Ғасырға жуық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – сан қилы кезеңдердің куәгері. Шынында да, оның өз ісін бес саусақтай меңгерген оқытушылары мен бит қабығын биялай тоқыған түлектері мекеменің жылдан жылға артып келе жатқан білім беру тәжірибесінің мол екендігіне нұсқайды.
Қазіргі таңда білім ордамызға айналған Қазақ Ұлттық университетінде 16 факультет, 32 ғылыми-зерттеу орталықтары, технопарк және әскери кафедра жұмыс жасайды. Мамандарды даярлау 180-нен астам мамандық бойынша жүзеге асырылады.
Маған келсек, өмірлік кәсіп таңдау мәселесіне қатысты аздап қиналғаныммен, шынайы білім көзін Қазақ ұлттық университетінен аша алатындығыма сенімді болдым. Ақырында бала кезден шет тілдерге қызығушылығым жоғары болғандықтан, шығыстану факультетінің қытай тілі мамандығына көңілім бұрды. Себебі басқа елдің тілін меңгеру – адам мен бейтаныс қоғам арасындағы ықылым замандардан келе жатқан “алтын көпір” деп білемін.
Қазіргі таңда қытай тілін үйреніп жатқаныма үш жылдай уақыт болды. Жетекшіміз Шарыпқазы Нүртәліп пен басқа да педагогикалық тәжірибесі мол мұғалімдердің арқасында бұл жұмыс үдерісі қызық, әрі оңай өтуде. Жиі-жиі өтіп тұратын іс-шаралар мен сайыстар арқылы басқа елдердің мәдениеті мен әдебиетіне терең үңіле аламыз.
Болашақта таңдауым ғұмырымның мазмұнына айналып, санасында сәулесі бар жандардың жаңа тыныспен ой еңбегіне талмай, құлшына кірісуіне, елімнің өркендеп өсуініе теңізге тамған тамшыдай болса да үлесімді қоса алатыныма кәміл сенемін!
Жетекші : Шарыпқазы Н.
Қытайтану кафедрасы, шетел филология мамандығының 3-курс студенті - Әбдікапарова Г.