Менің "сынақтарым". 1-курс

1-курс. Көктем. Соңғы сынақтар. Тіпті мектеп кезінен "дене шынықтыруға" бармайтынмын. Дұрысы қашып кететінмін. Бірінші курста да мектеп кездегі апайлардың "Ертең университетке түскенде мектептегідей мұғалім сендердің емес, сендер мұғалімнің артынан жүгіресіңдер" деген, мамамның "Оқысаңшы, қаңғи бермей" деген сөздері де бұл әдетімді қойғыза алмады. Спорт - менікі емес-тін. Шын ұнатпайтынмын...

Сонымен, ДШ-дан беретін, тек сыртынан ғана көрген ағайыммен танысып тұрмын. "Неге келмедің?",-деді. Көзінде, сөзінде "қатал жазалайтын" адамның әрекеті байқалмайды :). Бірден түсіндім. Бір сылтауды айтқан сымақ болдым да бірден "іске" көштім. Әдеттегі: "Ағай, енді қалай қыламыз, былай, келісуге болмай ма?",-деген сөздер кетті. Қателеспеппін. "Жүзі игіден түңілме" дегенді атам қазақ бекер айтпаған ғой :). "Үш мың ғой, бауырым..",-деді. Осылай "ағайыма" бірден "бауыр" болып кеттім :). Алайда үшмыңдық сома ол кездегі есеп бойынша студенттің қалтасына біршама ауырлық түсіретін.. Оның үстіне үш мыңымды беріп қойсам, аузын арандай ашып отырған "түрік тілі" пәнінің мұғаліміне, "информатика" пәнінің апайына, онан да бөлек толып жатқан ағайлар мен апайларға, онан бөлек сессияның біткенін "жууға", онан бөлек жатақхананың түбіне барып үш рет ысқырсаң 7 минутта атып шығатын Айгүл, Әсия, Бағилалар бар толып жатқан.. Бұлардың бәріне теңгемді қалай жеткізем?!.. Ақыры не керек, жартысағаттық саудаласудан соң "әке-шешесі ауылда, оқуының ақшасын теміржол вокзалында жүкші болып өзі табатын, артынан ерген 12 аға-қарындастары бар (негізі інім ғана ;)), жағдайы төмен" студентке 500 теңгеге "жауып" беретін болды :).

Бұл менің берген алғашқы парам еді. Ия, бұдан соң да көптеген параалушылық пен параберушіліктер болды. Бірақ, мынау пара беру алғашқы сүйіс секілді есімде мықтап сақталып қалды..
(жалғасы бар)..

 



Бөлісу: