Менің "шимайларым"

Менің ерекше деп санайтын 3 жазбам бар. Олардың ерекше болуының себебі жариялануында. Нақтырақ айтсам ғайыптан тайып "өздігінен" жарияланып кетуінде.

Жазбалар туралы айтпас бұрын менің жазбалардың қалай жарияланатыны туралы айтқаным жөн болар. Кез-келген жазба не менің мұңды болуыма, не аяқ астынан шабыттың келіп қалуынан, әлде тіпті бөлек бір идеяның ұшқынынан басталады. Мұңлы болуымның мысалы - "Қош (келдің, Дәке)", шабытымның мысалы - "Мен ауру", идеядан шыққаны - "Бәрі қиын" (әрине бұның идеясын өзім ойлап тапқан жоқпын, ол кезде О Генриді оқып жүрген кезім болатын, "шешімі адам күтпейтіндей болу, адам санасымен ойнау" идеясы болатын). Қалғандары осы мені жазба жазуға итермелейтін осы 3 қозғалтқыш күштің екеуінің, не үшеуінің симбиозынан туған жазбалар. Жазба жазылды, енді не істеу керек? Енді тақырып керек. Ол да көп созылмай, қалауыма қарай тартымды, тартымды емес, болмаса эксперименталды болып қойылады. Сосын жазбаның мазмұнына сәйкес келетіндей етіп әдемі сурет қою. Жазба ұзақтау болса ортасына тағы 1-2 сурет керек болады, өйткені көп сөз адамды жалықтырады, ал сурет болса оқудан демалдырып, жазбаның ұзақ екендігін байқатпайды. Жарықтық Гугл мыңдаған суретті алдыңа жая салады. Ішінен керегін тапсаң, қуанасың (суреті сәтті қойылғандары - "Жалғыз жүре алмайтын жан", "Әкеме айтам"). Жақсы жазылған жазу, мазмұнға сай тақырып және әдемі сурет - осылар сәтті шығатын блогтың алғышарттары ("Кэп очивидность" болып отырсам, кешірім сұраймын). Осы үшеуі болғанда ғана менің жазбам жарияланады. Ал егер тек жақсы жазу ғана болып, тақырып пен сурет болмаса, ол бірден шимайға кетеді. Тек сурет болмаса да солай болады. Ертесігүні реттеліп шығады деген сөз. Менің ішкі перформансым сол. Бәрі дайын болуы керек, және жақсы болуы керек. Ішімдегі перфекционист бұндай жағдайға өте көп мән береді.

 

Бәрі дайын болып тұрып шимайға кететін кездер болады. Ол "эмоцияға өте қатты беріліп кеттім-ау" деген күдік болғанда. Себебі жазбамның көбі түнде жазылатын болғандықтан: таңертең тұрғанда адам рационал, ал түнде эмоцияшыл келеді. Сол себепті таңертең тыныш оймен, таза баспен келіп түнде жазылғанды қайта тексеріп, кішкене өзгерістер енгізуім мүмкін. 

 

Сонымен ерекше деп санайтын үш жазбаға тоқталайық.

Оның алғашқысы "Сізге бір үзік сыр" деп аталатын жазбам. Нақты кімнің жариялағынын сеніммен айта алмаймын, абайламай өзім жариялап жібердім-ау деген күдік басымырақ. "Қош, уақыт біраз болып қалды. Тәк, жазба толық бар, тақырыбы бар. Суретін ертең бір жақсы сурет іздеп тауып, сол кезде жариялармын" деп шығым кеткем. Суретсіз "жетім жазбам" жарияланып кетіпті, және біраз пікірлер де жазылып қалыпты. 

Екіншісі "Тоқта демедің" (тақырыбы да, суреті де менікі емес))). Бұны бір толғатып 30-40 пайызға ғана аяқтап, шимайға салып кетіп едім. Бір сәтті жазба шыққалы жатыр еді. Редактор(лар)дың арқасында құрбанға шалынып кетті. Піспеген көк алманы жемей ащы деуіңіз мүмкін, бұл да сол сияқты әлі пісуі тиіс, қызарып өсіп, көлемі ұлғаятын жазбам еді. Көк алманы тістеді де, "ащы" деп лақтырып кетіп қалды оқырмандар... 

Үшіншісі "Махаббат - мұң дейсің" (дедің-демедіңнен аса алмай қалғанымыз қиындау енді))). Уот, дәл көзбен көріп отырып "шимайға" салдым, кем-кетігін ертең түзермін деген оймен. Ертесіне қарасам жарияланып кеткен. Қойылған суретті көріп шошыдым. Тез-тез тақырыбы мен суретін өзгертіп жібердім. Осы жазбам шыққанда ғана біреу менің жазбаларымды менің келісімімсіз жариялап жүргенін түсіндім. Екіншісінде көпке дейін екі ойлы болып жүрдім: "өзімнің қатем шығар, бірақ шимайға салып едім ғо, қалай жарияланып кетті?". 

Редакторларда "қолданушыға не жақсы екенін біздер ғана білеміз" деген саясаттың қашан туғанын білмедім. Мен сияқты "ішкі перфекционісті" қатал адамдарға бұ саясаттарың расымен жақпайды, өйткені ол басқалар қол сұғып, жарияланған, басқа қолданушылар оқып қойған жазбаны қайта шұқып, өзгерткенді тіпті ұнатпайды. Оған жазба дап-дайын идеал күйінде жарияланып, одан кейін өзгертілмеуі керек. Сол себепті де бұл үш жазба әлі шимайда жатыр... 

P.S.: Құрметлі, Еditor, менің шимайларым (және басқа да жазбаларым) менің жеке интеллектуалдық меншігім саналатындықтан "жариялау-жарияламау" құқығын өзіме қалдыруыңызды сұраймын. Сөздің шынын айтсам қайбір "массагетті" контентке байыту үшін жазады дейсің мені, өйткені менің жылына жазатын 3-4 жазбама бола ештеңе өзгермейді. Барлығы өзім үшін ғана былайша айтқанда "өз кайфым үшін", шеберлігімді тексеру үшін, кейде шыңдау үшін, адамдардың, кейде өзімнің реакциямды байқау үшін жазылады.

P.P.S.: "Перфекционисті қанағаттандырып, перформансқа бату үшін" деп бөсіп отырсам, сенбегейсің, Құрметлі, Эдитор) "Өз кайфың болса, не үшін жариялайсың?" деуің мүмкін. Өзгелер де көрсін деймін қалай жазу керектігін, менің жазбамнан да әдімірегін жазсын деймін (бұл да өтірік шығар, әлде шын..))) Кім біліпті?!

Аса құрметпен, "массагеттің айда жылда бір кіретін юзері", Артолды Халықбай!)



Бөлісу: