Менің сұхбатым

   СОНЫМЕН ХОШ, МАЛ СОЮ  БІЛМЕЙТІНДЕР ЖӘНЕ  МАЛ СОЙҒЫСЫ КЕЛЕТІН, БІРАҚ  ӘДІС-ТӘСІЛІН  ТОЛЫҚ  МЕҢГЕРМЕГЕН  АҒА-БАУЫРЛАРЫМЫЗҒА  КЕҢЕС  РЕТІНДЕ ,  ЕСТІГЕНІМІЗДІ  ОҚЫРМАН  НАЗАРЫНА ҰСЫНУ  МАҚСАТЫНДА  БІР  ДОСЫМНЫҢ  КЕҢЕС БЕРУІМЕН ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, БҰРЫН  МАЛ  ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН  АЙНАЛЫСҚАН  МҰРАТ ЖҰМАТҰЛЫ АҒАМЫЗДАН ТЕЛЕФОН АРҚЫЛЫ  СҰХБАТ АЛҒАН БОЛАТЫНБЫЗ.  ТЕЛЕФОН ТҰТҚАСЫН АЛЫСЫМЕН АМАНДЫҚ-САУЛЫҚ СҰРАСЫП, ТАНЫСЫП БОЛҒАН СОҢ  БІРДЕН ОЙҒА  АЛҒАН ІСІМІЗДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА КІРІСТІК. ӘРИНЕ ЕҢ АЛҒАШҚЫ САУАЛЫМЫЗ  МАЛ СОЯ БІЛЕСІЗБЕДЕН БАСТАЛДЫ.

    «Мал сою» деген сөздің өзі сол жұмысты қиын етіп көрсетуі әбден мүмкін. Әйтсе де, үйреніп, түсініп істей білген адамға ешқандай қиындық туғызбайды. Әрине мал сою білемін, бала кезімізден әке-ағаларымыздың  мал сойғанда жандарында жүріп, үйрендік. Қазір өз балаларымызға үйрететіндей жағдайдамыз.

Соғымға не болмаса кунделікті ауқатымыздың арқауы болау үшін қандай мал сойған дұрыс?

   Қазақ халқы  ет қажет болғанда, қонақасы берерде, ас, той өткізерде кез-келген малды соя салмайды. Мұндай жағдайда сойылатын малды таңдап, іріктейді. Өсімтал, сүтті, жүнді, жорға, жүйрік, асыл тұқымды малдар сойылмайды. Көбінесе ет үшін сойылатын малдар: қысыр қалған, қартайған, кінәраты білінген, өнімі кем, қыстан шыға алмайтын төрт түлік болып есептеледі. Егер де асыл тұқымды малдарды союға тура келсе, үй иесі оны туған – туыстарының малдарына айырбастап алып, сол малды ғана сойған.

Мал сойғанда қандай  дәстүрлерді  орындап, қандай тәртіпке бағынған дұрыс.

     Әуелде,  сойылатын мал таңдап алынып, үй иесі қонағына көрсетіп, бата сұраған жөн. Қонақ батасын берген соң қасапшы пышағын, үй иесі мал соятын орнын  дайындап, құманға жылы су құяды. Малды үйдің жанынан алысырақ жерге апарып (шыбын-шіркей үйдің жанында үймелемесін деген ниетпен)сойған дұрыс. Малдың  төрт аяғын мықтап байлаған соң басын құбылаға қаратып, «бісміллә» айтылып  барып бауыздалады. Әкемізден естіп, қазірде біздің «Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ», - деп айтуымыздың да жөні бар шығар.  Бауыздалған малдың жаны әбден шыққан соң оның аяғын байлаған жіп шешіп алынады да, мал соятын адам құмандағы жылы сумен малдың алқымын, қолын, пышағын жуып, тазартады. Қойды сою үшін алдымен терісі алынады. Бөлектеніп алынған бас пен төрт сирақ үйітілуге жіберіледі. Күздік соғым сойғанда да осы рәсім сақталады.

   Бауыздалған қой немесе ешкіні екі тәсілмен сою дегенді естуіміз бар, сол жайында айта кетсеңіз.

Оның бірінші тәсілі: Қойды төселген  үстелдің үстіне жатқызып қойып сою. Ал, екінші тәсілі: Қойдың артқы екі тілерсегінен ағаш өткізіп, іліп қойып сою. Мұны кей жерде асып қойып сою деп атайды.

  Малды союдағы  тәртіп-әдістеріне, оны қалай  мүшелеп, ажырата білуге толық тоқтала кетсеңіз.

    Бауыздалған қойдың терісі сыпырылып, бас, сирағы кесіп алынғаннан кейін, төс етін бөлек сылып алады. Төстік еттен соң сүбеден бастап, қойдың төсі сөгіп алынады да, іші жарылған қойдан өңеші суырылып, өкпе-бауыр бір бөлек, ішек-қарны бір бөлек шығарылады, бауырдан өті кесіп алынып, итке тасталады. Сосын малдың ішек – қарны тазаланады. Ол жұмысты сол үйдің келіншектері атқарады.

