Менің өмірлік ұстанымым
блог
Менің өмірлік ұстанымым – шындық. Шындық тілі әрдайым қарапайым. Ақиқаттың кемесі сынбас дегендей, шындық ащы болса да, адалдыққа бастайды. Шындық – кейде жақсы, кейде жаман…
Балалық шағымнан-ақ нағашы әжемнің аңыз-әңгімелерін, ақыл-кеңестерін, ертегілерін сүйсініп тыңдайтынмын. Есімде жақсы қалған бір әңгімесі бар еді. Ертеде бір шаһарға піл әкеліпті. Халықтың бәрі соны көруге ынтазар болып, қаптап алаңға жиналады. Сөйтсе, пілді көрем деушілерден ақы талап етіп, пілді қап-қараңғы қораға жасырып қойса керек. Бірен-саранында болмаса, көпшілігінде қаражат жоқ. Тым болмаса қораға кіріп, пілді өз көзімен көріп шыққандардан сұрап білмекші болады. Ең бірінші кіріп шыққан адам жан-жағына қоқилана қарап, пілдің дәл қасына барып, қолыммен ұстап көрдім, құдды бөренеден аумайды дейді. Екінші шыққан адам, пілді жалпақ тақтаға теңеп жібереді. Үшіншісі, алғашқы екеудікі де жалған, аумаған құбыр сияқты екен дейді. Қызығы, үшеуі де қараңғыда түртінектеп, қолдарымен бірі аяғын, бірі жотасын, ал үшіншісі тұмсығын сипалап көрген ғой. Мен мұнымен не айтқым келеді, әр адамның шындық туралы түсінігі әр түрлі болуы мүмкін. Алайда, ақиқат біреу.
Сіздерге өтірік, маған шын, кеше ғана, өліп кетсең де, шындықты айт деген оймен жүріп-тұратынмын. Ешқашан, ешбір жағдайда өзімнің өмірлік ұстанымымды алыстатқан емеспін. Ал бүгін ше?! Бүгін, көп нәрсені ұққандай болдым. Шындық – кейде адамдарды жақындатады, кейде адамдарды алыстатады. Кеше ғана, досым, жақыным, құрбым деп отқан адамдарды, таныс емес адамдарға айналдырады. Жасым бар-жоғы он алтыда болса да, ондайдың талайын көріп те, естіп те көргенім бар. Менің ұстанымымның жүгі ауыр. Дегенмен, жүгі ауыр екен деп, лақтырып кететін адамдардың қатарынан емеспін!
Айтып-айтпай немене, жақсы қарым-қатынасты сақтап қалу үшін кейде шындықты жасырып қалатын кездерім жетерлік. Жора-жолдастарыммен, құрбыларыммен осы үшін керісіп қалатын сәттерімде аз емес. Не болса да, соңында әділдікпен қоса татулық жеңетін. Шынына келгенде, соңғы уақытта өз өзімшілдігімді жиі байқайтын болдым. Жоқ, басқаша түсініп қалмаңыз, мен тек қара басын ойлайтын адамды меңзеп тұрғаным жоқ. Қалай айтсам екен, өз шындығымның шындық емес екендігіне көзім жетіп тұрса да, сенгім келмейді. Мұны түсіндіріп отырудың қажеті шамалы, бұл өмірдегі ең үлкен ақымақтық. Сірә, сенім артқан дүниемнің күлге ұшуы, үмітімнің ақталмауы, мен үшін үлкен күйзеліс болар. Сол себепті, еш негізсіз күйіп-пісем. Әрине, ойлана келе, ақиқатты айтқан адамға барып, жымип күлемін. Ондай кезде, менен жақсы адам табылмас. Айта кететін бір жәйт, менің жымиып күлуім – кешірім сұрауым. Мүлдем кешірім сұрамаймын дегенім емес, өз ортамдағы “әдетім” дегенім дұрысырақ болар. Әйтпесе, кім көрінгенге кешірім сұрағандай жымиғаным біртүрлі болады емес па?!
Жақсымен жолдас болсаң – жетерсің мұратқа,
Жаманмен жолдас болсаң - қаларсың ұятқа,-
деп, атам қазақ айтып еді. Рас, жақсы достан айналып кетерсің. Дос табу оңай, ал оны сақтау одан да қиын. Менің Аида деген жақын құрбым бар, екеуіміз екі жыл бойы бір партада отырып келе жатырмыз. Мен оған, ол маған көмек. Бірақ, оның маған үйреткен қасиеттері, әлемдегі барлық қазынадан қымбат. Нағыз асыл қазына дерсің. Ол маған шындықтың үнемі жаксы бола бермейтінін үйретті. Мінсіздіктің кемшіліктерден тұратынын түсіндірді. Кейде, мың сөз айтқанша, бір сөз айтқанның өзі жақұт екендігін көрсетті. Мен әлемдегі ең бақытты жанмын. Себебі, өмірлік ұстанымымды мәңгі бақи өзіммен бірге алып жүрмеймін, ол керек кезде мені өзі тауып алады…
Соңғы сөзімді мына бір керемет сөздермен аяқтағым келеді: жаңбырдан кейін кемпірқосақ келеді, ал көз жасынан кейін – бақыт.