Алатаудың баурайындағы ару Алматының орталығында орын тепкен Қазақ Ұлттық Университетінде 14 факультет бар. Атап айтар болсақ: механика математика, физика, биология, химия, филология, журналистика, тарих, география, философия және саясаттану, экономика және бизнес, заң, шығыстану, халықаралық қатынастар, шетелдік азаматтарға арналған дайындық факультеті. Өзім осында журналистика факультетінде оқимын. Осы мамандықтың иесі атануға бала күнімнен бекінген едім. Атам мен әжем де менің журналист болғанымды қалап, қаршадайымнан құлағыма құйып өсірген. Кішкене кезімнен арманым тек диктор болу ғана. Қасиетті қара шаңыраққа келгеніме тұп-тура 3 ай болды. Бірақ осы уақыт ішінде журналистика тек диктор болумен ғана шектелмейтінін және ол мен ойлағаннан да ауқымды сала екендігін түсініп келемін. Камера, микрофон, эфир... Білімнің ордасына келгелі біршама дүниелерді меңгеріп қалғандаймын. Қыры мен сыры мол шығармашылық мамандық білімділікті талап етеді. Сондықтан жас дос қазірден бастап кітап оқуға уақытыңды көптеп бөлгенің дұрыс. Және жай ғана оқып қоймай кітаптың жан сырын ұғынуға тырыс. Белгілі аксиомада айтылғандай бір пайыз талант болса тоқсан тоғыз пайыз-еңбек болу керек. Ең бастысы кез-келген журналист кез-келген ақпаратты көреременге қызықты, шынайы әрі жылдам жеткізу керек. Екіншіден әрбір журналист өзінің жұмысына шынайы кірісуі тиіс. Жалпы кез келген жұмыста өзінің қызметіне барлығын ысырып қойып, білек сыбана кірісетін болса, онда сапалы дүние шығады.
Айтпақшы биыл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемнің үздік 250 университетінің құрамына еніп 236-орынға табан тіреді. Сонымен қатар мұндағы білім беруші ұстаздар білім тұңғиығынан нәр алуға жетелейді. Тіпті бүгінгі күні олар оқытушы емес тап бір жақыныңдай болып кеткенін аңғармай қалады екенсіз.