Малдың ішек-қарны алынғаннан кейін, кеңірдегі суырылады да, өкпе-бауыры, жүрегі тұтас шығарылып, жүрек тілімделіп, қара қаны ағызылып, екі құлағы кесіп алынып тасталады, қан-сөлі жуылады. Сонан соң малдың екі бүйрегі алынады. екі жамбастың түйіскен жері – шаты ажыратылып, тік ішек пен қуық алынады. Егерде сойылған еркек мал болса, қуық қамшысымен бірге тік ішектен ажыратылып, алынып тасталады.

Сойылған малдың іші тазартылған соң, артқы аяғы бір кісіге ұстатылып, сүбеден бастап бұғанаға дейінгі қабырғалары пышақпен сөгіп алынады. Малдың екінші жағы да осы тәртіппен бұзылып, мойыннан бастап омыртқалары мүшеленіп, қойдың құйрығы бөлек кесіп алынып, екі жамбасқа белгілі бір көлемде құйрық қалдырылады. Қой, ешкінің басы жағымен бірге тұтас күйінде үйітіліп, ыстық сумен жуылып, тазартылады. Үйітілген қой, ешкінің басынан жағы ажыратылып, бастың тістері бір, екі жерден балға, балтамен қағылады.

Ірі қара малды сойып, ара жігін ажырату бұдан күрделірек болар, сірә?!

Сиыр да қой сияқты сойылғанымен, әуелі екі қолы бөлек кесіп алынады да сүбелер, қара қабырғалар мен бұғаналар бөлек-бөлек сөгіледі, үйітілген бастың кеңсірігін бір бөлек, екі шекесін екі бөлек шауып алады да, тілі жақтан бөліп алынып, тұтас күйінде пісіріледі.

Жылқының терісін де қойша сыпырып алады, сирақтарын жалаңаштап, тарамыс алып, екі қолы, төсін алған соң қара қабырғасын сөгеді. Малдың етін бұзғанда балта, шот пайдаланбаған жөн. Сүйектерді өз жүйесінен пышақ арқылы ғана ажыратып, мүшелесе, етте ұсақ сүйектер болмайды. Қандай малда да «арам бездер» болады. Мал союшылар оны, төстің қалақ шеміршегін, еркек малдың қамшысын, қуық пен жатырды, өтті, жүрек құлақтарын, ішек-қарын аршушылар онда кездесетін ұйқы, жылауық, жыныс бездерін, кейбір малдардың өкпе-бауырында, қолқасында болатын берімшек, өлі қан түйірлерін міндетті түрде алып тастауға, етті қыл-қыбырдан мұқият тазартуға тиісті.

Ал, түйені қалай соятындығы бізге таңсық. Оны бірі білсе, бірі білмей жатады. Сіз барлық мал атаулының сойылу жолдарын мықты білесіз десек артық айтқандығымыз емес. Ал, түйені қалай соятындығынан хабарыңыз бар ма?

Өз басым түйе сойып та, біреуге сойғызыпта көрмеппін. Естуімше түйені де жығып бауыздайды екен. Терісін аларда шөгеріп қойып, арқасынан бастап сыпырып сояды. Мойны ұзын болғандықтан, екі жерден – сағақ пен өндіршектен бауыздап, мойын терісін бітеу алып алады. Бітеу теріден  кейде торсық жасайды, қамыт тігеді, кереге көктейтін таспаға пайдаланады-мыс. Түйенің алдымен өркеші, қомы, екі қолы алынады да, қалған жері сиырша сойылады деседі. Түйенің жілігі майға толы. Кейде ірі түйенің бір жілігінен орта шелек май шығады екен. Сол себепті, қазақтар «Ақ шелек болғыр», - деп түйеге ашуланғанында айтса керек.

 Ағай, осылай  алтын уақытыңызды бөліп ой бөліскеніңізге рахмет. Еңбегіңіздің жемісін көріңіз.  Сау болыңыз.

    Алынған сұхбаттарды, сауалнамаларды сараласақ мал сою дәстүріне көбінесе ауыл тұрғындары көп көңіл бөледі екен және жетік меңгерген де солар. Мал сою білмейтіндердің құлағына алтын сырға, дайын асқа тік қасық болмай шайнап берген асты бойға сіңетіндей жұтады деген үміттеміз. Ұрпағымызға ақыл кеңес айтардан бұрын ұлт тағылымынан біліміміз жоғары болуы керек. Болашағымызға айтар өсиеттің ішінде мал союдың әдіс-тәсілдері, қыр-сырларының да болғаны дұрыс шығар.



Бөлісу: