпиязданып, тыжырынып қалуды ғана білеміз ғой.

Өз мысығым туралы ғана жазғым келген, аяғы осылай боп кетті, тым қатты сөкпегейсіздерEmbarassed.