Бәріміз фильм көргенді ұнатамыз. Бір фильмдер жылатады, біреулері күлдіреді. Біреулері терең ойға салдырса, енді біреулері ақылға қонбас қиял-ғажайып болып келеді. Адамды баулап алып жатқан сол сезімдерді жеткізетін себепкерлер – актерлер. Екінің бірі жақсы актер бола бермейді. Ол үшін адам өзі сомдайтын рөлдің мақсатын көрерменге толыққанды жеткізе білу қажет. Мысалғы алатын болсақ, атақты режиссер Кристофер Ноланның 2008 жылы шыққан “Темный рыцарь” атты туындысында Джокер рөлін сомдаған Хит Леджер (1979-2008) атты актер, осы рөлге 43 күн бойы қонақүйде ешқайда шықпай, жалғыздықта дайындалған болатын. Сол себепті, актер болу талай еңбекті қажет етеді.
Осындай актерлердің ішінде мені өзінің ерекше еңбекқорлығымен таң қалдырған - Джеки Чан (Чан Коң-саң). Джеки Чан тек актер емес, сонымен қатар режиссер, продюсер, әрі каскадер. Бұл актердің әрбір фильмі төбелес өнерінің түрлі стильдеріне толы болып келеді. Сонымен қатар, туындылардың басым бөлігі комедия жанрында түсірілген. Осыдан біраз жылдар бұрын теледидарға берген сұхбатында, Джеки мырза, фильмдегі әрбір көріністі төбелес емес, би ретінде қарастырған дұрысырақ екенін айтқан болатын. Фильм түсірілу барысында ол, әрбір жасаған іс-қимылын жоғары деңгейде шықпайынша қайталай беруді қағида тұтқан. Бұл, оның тек өзіне емес, сонымен қатар көрермендерге деген құрметін білдіреді. Мысалы, 1998 жылы шыққан “Мен кіммін?” (Кто я?) атты фильмінде, Джеки Чанның 3 секундтық төбелесін түсіру үшін оннан көп дубль жасап, ақырында қарсылас рөлді сомдап жатқан актерді ауыстыруға тура келген болатын. Осындай оқиғалардың біреуі Гиннесс рекордтар кітабына кіреді. Актер допты 6 метр жерден 5 см-лік қақпаға салу керек болады. Бұл көрініс 1600 дубльге немесе екі күнге созылады. Джеки Чан әрбір көріністегі қиын іс-қимылдардың бәрін өзі ойлап тауып, ештеңенің көмегін қажет етпей толық өзі орындап шыққан. Соның кесірінен ауруханаға жиі түсетін. 2000 жылдары берген бір сұхбатында: “менің сынбаған жерім қалмаған шығар”, -деген болатын. Шынымен де, “Мотор!” сөзін естіген актер, айналасындағы барлық нарсені ұмытып, бірден өзінің қиын іс әрекеттеріне көшеді. Сәтті шыққан әрбір қимыл Джекидің жүзіне күлкі ұялатады екен. Фильм түсіру барысында актердің денесіне қандай да бір зақым тигендіктен, оны ешқандай сақтандыру компаниясы өзіне қабылдамайды екен. 1985 жылы, фильм түсіру барысында Джеки өміріндегі ең ауыр жарақат алады. 80 жастағы анасы ол жайлы біліп баласынан сұрағанда, актер анасына мүлдем басқа тыртықты көрсетіп құтылады екен.
Джеки Чан мадам Тюссо атындағы балауыздан жасалған фигуралар үйіндегі жалғыз Азия тумасы екен. Джеки тек актер емес, сонымен қатар әнші. Оның еншісінде онға жуық альбом бар.
Актер адами тұрғыдан өте жомарт кісі. Ол рак ауруына шалдыққан бірнеше баланың емделуіне қол ұшын созған. Бұған қоса, оның атында “Джеки Чан Қоры” атты қайырымдылық қоры бар.
62 жастағы бұл актер 2016 жылдың 12 Қарашасында “Ерекше Жетістіктері” үшін Оскар сыйлығына ие болады.
Джеки Чан мен үшін үлкен құрметке лайық адам. Бала кезімде оның фильмдерін көріп, жасаған іс-әрекеттерін қайталауға тырысатынмын (бәріміз сөйткен шығырмыз). Оның фильмдерінің соңында, сәтсіз шыққан дубльдерді көргенде, жүзімізге күлкі келетін. Оның фильмдерін мен әлі күнге дейін тамашалап келемін, өйткені ол жерде менің балалық шағымның естен кетпес бөлігі жатыр.